Өлеңдер ✍️
АЖДАҺАҒА АЙНАЛСА…
Жанартауым кеудемде сілкінеді,
Көңілімде бір жаңбыр сіркіреді.
Ұлтқа тұтқа болатын ұл бар ма елде,
Сынап көрмей оны да кім біледі.
Жаралғалы бұл қазақ не көрмеді,
Қырғындардан өспеді, көгермеді.
Ұлтқа тұтқа болатын ұл бар болса,
Күйзелгенде ел намыстан неге өлмеді?!
Қара құйын тұрса алдан борағалы,
Таланатын шығармыз сонаға әлі.
Бүгінгінің ұлдары мінеді атқа
Туған елін тақырлап тонағалы.
Кімге ауыз салмаған барыс – жалған,
Ар-ұяттың ауылы алыс қалған.
Тәуелсіздік алғалы ұл көрмедім,
Туған елін тонауға намыстанған.
Қара тобыр қадірін білген бе ердің,
Сіз арқылы бау-бағы гүлденді елдің.
Рухы биік азамат емес, Аға,
Бәрі бірдей биікте жүргендердің.
Содан, сірә, қабырғам сөгіледі,
Ақ сүт сәуле көзімнен төгіледі.
Ат үстінде жүргендер намысы өлген
Қуыс кеуде секілді көрінеді.
Тіршілікте тас түйін бекінейін,
Қайтады деп ойлама бетім кейін.
Тойған күні солардың болды ма, Аға,
Ашаршылықты көп көрген жетімдейін.
Бұлт үйірген зауал көп жұрт басына,
Құм суырып тұнығы, тұнбасына.
Аждаһаға айналып солар бір күн
Туған елін кім кепіл жұтпасына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter