Өлеңдер ✍️
Мұқтаждық
Александрия базары дуылдап тұр. 12-13 жасар бала месқарын
саудагердің алдындағы қуырған құс етіне тарамыс қолдарын соза
беріп еді, анау бірден байқап, жиіркенішпен итеріп жіберді.
Мен құлап жатқан баланың көзінен мынаны оқыдым:
Адамдар, қаталсыңдар,
(қаталдықтан əлі-ақ зар татарсыңдар!)
Жалғыздықтан зарығып ашынғанда
мен сендерді асылдар деп ем,
сипайды-ау шашымнан дегем.
Жоқ! Тас екен жүректерің де,
шыншылдық деген жоқ екен тілектеріңде,
өздерің оны көлгірсіп жасырғанменен!
Мейірімге сараңсыңдар
(түбі содан жазым да табарсыңдар!)
Бір жылы көзқарастарыңа зарыққанымда –
соның өзі-ақ бақыт қой қамыққан ұлға –
найзағайдай атқылап жанарларың да,
біржола сөніп үмітім балаң жанымда,
жыртқыштар қамап алғандай тарықпадым ба?!
Əділеттен жұрдайсыңдар
(тақсіретін тартпай бір тынбайсыңдар!)
Жала тартып сендерге жүгіндім барып,
тас мүсіндеріңнен түңілдім налып,
тағдырым менің титтей де елеңдетпеді,
бей-жайлықтарың қорқытты керең беттегі.
Мен емес, сендер екенсің бүгінгі ғаріп!
Адалдыққа тапшысыңдар
(əрине, данышпансығанда жақсысыңдар!)
өзгенің қасіреттеріне
қарайсыңдар қалайша есінеп мүлде?
Біреулердің көзінен жасы кеппеді ме –
бəрі бір екен сендердің көн-терілеріңе.
Бұл күнде ұғындық бəрін.
О, адамдар, сендердің зұлымдықтарың
шыдатпай өртеді мені де.
Не деген пасық едіңдер
(шуақсыз қурайды емес пе жасыл егіндер?!)
мейірім аңсап жүрегім қансырап тұрған,
зұлымдықтарыңмен қамшылап тыңнан
жанымда үміт, сенімдер түгесілгенде,
лақтырып тастап кеттіңдер күресін жерге
Сендерден байлық сұраман өліп кетсем де,
алтындарыңды алмаймын төгіп кетсең де –
мейірімге ғана мұқтажбын.
Білесіңдер ме?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter