Өлеңдер ✍️
ТҰҚЫМЫ АЗЫП ҚАЗАҚТЫҢ
Біздерден кейін сомдалып,
Азамат ерлер туар ма?
Шашақты найза қолға алып,
Кегімізді біздің қуар ма?
Сарқылар су да
біртіндеп,
Тартылып жатса қу арна.
Көкорай шалғын артта қап,
Беттеп бара жатқандай
Сезінем ылғи қуаңға.
Азғаны емей, немене,
Міне алмаса егер баласы
Әкесі мінген құланға.
Келгендер билеп шет жерден,
Ел іші толды бақсыға.
Махамбет туған текті елден
Бақан бет туса жақсы ма?!
Жүргендер кілең тызақтап,
Мұңымды дұрыс ұғынсын:
Кетсек егер ұсақтап,
Жасқанып қай жау бұғынсын.
Көкірегіме шерлі күй толған,
Мен қашан сертте тұрмадым?
Аламан жұртқа би болған
Атама жете тумадым,
Әкемнен өте тумадым.
Өкірген теңіз секілді
Өкіріп сосын туладым.
Болашақта туған ұрпағым
Боркемік, қанжау болар деп
Көзімді жасқа буладым.
Көркіне көңіл толатын,
Аршын төс ару қыз қайда?
Ұлтқа тұтқа болатын
Егеулі найза ұл қайда?!
Шұғыла шашып далама,
Тумаса ерте Азат күн.
Тұқылы ғана қала ма,
Тұқымы азып қазақтың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter