Өлеңдер ✍️
НЕ ПАЙДА?
Алматы – ұйғырдың асханасы,
Орыстың баспанасы.
Қазақтың астанасы.
МҰҚАҒАЛИ.
Ұйғырға болған асхана,
Орысқа болған баспана,
Алматы әсем астана.
Астанам – сұлу келіншек
өз күйеуін менсінбей
құшағын ашқан басқаға,
сызылып кеп жасқана.
Өз халқына келгенде
тұйық қала, тас қала.
Тас қаладан үй алу
қасқалдақтың қанындай
Хан Жәңгірдің тағындай
қат болса;
Өзіңнен туған жас бала
сақалы шығып, жат болса;
Көсегең қалай көгерсін
қырсыққа ылғи тап болса;
Өзің еккен тұт ағаш
желкеңнен қияр балтаға
жұмыр білектеніп сап болса;
Жердің қалың түгіндей
ар-намысың тапталса
Елдігімнен не пайда?!
Ауруға шипа делініп,
сығанның сүлік, биті де,
Көкжал бөрі көрініп,
орыстың канден иті де
жатқанда бұл кез пұл болып,
Алаштың күллі баласы
жүгірсе соған құл болып,
Егемендігімнен не пайда?!
Құрылып қақпан жолыма,
тізгінім тимей қолыма,
таусылсын неге тағатым.
Кремльдің уақытымен
түзетіліп сағатым;
Ресей жақтың қабағын
күн құрғатпай бағатын;
Кезден мәңгі арылмай
Тәуелсіздігімнен не пайда?!
Сөз қозғасам арыдан,
түн қатқан ұры-қарыдан,
туған елін қорғамай,
туған жерін қорғамай,
бизнесмендерді қорғаса,
жат жерліктерді қолдаса
жақсы емес-ау ол да аса.
Құм жиылып тас болған,
құл жиылып бас болған,
орнағалы бұл Кеңес
жүректерді шер басып,
көңілдерді көр басып,
қара көздерге жас толған.
Айтылып жүрген бұл күнде –
мешін жылғы сүргін де
Мәскеуіңнен басталған.
Бір өлікті бір өлік
жастық етіп жастанған.
Ере беріп күлікке
ақ балтыры сырылған,
етегі қоса жырылған.
Өз жерін де жүріп те
халқым солай қырылған.
Өз жерінде жүрсе де,
көк шалғынды жапырып,
қазағым неге кіл өгей?
Өзгелердей сапырып
неге ішпейді кілегей?
Қазына, байлық... бәрін де,
қыздың ару тәнін де
өз көлінен адасқан
басып қалмақ па шүрегей?!
Қыздарыңды күң еткен,
ұлдарыңды құл еткен,
тұлымдыңды тұл еткен,
жігеріңді құм еткен
келмеске кетпей сұм заман!
Алдаспаным, Алашым,
оянбауың тым жаман.
Оянғанда кең далаң,
жатқаның қалай оянбай –
Қазаққа қазақ жау болып,
жүргендеріңді қоя алмай,
Ой, Алла-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter