Өлеңдер ✍️
Медеуде туған ойлар
Құз. Шатқал. Айдын.
Сұлулық еді бұл қандай!
Күн деген мұнда қол созым жерде тұрғандай.
Айнадай айдын арбайды сені жалтылдап,
зулайсың сосын көңілде титтей мұң қалмай.
Ілесем деме
өзіңнен өзің жасқана берсең қысылып,
айдынның заңы өмірдей қатал – түсін, ұқ!
Кідіріп қалсаң,
зуылдап келе жатқандар
кетеді сені ұшырып.
Тілдей темірдің үстіне
оп-оңай емес қаз басып кету бір демде
(күрес қой бұл да білгенге!):
өкшеңді қадап қасиетті жердің өзінде
сүрініп əрең жүргенде.
Зулайды-ау мұнда адамдар
төрт аяғымен табындыратын жорғаша!
Айдында деген əділет мықты: өзіңдік өнер болмаса,
қолтығыңнан сенің қанша адам, мейлі, сүйесін,
зулар ем дейтін қиялың құрғақ, далбаса!
Қарыштау түгіл, қозғала алмайсың,
өзіңе ғана сенбесең,
коньки байлауға құмар болмағын онда аса!
Сынамақ болсаң бағыңды
жүйріктерменен теңдесер –
қарама дауыл, ақ түтек боран, желге есер!
Күшіңе сенсең,
Медеуге бетте – мекен ол
мықтылар ғана белдесер.
ІІ
«Өмірдің өзі – мұз айдын,
тайғанап кетпе!» – деген ең.
Сырғанап жүріп мұңайдым,
еске алдым сені неге мен? «Қайғы-азап шексең, жебер ем,
тайғанап кетсең, демер ем...»
Дейтұғын өзің емес пе ең?
Аса алмай асу
-белестен,
қақ маңдайымнан жел ескен
тайғанақ құзда тұрдым кеп,
енді құлардай дірілдеп,
бар еді сүйер кімім деп,
қарадым үміт жүзбенен,
сонда мен сені іздегем.
Мысқылды жүзің күлімдеп
тұрғандай: «Құла, сүрін!» – деп,
итеріп кеттің сен мені.
Теңіздің быт
-шыт сеңдері
пана боп мені емдеді.
Далаға теңеп жүруші ең,
неге жат болдың бүгін сен?
Демеуді күткем сүрінсем,
пендемін мен де ұғын, сен.
Аунатып кеттің орға сен,
əйтпесе
,мұнша солмас ем,
шілдеде мұндай тоңбас ем...
Оңбаған болсам мына мен
өзімді
-ақ өзім сынар ем.
Кеттің ғой өзің өксітіп,
сəби боп саған құлап ем
Зулаймын мұзда күн күлген,
сақтанам – заңды бұл мүлдем:
сүрініп кетсем қапыда,
сүйемейтініңді білдім мен
ІІІ
Айнадай айдын.
Жұтасың ыстық Күн демін.
Зулап қал, достым, еркіндей алмай жүр ме едің?
Асқар тауы мен биік құздарға дара қонуды үйреткен,
көсілген сонау кеңдігіменен дала болуды үйреткен
туған жерім ғой бұл менің!
Талайға арман мынау биіктің басынан
төменге көзің түсуі де бір мұң екен –
қарасам кейде дір етем.
Шыңдардың шырқау шатқалдарында нық басып,
көре алмағандарды мен одан сайын жүдетем!
Таңданам: менің осынау титтей денемді
Алатау қалай түсіріп алмай тұр екен?!
Арай күн көктен мейірім нұрын шашқанда,
шалқымай тұрар жас бар ма?
Көк айдын мұзда зуылдап келем мен бүгін,
қарамай құзға, көлденең жатқан тастарға.
Көңілім менің шалқиды сонда көтеріп келе жатқандай
мені ол емес,
Алатауымды мен аспанға!
* * *
Əкел сен құздың сирек гүлін мейлің,
мен саған табынған боп жүгінбеймін.
Тіпті де қысылмаймын ешбір жанды
менсінбес қылығымнан түңіл мейлің.
Телефон шырылдаса, сен екен деп
жеткенше жаным шығып жүгірмеймін.
Тұрса да іңкəрліктен тасып қайғың
(мені де жүргендей-ақ жасытпай мұң),
күлемін, қалжыңдаймын сеніменен,
жасқаншақ қылығыңды машықтаймын.
Сезсем де тұрғаныңды құшқың келіп,
оңаша қалуға ешбір асықпаймын.
Сен жүрсің сан ойлардан шаршап, тегі,
білмейсің жүргеніңді аңсап нені.
Сенбейсің менің ессіз сүйеріме,
сүйгізе аларыңа əр сəт мені.
(Жігітте табындырар күш болмай ма,
ол жігер əлде сенен алшақ па еді?!)
Сен мені аялайсың. Білем, құрбым.
Туады қол ұстасып жүрер бір күн.
Қиналсам, тек өзіңді еске аламын
(ал менің тірлігім де – кілең кірбің),
сен тездеп келу үшін құтқаруға
туса деп қиын сəттер тілеп жүрмін.
* * *
Сағыныштың, айтшы осы, төзім бе емі,
ендеше, анау қайғы не көзіңдегі?
Саған бейжай тұрған боп қарай қалсам,
жеп қоярдай тұрасың өзің мені?!
Одан əрі төзуге шамаң қалмай,
өліп-өшіп құшасың, маған қанбай,
ғасыр бойы шыдап кеп бір-ақ сəтте
атылатын аспанға жанартаудай.
Менің салқын қабағым сені өртейді,
мен осыған таңданып қағам таңдай.
Таңдарымыз тамсанып атсын балдай,
соқпақтарға толмасын ақшыл маңдай.
Қорқам сенің қадалған жанарыңнан,
тіл қатсаңшы, қарысып жақсыз қалмай?!
Қорқынышты осы бір қалпың сенің
(маған сүйікті еткен сол – қас қылғандай!)
Тосқауылы көп болса, онан сайын
өршелене түсетін тасқындардай...
* * *
Мен жүрмін аласұрып,
секілдімін шөлдегі дара шыбық.
Тілеулес жан, жазғырма, жазалама –
наласын ұқ жүректің, жарасын ұқ.
Көңілі жүдеу адамдар кекшілдеу ғой –
ақыл айта көрмеші данасынып.
Кейбіреу күндеседі,
біреулері балайды гүлге сені.
Бар бақытты бір өзі жиып алып,
басы айналмай қалай бұл жүр деседі.
Түсініксіз оларға (айыптаман)
жүректің де сендегі мұң кешері.
Білмейді құлап талай
жүргенімді өмірде сынаққа бай.
Білмейді олар жылаған сəттерімді
келсе еді деп арманым жырақтамай.
... Мен тілеймін, аяулым, қатал тағдыр
сені менше ешқашан жылатпағай.
* * *
Менің екі жауым бар:
мəңгілік достаспайтын,
қимастықпен жыласып қоштаспайтын,
кіріп келсе, жанарым мұң оранған
қуаныштан жарқ етіп от шашпайтын.
ол – адамдар шындыққа жүгінбейтін,
көлгірсіп күлімдейтін;
өзі істеген жауыздық, зұлымдықтан
қайғы шегіп ішінен түңілмейтін.
Екіншісі – досымды жамандаған,
өсектерін өрбітіп сан арнадан
жүретіндер – қас жауым. Соларға мен
қаным талай қайнаған, алаңдағам.
өтірік пен жала көп аяқ бассаң,
ал жақсылық жағына сараң ғалам.
Білем, ғұмыр мəңгі емес, қысқа мүлдем...
кешірмеген, жауласқан тұстарым кем...
Бірақ маған тіл табу мүмкін емес
осы екі дұшпаныммен.
* * *
Көңілің ауасындай тымық қырдың,
бəрін де ұғып тұрдым.
Жанарымнан от-ұшқын шашылғанмен,
жанымда тұнып тұр мұң –
сен мені ұмыт, құрбым.
Елтіме бар жаныңмен құлап маған,
сеземін – ұнап барам.
Тəкаппарлау өр болып көрінгенмен,
мен сəтте жылап қалам –
көңілім жыраққа алаң.
Албырт сезім көзіңнен ұшырды үміт,
айта алмай мысың құрып...
жайраң қағып, жарқылдап күлгеніммен,
қайғы тұр ішімді үгіп –
айтқызбай түсін, жігіт.
* * *
Қыркүйекте теңіздің өзге демі,
көлеңкеде бұғатын боз денені
аппақ көбік сүйеді,
сонда сенің
көңілің өзгереді.
Бұлтсыз көктен қарайды күн асылып,
жағаны ұрып толқындар жүр асығып.
Еркіндікке жерік жұрт лап береді
толқынға құлаш ұрып.
Айқай шықты дəл соның арасында:
– Анау белгі – болмайды əрі асуға!
Қайта оралған жүзгіштер мысы құрып
малтиды жаға-суда.
Алға ұмтылмай тыныштық тапқан ба адам,
көңіл шіркін тұңғиық жақтарға алаң.
Бірақ жерде, суда да тыйымдар көп –
сүрінер сақтанбаған.
Теңіз асау тулайды тасып күнде,
кейде тынып, толқынын шашып бірде.
Əзіл. Күлкі. Жағалау. Боз денелер
қақталған ашық күнге.
* * *
Далам менің!
Сен жатырсың сусын ғып заман демін,
бусануда сол демнен жарау жерім,
толқынданып толықсып даламда егін!
Өзгертіп əн-ырғағын,
дала жатыр ақтарып барын – нəрін,
солқылдатып сорғызып тамырларын,
дүниеге тосуда дəнін-нанын.
Талпынған таң ғұмырға
кең даланы уақыттар салды мұңға.
Бүгін дала шалқиды батыр жасап
кеудесінде жүргеннің барлығын да.
Тың жерлерім!
Сол дүбірден өзгеріп түрленді елім,
жоталарды жусатып түрен-тістер,
қайыстырды белдерді, іргемді егін.
Байтақ жер жаңарғанда
(жаңарған жер таңбасын салар жанға),
көз талдырып қарадым, біле алмадым –
нағыз батыр дала ма, адамдар ма?..
Тыңайған дала – бесік,
əлдилейді дəндерін,
самалы есіп,
аялайды жұлдызды батырларын,
тосып алдан жаңа күй, жаңа несіп.
Бидайлы құндағымда,
бақыт, байлық шалқиды қырда, құмда.
Көнбіс дала мақтан ғып жатыр бүгін
ер атанған қыздарын, ұлдарын да!
* * *
Көңілім алабұртып саған аздап,
бір алау келе жатты жаңа маздап.
Əйтеуір құдай сақтап, қалдым-ау мен
өзіңе ғашық болып қала жаздап.
(Басқаны жазғырғанмен кезіңде жай,
сезбейсің торға түстің өзің қалай.
Жоқ жерде өрт шыққандай лап ететін
осы бір құдай атқыр сезімдер-ай!)
Сені де құшағына ап «кесірлі» үміт,
көзіңмен тұрдың мені шешіндіріп.
Сүйіктім қарап тұрған секілденді –
селк еттім сонда ғана есім кіріп.
Кешкің кеп сол бір сəттің отын бірге,
құмарлық есіңді алып отыр мүлде.
Əйтеуір аман қалдым. Білмеймін тек
мен бұған қуандым ба, өкіндім бе...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter