Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  217


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕНІ БІРГЕ БИІККЕ КӨТЕРЕДІ НЕМЕСЕ БАЙМАҒАМБЕТ СҰЛТАННЫҢ СӨЗІ


Жоқ, Махамбет!
Сен өлмей мен де өлмеймін,
Тағдырымды көзіңнен көргендеймін.
 Қайда барма,
алдыңнан шыға келіп,
Көшкен сағым секілді көлбеңдеймін.
Сені ұстаймын тағдырдың қыспағында,
Толқын болып тулайсың мұзды ағында.
Көкірегіңнен ызалы жыр туа ма,
Емін-еркін күн кешсең қыстағыңда.
Отқа жаққан талайды көмір етіп,
Сынаптайын сырғуда өмір өтіп.
Мөңіретіп адырна тартасың ба,
Ұстамасам сені егер мөңіретіп.
Нарын құмның сен болсаң арыстаны,
Мен туғанмын өзіңмен алысқалы.
Қос арғымақ секілді қатар шапқан,
Бірге ұшамыз жебедей алысқа әлі.
Ақ Жайықтың сен болсаң бір жағасы,
Ақ Жайықтың мына мен бір жағасы.
Арамыздан жатса ағып арналы өзен
Елдің неге шөлдесін қыр-даласы.
Ел басқарып жүргесін жер бетінде,
Қалады деп ойлама ел шетінде.
Уысымда умаждап мен ұстаймын,
Зар жылатып қатынын, еркегін де.
Қасиетіңді жұрт сенің қайдан білсін,
Қасірет боп тұрмасаң келбетіңде.
Тіршіліктің бораған ақпанында,
Сардар ерсің жетілген ат жалында.
Болашаққа жол тартсаң,
сенен қалмай
Болашаққа жол тартам қапталыңда.
 Өмір қалай тартыссыз көгереді,
Бей-жай күйде көңілсіз өтер еді.
Көтерсе егер Болашақ сені ту ғып,
Мені бірге биікке көтереді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу