Өлеңдер ✍️

  30.04.2022
  408


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАҢАРМАЙ ЕСКІ ҚОРҒАНЫ


Жерінен безген құлан –
Құрық сап ұстап мінгенім.
Елінен безген ұлан –
Қасыма ертіп жүргенім.
Тауынан безген қыран –
Түлетіп аңға салғаным.
Інінен безген жылан –
Қамшы етіп өріп алғаным.
Бағынан безген бұлбұл –
Жүргенім түзде сайратып.
Тұяқтан қалған дүлдүл –
Соғым еткенім жайратып.
Жағадан қашқан құрақ –
Шылбыр ғып белді буғаным.
 Теңізден қашқан бұлақ –
Бетімді шәйіп, жуғаным.
Қазаққа қазақ қас болған,
Осынау сұрқай заманда, –
Дүние, шіркін, тас қорған,
Бұзуды ойлап, амалда.
Табылмады-ау бір ие,
Дүние дүние болғалы.
Көгереді деме Дүние,
Жаңармай ескі қорғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу