Өлеңдер ✍️

  04.05.2022
  370


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Консерватория – үлкен орта

Бола алмады офицер де жас маман,
Секілді бір өзін-өзі алдаған.
Музыкалық училищеде оқыды,
Композитор болу еді, арманы – ән.



Өмір көрген жас офицер, жас кеуде,
Марқаясың жылда жасың өскенде.
Омарова Жамал апай сол жазда,
Іс сапармен келе қалды Тәшкенге.



Жақсылардың әрқашанда ісі үлгі,
Жағдай айтты, барлығын да түсінді.
Алматыға ертіп келіп Шәмшіні,
Консерваторияға «сазгер бол» деп түсірді.



Басталғандай сәтіменен жол басы,
Кіл өзіндей студенттер – жолдасы.
Композитор дайындайтын факультет,
Үлкен орта, өнер-білім ордасы,



Орындалып арман-тілек ойлары,
Өтіп жатты жылға ұласып айлары.
Сусындатып білім менен сырлы әлем,
Қызықтырып әкетті өнер қайнары.



Әкесіндей академик Жұбанов,
Жас баладай Шәмші жүрді қуанып.
Қанаттанып талпынады талмастан,
Бір биіктер шығар алда тұр анық.



Күндер батып, жатыр солай атып таң,
Шәмші риза, басы айналып бақыттан.
Қасында жүр арман болған кісілер,
Евгений мен Латиф, Мұқан, Бақытжан.



Бүршік жарып кеудедегі ұлы арман,
Үлгі-өнеге алып жүрді бұлардан.
Нұрғиса мен Әбілахатты таниды,
«Ұстазым» мен «Маржан қызды» шығарған.



Бағың шапшаң өсіп-өніп көгердің,
Несібеге не береді келер күн.
Том-том кітап, еліктіріп әкетті,
Қилы-қилы сырын тартқан өнердің.



Сері дәурен қош деп қолын бұлғады,
Сол дәуренін аңсап әнші жырлады.
Сері Ақан, бас имеген Мәдилер,
Халық сүйген ұлы өнердің құрбаны.



Сүйіп тыңдар құрметтісі баршаның,
Шабыттанса шалқытатын шалқарын.
Әсет, Мұхит, Жаяу Мұса, Майралар,
Еркелеткен әншілері Арқаның.



Бір өкініш көңіліне орнады,
Орындалмай кетті асыл арманы.
Естігеннің елжіретер жүрегін,
Естай ақын жырлап кеткен Қорланы.



Әуені емес кейбіреудің желіккен,
Ықыласпен бірге дәмдес болып па ең?
Серік еткен Қорқыт баба қолында,
Қара қобыз күңіренеді неліктен?



Қара бұлттар қаптап келіп, күркіреп,
Ақ жаңбыры үзілмейтін сіркіреп.
Қағып қалды Құрманғазы қос ішекті,
«Сарыарқа» күйі кетті дүркіреп.



Қара мына арындаған «Адайды»,
Қайрат беріп, құлшындырған талайды.
Тәттімбет пен Дәулеткерей, Сүгірді,
Шәмші ұлы күйшілерге балайды.



Өн бойыңа асау талант жинадың,
Дүниеге Сейтек неге сыймадың?
Бір сәт қана тыңдап көрші күйлерін,
Замананың мұңын шерткен Динаның.



Аша берсең тарихы әр алуан,
Сабақтасып шартарапқа таралған.
Ескен желмен жарысатын қазағы,
Сияқты бір ән мен күйден жаралған.



Секілді енді армандарға жететін,
Жамал апай жоқтатпаған шешесін.
Қамқор болып, жас баладай кешетін,
Істеген кей қателердің нешесін.



Бірге шырқап, қазақтың кең даласы,
Сусындаған әнмен алты алашы.
«Қыз бен жігіт» әнін әкеп поляктың,
Сүйікті әні «Ах, Самара, қаласы».



Қанша жылдар салды екен араға,
Табыла ма ем соғыс салған жараға?
Ән шырқаған жауынгерлер толқыны,
Алғы шепте, қанды майдан далада.



Ән шырқаған қазақ қызын көрдің бе?
Төсі толған медаль менен орденге.


Жауынгерлік рухпен жеткен асқақтап,
Бағланова Роза әні Берлинге.



Бір көрсем деп армандаған, ойлаған,
Қасында жүр, үлкен орта қайнаған.
Абдуллиндер, Төлегенова Бибігүл,
Қазақтың жас бұлбұлындай сайраған.



Алыс қиыр жақын сынды көрініп,
Көкірегінде орнады ойлар өріліп.
Ортасында шежірелі кітаптың,
Шәмші отыр тәтті ойға беріліп.



Бағалап ел құрметтеген асылын,
Жырға қосқан өз уақытын, ғасырын.
Асқан талант Чайковский, Глинка,
Ұлылары орыс музыкасының.



Күннен-күнге қарыштаған ілгері,
Жасып жатқан ерлік істер үлгі еді.
Басталғанда Ұлы Отан соғысы,
Бар халықты ән жеңіске үндеді.



Ақ қайыңдай жапырағын мол жайған,
Жарқын-жарқын ақ таңдарды болжайды ән.
Блантердің «Катюшасы» окопта,
Жауынгердің сағынышы сарғайған.



Сырлы саздар көкірегін тербетіп,
Өркен жайып, әнмен өскен ер жетіп.
Жарым жолды жүріп өткен әндетіп,
Тепкілеген жауынгерлік керзі етік.



Сырлы сазды көкірегіне сыйған бар,
Әнмен бірге шыбын жанын қиғандар.
Әндер, күйлер қайнап жатқан өмір ғой,
Отан, ана, туған жер мен сүйген жар.



Өмір-өлім танытты сан батырды,
Рухы құлап, жаудың мысы басылды.
Мокроусов, Новиковтың әндері,
Анталаған жауға оқ боп атылды.



Ән – құдірет сұлу сазға бөлейді,
Бөлейді де әр кез желеп-жебейді.
Барлық халық сырлы әндерін шырқатып,
Құрметтеген Соловьев-Седойды.



Адамзатқа ажал төніп оқ ұшты,
Алапаттан жапа шегіп жер үсті.
Жауынгердің сапта, окопта шырқаған,
Әніменен жақындатқан жеңісті.



Жеңіс, шаттық, ел шадыман күйге еніп,
Құлпырды жер, құлшынды ән түрленіп.
Тағы да ән жаңа ерлікке шақырып,
Тың жерлерді жастар жатыр игеріп.



Жеткізбейді арман шыңы тым биік,
Тұрғандай-ау айналаға нұр құйып.
Қиял құсы құйқылжиды көңілде,
Білім — теңіз, түпсіз терең тұңғиық.



Көңілдегі күдік ойлар азайып,
Деп жүр еді «жаңа әндер жазайық».
Дәріс берді профессор Жұбанов,
Ұлы өнердің сырын жайып ғажайып.



Өн бойына жаратушы дарытқан,
– Еуропа,-деді,-өнерін танытқан.
Симфония, романс, соната...
Музыканың көп жанрын дамытқан.



Шығар әлі белгісіздің дерегі,
Табылады іздегенге керегі.
Бұрыннан-ақ көңіл бөліп шет елде,
Музыкаға ерекше мән береді.



Тәлім берер бізде жағдай жоқтықтан,
Талаптылар жастай өзі жаттыққан.
Ал неміс пен Австрия, поляктан,
Ұлы музыканттар көп шыққан.



Аталары музыканың көптеген,
Иоганн Бах, Гендель менен Бетховен.
Моцарт, Гайди, Штраус австриялық,
Олар шыққан биікке ешкім жетпеген.



Салыстырар табылмайды балама,
Моцартты әлем бағалайды данаға.
Алты жаста тың музыка шығарып,
Жеті жаста концерт қойған қалаға.



Қонған сынды ұстазының батасы,
− Сақ бол балам, тіл, көзден,-деп апасы.
Жүз елу екі түрлі вальс жазған,
Штраус ― ұлы вальс атасы.



Жылдар өтіп жана түсті еңбегі,
Бойындағы өз өнері сенгені.
Көп ұзамай Еуропаны шарлады,
«Габриэла вальсі», «Дунай әндері».



Жылдар өте өнер жолы алмасты,
Болғаннан соң әке ақылшы, жолбасшы.
Әке жолын қуған ұлы Иоганн,
Алты жаста вальс шығарған алғашқы.



Скрипкашы қалыспаған қатардан,
Дуалы ауыз әкесінен бата алған.
Тарихта төрт жүз алпыс вальс жазып,
Әлемдегі «вальс королі» атанған.



Талай-талай жылдар өтіп арадан,
Тыңдарманға сыйлы болды дана адам.
«Көгілдір Дунай», «Петербургпен қоштасу»,
Вальстері әлемге кең тараған.

Бар өмірін музыкаға арнаған,
Көкірегінде асқақ әуен орнаған.
Кіші ұлдары Иозеф пенен Эдуард,
Музыканттар әке жолын жалғаған.



Күткен күндер емес сынды алыс тым,
Үлкен өнер туындатар бар ұшқын.
Шәмші бала, әндеріңде сенің де,
Байқап жүрмін, сазы басым вальстің.



Алға басып қазақтың ән өнері,
Көп болса егер жас талаптың берері.
– Әлі-ақ, -деді,– атанарсың Штраустай,
Сен де «қазақ вальсінің королі».



Студенттер: –Болады,- деп,-болады,
«Қайықтамен» аты жұртқа тарады.
Шуылдады дәрісхана бір уақ,
Қызараңдап Шәмші төмен қарады.



Шәмшіге жүк мына сенім салмағы,
Қиялымен қиырларды болжады.
Студенттер көңілін бір сәт көтеріп,
Ағай әрі әңгімесін жалғады.



Бұл пікірге мейлің қосыл, қосылма,
Баулу керек, бар әңгіме осында.
Штраус, Рихард пен Шопендер,
Музыканы жазған жеті-ақ жасында.



Өскен орта қалыптасқан ән-жырлы,
Жастай Шопен тыңдарманын таң қылды.
Отыз тоғыз жаста кетіп өмірден,
Баға жетпес дүниелер қалдырды.



Вальстерден бөлінеді егіз үн,
Баурап алар жан дүние сезімін.
Огинский Михаил салған ең алғаш,
Әлемдегі полонездер негізін.



Костюшконың көтерілісін қолдаған,
Полонезбен халқына үндеу жолдаған.
Поляктардың ауыр тұрмыс-тірлігін,
Полонездер ырғағымен толғаған.



Тіптен қиын ол туралы ойлау да,
Серт беріскен алған беттен таймауға.
Полонездің жиырма түрін жазыпты,
Жат елдерде жүріп көп жыл айдауда.



Ұлылыққа еріксіз бас иесің,
Иесің де көңіліңе түйесің.
Әсіресе «Отанменен қоштасу»,
Елжіретер адамның жан-жүйесін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу