Өлеңдер ✍️
ТУҒАН ЕЛДІҢ АСПАНЫ
Дүр дүние жасарып, жаңғырғалы,
Өкпе артатын жан бар ма тағдырға әлі.
Алатауы асқақтап тұрған елдің
Азаматы көп болған нар тұлғалы.
Запыранын көп жұтқан мұң-наланың,
Жанарынан жас көрем құм-даланың.
Сізден өзге тағдырын кім ойлаған
Қақтығысқа құрылған бұл ғаламның.
Құзырынан бақ болып құт тараған
Сізді ғана пір тұтып, жұрт қалаған.
Көзсіз батыр ер ғана бұл заманда,
Ақиқаттың көзіне тік қараған.
Туған елің кең жайып керегесін,
Заңдылықтың сақтаған ережесін.
Сіз барда, Аға,
Қазақтың шаң шала ма,
Күллі әлемге қараған терезесін.
Қуат беріп тұрғанда кең даласы,
Кімнен,
неден сескенсін ел ағасы.
Сіз барда, Аға,
Ешқашан бұзылмайды
Татулық пен Бірліктің шекарасы.
Ата қазақ қаз тұрып, жер басқалы,
Қан мен тері – жазылған шер дастаны.
Сіз барда, Аға!
Дүбірлі дүниеде
Алты алаштың бұлттансын неге аспаны.
Тұнық ойлы көзімнен мұң қашқалы,
Көңілімнің көк тіреп тұр асқары.
Сіз барда, Аға!
Алты Алаштың
Аласармайды ешқашан нұрлы аспаны.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter