Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.04.2022
191
Ақ бұлақ
Сәбиімде жыр шерттің, ақ бұлағым,
Жағаңда мен шыбықпен шапқыладым.
Кептер атқан баладай еркелікпен,
Малта таспен көзіңді атқыладым.
Жағаңда мен шыбықпен шапқыладым,
Құлағыма шалынып жатты әнің.
Мен жоғалып көп жылдар – қайта оралдым,
Қартайдың ба мен құсап, ақ бұлағым?!
Тіл байланған шежіре секілдісің,
Кеш ұққанға сырыңды екінді ішім.
Қара ағаштың орнында құба тал тұр,
Қоңыр самал желпиді кекілдісін.
Қайда сенің қайнарың бұрқылдаған,
Қайда інгенің су ішіп ыңқылдаған?
Қос шелекпен әпкішсіз саған келіп,
Қайда қыздар жағаңда сыңқылдаған?
Емес сендей, тұрғанда көріп көзім,
Аршиын ба көзіңді жалғыз өзім.
Ізге шөп сап іздеген бейне жоқшы,
Жеткізер ме іздесем өткен кезім?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter