Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  339


Автор: Фариза Оңғарсынова

Күй (Дина туралы диптих)

Ақ шағылдар
шуда жал айдындардай,
келбетінде бір ерек айбын бардай...
Құм болғаны, тау емес, бағын байлап,
ажарын əжім жайлап,
жатады
іштей сол үшін қайғырғандай.
Ақ сағымдар
еркелеп ақ шағылға,
жүгіреді ойнақтап таста, құмда,
бұлаңдайды сұлудай нұрлы іреңі,
сəби боп күлдіреді,
бұйра құмдар бұйығып батса мұңға.
Нəзіктігін
ақ шағыл жасырады,
аяқталмай біткендей асыл əні,
кешпегендей гүл дəурен шығады алдан,
сезіледі
сонда да
мұңға оранған
жанында жасы бары.
Құйын жүрсе,
көрсетіп тосын қылық,
жер-көкті жосып жүріп,
алатындай аспанның төсін жұлып,
Құдайды да көзіне көрсеткендей,
оны да бөлшектердей,
тəубаға келтіреді
жаныңды шошындырып.
Туған жердің
жаны пəк, арнасы құт,
мінезі қанға сіңіп,
дарынымен жас Дина
дараланған,
ескендей самал-арман,
сиқыр саз боп шақырған
алғаш үміт.
Кейде нəзік,
кейде асау –
шағыл-қылық
жан-күйіңді еріксіз бағындырып,
ғашық қылып,
жасартып,
сағындырып,
дүниені бір əсем күй басады,
төгілгенде теңіздей Дина сазы,
жайлайды жаныңды үміт.
2. Болашақ ескерткіш басында
Жазылмай жүрген жыр ма едің,
айтылмай кеткен сыр ма едің,
еске алып ерен күндерін,
күмбір күй кеуде жоқтай ма
сайрандап соғар қыр желін?
Табындырардай Күн демін,
тағдыры дара тұлға едің,
азаматындай ардақтап,
аялаушы еді-ау құмда елің!
Естігенде елтіп күнбе-күн,
жанымда толқыр жыр менің
табына бермес жүректің
табындыратын үндерін –
саусақтан шыққан сыңғырлап
сиқыр саздардың дүрмегін.
Сазды ырғақ қандай, үн қандай!
Жаныңда мұнар мұң қалмай,
бойыңды билеп бір екпін
құйынмен көшкен құмдардай,
жүректі кернеп күш-ағын
он алтыншы сонау жылдардай.
Құба құмдарды қақ жарған
тірлікпен мəңгі жалғанған
қырдағы қызыл қайыңдай
қасқайып күткен таңды алдан.
Толғандай күйге бар жалған
төгілген əсем əуенмен
ағындай күшті аңғарғам.
Өмірде мұң да, сын да бар,
өткелдер менен жылға бар,
тұмандар көшіп, жел тынар
«Əсемдей» күй мен жыр қалар.
Таланттар туар шын алмас,
бағалай алмас, ұға алмас
дарыннан жырақ тұлғалар.
Мұнар ма, мөлдір сағым ба,
теңіз бе тылсым, жалын ба,
күйлердегі өршіл арынға
көңілде көктем көлбеңдеп,
тулайды жүрек, қаның да.
Дүниеге даңқың жатса өрлеп,
ұрпағың келер қастерлеп,
бас иіп сендей дарынға,
өмірмен мəңгі егіздей
күйлерің шалқыр теңіздей,
даналар берген əлемге
данышпан халқың барында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу