Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  370


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖҮРГЕНДЕР ӨРТЕП ОРМАНЫН


Түсіріп салмақ санаға,
Кездер көп іштен тынатын.
Кезеңде тұрмыз, жан Аға,
Сардардан сатқын шығатын.
Жайқалып өскен далаға
Қара орман – тоның, ішігің.
Өзіңді қапты-ау, жан Аға,
Асырап баққан күшігің.
Жеп өскен жылқы жаясын
Азамат ерсіз тұтқалы,
Жүргендер кімді аясын
Еліңнің туын жыққалы.
Жан бар ма Сіздей төзімді,
Көзіне толқып сыр тұнған.
Билікке бола өзіңді
Сатқандар аз ба сыртыңнан.
Бақытқа бастап жол алда,
Мінсе де ерттеп құлаға, –
Күн кешкен сатқын қоғамда
Сыртыңнан сатпай тұра ма?!
Жаралған нұрдан, Нұр-аға,
Ар-намыс – қалқан, қорғаның.
Отанын сатпай тұра ма,
Жүргендер өртеп орманын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу