Поэмалар ✍️
ТУҒАН ЕЛДІҢ СЕМСЕРІ
Өмірзақ Сәрсеновке
1.Көз жасқа суарылып өскендер
Аспан асты, жер үсті толған азап,
Жұртқа қамқор жоқ әлі қорған ғажап.
Қызыл Кеңес қынадай қырған жоқ па,
Халық жауын түгелдей қолдан жасап.
Бұған куә сұр жағал құмай – жалған,
Дүр дүние сол кезде шыр айналған.
Аман-есен ұйықтап,
Ертеңінде
Арыс қанша төсектен тұрмай қалған.
Ол күндерді мен қалай бақ санайын,
Кімнің қырау шалмады ақ самайын.
Оспан қожа атаңды ұстап беріп,
Оңашада күпінді қанша ағайын.
Айырылып қапыда ат, тонынан,
Оспан атаң көз жұмды жат қолынан.
Қожалардың бәрін де қырып салған
Ұлы Алланың таймаған ақ жолынан.
Күн көзінен тұрса да нұр құйылып,
Тіршіліктің тамыры тұр қиылып.
Ішкені ірің бола ма,
Жүрмесе егер,
Адамдарға адамдар бұлт үйіріп.
Самал еспей, нұр еспей қанатынан,
Сонша неге жауыз боп жаратылған?
Адам қолы жасаған қылмыстардан
Қара жердің көзінен қан атылған.
Соғыс ашқан сұмдарды сұраққа алып,...
Тергесе егер құтылсын кім ақталып.
Шара қайсы?
Оралды қара қағаз боп,
Әкең сенің майданға тірі аттанып.
Қарсы алдында тұрған соң қайғы аларып,
Опа табам деді ме қайда барып.
Кәмей ағаң көкке ұшып жөнелген-ді,
Аққу құстың қанатын байлап алып.
Жүрегіне бейбақтың нұр сіңгенде,
Жүрер еді бақ қуып тылсым белде.
Ауызынан ақ жалын атылатын
Ару ана Ақжүніс күрсінгенде.
Көзді арбаған дүние-ай сағымданып,
Қай жесірдің жүгірген шамын жағып.
Ақжүністің төгілген көз жасына,
Жеді қанша ағайын нанын малып.
Көктен күннің тұрса да нұры ағылып,
Жанарынан көрді ме мұң арылып.
Кекке малып шыңдаған қылыштайын
Өстің сен де көз жасқа суарылып.
Менің де әкем соғыстан қайтпай қалып,
Өскем мен де көз жасқа суарылып.
Көкжал болып жетілген жігіттердің
Кеудесінде көк бөрі тұрады ұлып.
Жаздым сені жыр етіп сөз басына,
Ақ сауыттай, мен кепіл, тозбасыңа.
Жетілгендер көз жасқа суарылып,
Елдің әсте қалмаған көз жасына.
2.Димекеңнің сәулесі
Қуат алып құнарлы жер бетінен,
Ұлтқа тұтқа болатын ер жетілген.
Кемеңгердің сәулесі түспесе егер,
Кімнің сәуле еседі келбетінен.
Тауға салса жігері шағылмаған,
Жігіт аз ба төрге озып дамылдаған.
Жүрегіңе үңіліп көрмек болып,
Димаш бірде өзіңді қабылдаған.
Жүрегіңе тереңдеп үңілгенде,
Көп нәрсені аңғарған түріңнен де.
Ақ боз атқа мінгізіп, аттандырған
Шымылдығы шындықтың түрілгенде.
Аты шауып тұрса егер өрге қарай,
Азамат ер шықпайды төрге қалай.
Жұлдыз болып көгіңде жанып тұрды,
Жанарыңның ішінде сөнген арай.
Тал бойыңа ақ арай нұр таралып,
Көтерілдің биікке тұлғаланып.
Туған жердің тамырын бұлқындырған
Өміріңнің өзені тулап ағып.
Мына сұрқай заманда қайғы атылған,
Үйлер қанша тұнығы шайқатылған.
Сен бар жердің бәрін де,
Буырқанып,
Таудан аққан бұлақ та қайта тұнған.
Жұртың сені айбарлы сұс көреді,
Соның өзі бойыңа күш береді.
Оу, Өмеке, өйткені жүрегіңе,
Димекеңнің сәулесі түскен еді.
3.Туған елдің сарғайды жапырағы
Жеке Басқа жұрт түгел табынғалы,
Бастық көрсек тұрамыз жағынғалы.
Болашақтың таулары көрінбейді,
Жүрміз, бәлкім, адасып сағымда әлі.
Туған елдің сарғайды жапырағы,
Қонаевтай басшыны сағынғалы.
Қарау күштер жайлаған сұр ғаламда,
Қамал бұзам деймісің тулағанда.
Ақиқаттың ауылын кім іздейді,
Өтіріктің бағы артқан бұл заманда.
Ертелі-кеш күн кешкен назаланып,
Шындығы өлген жұрт аз ба шашы ағарып.
Құтыла алмай сорлаған елдер қанша,
Қолдан құдай кезінде жасап алып.
Алға ұмтылсын, ендеше, кім құлшынып,
Кешке қарай батады күн күрсініп.
Құзырлының шыға алмай құрсауынан
Үкіметтің өзі де тұр тұншығып.
Басқара алмай ел ішін бүлдіргелі,
Жұпар атпай тұр әлі қыр гүлдері.
Ардың сөзін сөйлеген ердің бәрі,
Ажал құшпай тұра ма бұл күндері.
Ер жолына құрылып қара қақпан,
Өзен қанша адасып далаға аққан.
Қай қазақтың басы деп қайғы жұтам,
Басты көрсем домалап бара жатқан.
Көктем болып қарамай желегіне,
Кесек атқан сұм қанша тереңіне.
Теңдік сұрап, тебінген өз халқына
Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Зауал туған мезгілде мұнар қуған,
Қашан ойлы көздерден мұң арылған.
Азамат ер басқармай ел оңбайды,
Қонаевтың рухына суарылған.
4.Өзен жағалаған
Тұнық ойлы көзімнен от өріліп,
Талай жерге келіппін төте жүріп.
Ұшып бара жатады саған қарай
Ақ сұңқар жыр кеудемнен көтеріліп.
Тұғырлы елдің көз салып түлегіне,
Мүмкін жеткен шығарсың тілегіңе.
Қонаевтың көңілі
Кім болар ең,
Сәуле болып түспесе жүрегіңе.
Тағдырыңның көп болып бұралаңы,
Сені қайда салмады шырғалаңы.
Мүмкін ақын болар ма ең, кім біледі,.....
Бұйырғанда Абайдың жыр қаламы.
Мұқала ма ақ семсер жүзі кетіп,
Ерлер күрең мінсе егер кісінетіп.
Жағалаудан қол бұлғап тұрдың қанша,
Тасқындардың бәрінен жүзіп өтіп.
Тіршіліктің бойламай тереңіне,
Бөленем деп ойлама желегіне.
Туған елге сәулесі бір түспеген
Жуан қарын байлардың керегі не?!
Қызық іздеп сарсылған құба белден,
Көңіл қалды қаншама тұлғалы ерден.
Байлар, бәлкім, қаша ма мұхит асып,
Байлықты артық көрмесе туған елден.
Ер-тұрманын алтындап, күмістеген,
Жігіт қанша көкірегіне күн түспеген.
Оу, Өмеке, шалқыған даряның
Шөлдегенде суынан кім ішпеген.
Бәрін түгел кезсем де көшелердің,
Бірі көзге түспеді көшелі ердің.
Бірақ сендей өзенді жағалаған
Талған емес ешқашан өзегі елдің.
5.Қазақ қоғамы
Намыс қалып жайына, ұят қалып,
Байлық қуған жан қанша жиі аттанып.
Жігіттерді көп көрдім нар тұлғалы,
Жүретұғын асқар тау сияқтанып.
Мүмкін бақыт қонды ма жөргегінде,
Жайғасады жардай боп төрге күнде.
Бәрі қуыс кеуде боп елестеді,
Сырын тыңдап солардың көргенімде.
Жанарында көрмеген жұлдыз жанып,
Соның бірі алдымда тұр сызданып.
Қоқыс салып ішіне
Аузын буған
Қара қанар секілді тығыздалып.
Дүр дүние алқымнан тұр қылқынып,
Алға шықсын мұндайда кім жұлқынып.
Туған елдің намысы тапталғанда,
Бұлар, бәлкім, көрді ме бір бұлқынып.
Өршіп тұрған мезгілде қылмыс күнде,
Кім сөйлесін Ар толғап, құрыш үнде.
Атқа ақырып қонатын ер көрмедім,
Ұлт тағдыры тұрғанда қыл үстінде.
Бақыт бар ма жалғанда елге жетер,
Бейбіт күннің бесігін тербете бер.
Адамдардың түрінен көрінеді,
Қандай болса қоғамның келбеті егер.
Қарт Қаратау ызалы күркіреді,
Қай кезде елдің намысы сілкінеді.
Бәлкім, қазақ қоғамы қоқыс салып,
Аузын буған қанар ма, кім біледі?!
6.Ел басқарса рухы жоқтар
Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Күндер қайда көгінен нұр саулаған.
Билік үнін шығармай тұншықтырып,
Туған елдің кеудесін құрсаулаған.
Ақша бұлты көгінде қылаулаған,
Күндер қайда асыр сап қырға аунаған.
Туған елдің үмітін үсік шалып,
Терезесін ызғары қыраулаған.
Билік көзі қазаққа тұр аларып,
Жұртын түгел тоғытып, мұңға малып.
Қалай төзем жазылып жатса егерде,
Тарихымның шындығы бұрмаланып.
Қалаға ескен зауалы, далаға ескен,
Жамандықтың қай кезде қарасы өшкен.
Ешқашанда құлдықтан құтылмайды,
Ата қазақ ел болмай санасы өскен.
Бәлкім, содан жарамсақ ақсақалы,
Ақша,
Байлық... бәрінің аңсағаны.
Азаттықтан не пайда?
Тұрмаса есіп,
Адалдықтың аңқылдап ақ самалы.
Қасіреті тұрса егер түр-өңімде,
Күңіренбей қайтейін күрең күнде.
Жаңаөзеннің қайғысы жазылмайтын
Қара дақ боп қалды елдің жүрегінде.
Туған жердің балта ұрған терегіне,
Көктем болып қарай ма сері еліне.
Жоғын жоқтап, даулаған өз халқына
Оқ атқызған биліктің керегі не?!
Көз көрмеске жоғалса тылсым арай,
Күшік-арман қайтеді қыңсыламай.
Ел басқарса бойында рухы жоқтар,
Елдің рухы жаншылмай тұрсын қалай.
7.Бәйтеректің бұтағы
Жауын жеңіп, дауын да шеше білген,
Туған елдің байыған есебінен, –
Атқа мінген апайтөс ақымақтан
Арқар кеуде есті артық есек мінген.
Сағыныштың сазымен тербетіліп,
Тауға қарап өспей ме ер жетіліп.
Бұрынғылар баулыған ізгілікке
Ұрпақтарын қасына ерте жүріп.
Бірі олай тартатын, бірі былай...
Бүгінгінің бәрі де тірі құдай.
Сауық құрып, той тойлап, асыр салған
Бұл қазақта дәурен жоқ бұрынғыдай.
Билік тисе арманы аласаға,
Атқа мінбей тұра ма бала-шаға.
Төрге солар жайғасып,
Абыз қарттар
Құйрық басқан көнетоз алашаға.
Түні бойы жортады ұры жатпай,
Күзететін ер қайда тыным таппай.
Адалдықты кім іздеп сарсылады,
Су басынан жатқанда тұнып ақпай.
Тегіс жердің өзінде мың жығылып,
Алға ұмтылған боламыз құр құлшынып.
Тәуелсіз ел болсақ та,
Ұлттық рухым
Көзін әлі аша алмай тұр тұншығып.
Ару ана асыл ер тумағалы,
Ер шықпады ар-намыс қуған әлі.
Алты алаштың тамыры ауылда еді,
Тұрған жоқ па құрт түсіп қурағалы.
Арнасында толқындап аққан арай,
Жұрт жетеді, ендеше, баққа қалай.
Бәйтеректің бұтағы айтшы, ағатай,
Неге иіле береді жатқа қарай?!
8.Құлагері бұл күннің сенсің, бәлкім
Келгендердің бәрі де кемеліне,
Неге толқын атпасын кемеріне.
Азаматтың бірісің
Димаш деген –
Ақ мұхиттың бойлаған тереңіне.
Өмір күліп тұрған соң жанарында,
Биті бардың бәрі өскен балағында.
Қай азамат мінбеді ақ боз атқа,
Қонаевтың құзырлы заманында.
Көкірегіне толқындап Жайық тұнған,
Алыптарды сұм қанша майып қылған.
Басшылықтан кеткенде
Соның бәрі
Қарасын да көрсетпей тайып тұрған.
Уақыттың суырып боз дауылы,
Алты алаштың қаншама тозды ауылы, –
Қонаевты тарихтан өшіргелі
Жүрген кезде жанығып өз бауыры.
Заңғар ала таулардың арасында,
Жалғыз алып шың еді, нанасың ба?
Өмір-өзен болса егер,
Ұмытылып,
Кісі ме еді қалатын жағасында.
Димаш бірі болатын ұлы арыстың,
Қара дауыл күші еді нұрлы ағыстың.
Суық көрде жатса да,
Шара қайсы,
Құтылмады оғынан қызғаныштың.
Тұнық ойлы көзінде нұр ойнаған,
Димаш тойын бұл күнде жұрт тойлаған.
Жақсылығын көргендер
Бұл күні де
Сырт айналып кетер деп кім ойлаған.
Адамдардың әлі де бар уағы,
Қызғаныш тұр асынып қару әлі.
Қайтеді, айтшы, сол сұмдар
Қонаевтың
Көрден шығып ақырса аруағы.
Алайда ойлы үңілген дала, белге,
Кім риза емес өзіңдей саналы ерге.
Ұлы Ағаның тойына ат салыстың,
Ұлы рухын қаратпай қара жерге.
Игі жақсылардың қасында
Бір тұрып суретке түспесең де;
Дастарқанның басында
Бірге отырып шәй ішпесең де;
Ақ кемеге мініп,
Теңізде бірге жүзбесең де.
Шырақ жағып басына мұнараның,
Рухын биік көтердің ұлы Ағаның.
Құлагері бұл күннің сенсің, бәлкім,
Құрсағында жетілген нұрлы ананың.
9.Сардаланың шыңы
Ғасыр жүгін арқалап кемеге артқан,
Сардар жоқта шіреніп жебе тартқан.
Қалың жұрттың ішінде өзің ғана
Үмітке үміт жалғап келе жатқан.
Жанарыңда сақылдап күн күлгелі,
Сенен озып қай мырза жүрді ілгері.
Өлі тарих тіріліп жатқан жоқ па,
Қаржының көмегімен бұл күндері.
Алпауыттар жайлаған бұл ғаламда,
Қай мұратқа жетесің тулағанда.
Басын сүйеп тұрғызды сенің қаржың –
Бәйтерегі өлеңнің құлағанда.
Басып жатып байлығын жамбасына,
Естен бір күн, кім кепіл, танбасына.
Жиып-терген байлығын
Ана жаққа
Тиеп алып кете ме арбасына.
Қара емендер, алайда, өзің барда,
Неге айналсын тағдырдың жаңқасына.
Ұлы айтыс өнерін сенің қаржың –
Салған жоқ па тулатып арнасына.
Жат алдында тізесі бүгілмеген,
Ерсің күмбез кеудесі күмбірлеген.
Алты алаштың өлеңі өлмесін деп,
Күнің бар ма зыр қағып жүгірмеген.
Адалдықтың шырқалмай тұлғалы әні,
Қараулықтың алынбай тұр қамалы.
Өзің сынды арыстар –
Туған елдің
Шаңырағын көтеріп тұрған әлі.
Күн қанатын қаққанда, Ай қанатын,
Сендей ердің орманы жайқалатын.
Азамат деп білемін
Түбі сені
Сардаланың шыңына айналатын.
10.Билік неге өнерге көңіл бөлмейді?
Сөйлеп әсте көрмеген өмірде жалған,
Кісілердің сыры көп көңілде қалған.
Ақ жұлдызы өзіңдей асыл ерлердің
Туған елдің жарқырап көгінде жанған.
Жалғандықпен бетпе-бет айқасқаныңда,
Ақша бұлттар жүзетін Айлы аспаныңда.
Кім-кімге де алыстан көз сап жүргесін
Мүмкіндігін білесің қай қасқаның да.
Заманында өзені тасып тулаған,
Ата қазақ жұрт еді жасық тумаған.
Байдың бәрін өзіңнен аласа көрем,
Ақыл-ойы басынан асып тұрмаған.
Тағдырмен де ұстасып, тайталасатын,
Күндер қайда шеп бұзып, қайдан да асатын.
Бұл қоғамда ер бар ма ақыннан өзге
Қараулықтың бәріне майдан ашатын.
Талай жанның өртеніп өзегі жанған,
Кеудесінде тұншығып өше ме арман.
Болашақ әлі тойлайды шыңға шығарып,
Ақындарын бұл күні көшеде қалған.
Көз суарған найзағай жарқылдарына,
Кейде өзім қуанам нарқым барына.
Өлеңдерім алқа боп тағылды талай
Сұлулардың қазмойын алқымдарына.
Азаматтың бірісің көнені көрген,
Қай кезде де жөн сөзге өрелі көнген.
Билік неге өнерге көңіл бөлмейді,
Ел болуды тілей ме өнері өлген.
11.Бәлкім, керуен шығарсың...
Жүрсең егер көңілден күй ақтарып,
Айың неге тумасын қияқтанып.
Келе жатсаң көшеде
Көрінесің
Қазына артқан керуен сияқтанып.
Көңіліңнің шырқалып қаршыға әні,
Тербеледі таулардың нар шынары.
Мүмкін туған шығарсың арсыздықтан
Дүниені тазалап аршығалы.
Дағдарыста дағдарған көптен бері,
Жұрттың неге өкпе артсын көк пен жері, –
Сен бар жердің бәрінен ақ самала,
Есіп әлі тұрғанда көктем лебі.
Зауал туса егерде бұлқынатын,
Бойға жиып ызалы жыр қуатын, –
Арлы ананың бәрі де шамырқанып,
Ұлтқа тұтқа болатын ұл туатын.
Мына сырқат қоғамға ем іздеген,
Арыстардан үмітін ел үзбеген.
Ару ана қашанда таза болған
Дәрет алмай баласын емізбеген.
Жетіп жүрсең мұратқа ел жетпеген,
Бақыттан да, бақтан да кенде етпеген, –
Өз анаңның арқасы
Дәрет алмай
Өзің жатқан бесікті тербетпеген.
Намыс қаны бұлқынып тулағанда,
Алып туған ана аз ба бұл ғаламда.
Елге қарай бір көктем еспес еді,
Анаң сені албырап тумағанда.
12.Сендей көкжал арыстар
Қойға туған жан қанша ойға тумай,
Ұлтқа тұтқа бола ма тойған құмай.
Сардарды емес,
іріктеп сатқындарды
Кіріптар ғып билікке қойған Құдай.
Қара тобыр бұл жайлы не біледі,
Сөз тыңдамай құр босқа тебінеді.
Қандасына қараспай
Жаттың барып,
Арбасына арланбай жегіледі.
Таршылықтың тарысын қуырғалы,
Зауал әлі төбеден тұр ұрғалы.
Ата қазақ жаралған шығар, бәлкім,
Сағым қуып, адасып шұбырғалы.
Қайшылығы неткен көп өмір еді,
Қамыққанда көз жасым төгіледі.
Ұлы Алла адасқан қай жұртты да,
Түзу жолға салмайтын көрінеді.
Жақсы, жаман жүрген соң араласып,
Ел де алжаспай тұра ма қара басып.
Бетке ұстар ер туса,
Қызғаныштан
Көзін жойған жұрт қанша жағаласып.
О,сұм дүние, сусыған сынаптайын,
Қалай сенің төсіңде шуақтайын.
Қонаевтың заманы қайда кеткен
Жағалауда жайқалған құрақтайын.
Құнарлы еді ол кезде жердің нәрі,
Бүтін еді жігіттің ер-тұрманы.
Ары таза болғасын Қонаевтың
Мейрімді еді, арлы еді елдің бәрі.
Күнге айналған айдыны, Айға айналған,
Сол қасиет бұл күні қайда қалған.
Ұлттың ұлы ұятын жерге көміп,
Ұры-қары ел ішін жайлап алған.
Кеудесіне ақжарма бұлақ тұнған,
Күндер қайда ерлікті мұрат қылған.
Елді қандай ел дейміз,
Бақыт таппай
Көшесінде қыздары жылап тұрған.
Жетесізді оңа ма жетелеген,
Мін деп бұны ойла ма жекелеген.
Елді қандай ел дейміз,
Тірісінде
Талантты ұлын табытқа шегелеген.
Күндерімнің көздерін мөлдіретіп,
Өмір өтіп барады, өмір өтіп.
Жүрегімнің түктерін жебе ғылып,
Атсам ба екен өгіздей мөңіретіп.
Қилы кезде сөз айтсын кім нұсқалы,
Халық әлі биліктен тұр тысқары.
Қара терге малшынып тапқан жемін
Шашып жеген ақ сұңқар құстың бәрі.
Ізгіліктің көрген жоқ жыры ескіріп,
Саңқылдаған дауысы тұр естіліп.
Көкірегің қазына таусылмайтын
Жұртқа қанша жүрсең де үлестіріп.
Уақыт бірақ тұрғанда күрделеніп,
Билік неге сазарды ірге бөліп.
Байлығыңның қызығын
Өзіңменен
Жұрттың бәрі келеді бірге көріп.
Туын жүрген құлатпай нар намыстың,
Бірі өзіңсің бұл күнде арлы арыстың.
Кімнің үсік шалмады ақ үмітін
Жүрекке өтіп ызғары дағдарыстың.
Тап болғанда зауалға қан қаптырған,
Билікке енді кім сенсін зар қақтырған.
Сендей көкжал арыстар –
Туған елдің
Болашаққа үмітін жалғап тұрған.
13.Кім біледі?
Қала қартын көргенде тұнжыраған,
Зарлап шерін айтқанда кім шыдаған.
Тіршіліктің тынысы тұр тарылып,
Жоқтық келіп кеудесін шынжырлаған.
Туған елін кетсе егер шаңға қамап,
Кімді мұрат көресің арға балап.
Қойдан шайыр, қазақтан қайыр кетіп,
Кісі қанша сарсылған жар жағалап.
Ақ арақты қылғытып жұрт ішкелі,
Солғын тартып барады түр-түстері.
Тоз-тоз болған бұл күнде ауыл қанша,
Тамырына бұзаубас құрт түскелі.
Момын жұртты қайғыға, мұңға ораған,
Қайда барсаң алдыңнан құм бораған.
Қырға шығып той тойлап, сауық құрған
Бұл қазақтың қызығын кім тонаған?!
Туған елдің қол салған қорегіне,
Билік құрған мырзалар өрелі ме?
Жер астының байлығын
Қазақ, әлде
Жер астына түскенде көреді ме?!
Неге елдің байлығын жат көреді,
Жақын барсаң қасына тап береді.
Шындықты айтсаң шырқырап,
Семсерімен
Тал бойыңды екіге қақ бөледі.
Хан көтеріп сыйлаған өзгені елде,
Не істейсің қорлыққа төзбегенде.
Шырқырамай қайтейін
Жаңаөзенде
Өз мылтығым өзімді көздегенде.
Зауалы көп заманда Ар сатылған,
Қара адасып жолынан, хан шатылған.
Жаңаөзенде атылған оқтың бәрі,
Оқ болатын халыққа қарсы атылған.
Қай көк соққан ел ішін бүлдіреді,
Жұрт та оны біле алмай дүрлігеді.
Елге қарсы астыртын ұйымдасқан
Соғыс жүріп жатыр ма кім біледі?!
14.Азаматтар ешқашан аласармайды
Бірі қанша болсаң да төзімді ердің,
Желбуаздың сан мәрте сөзін бөлдің.
Көктем болып жүгірсең елге қарай,
Көктем неге күлмесін көзінде елдің.
Көлдерінен қаз атып көңілдестің,
Туған елдің тортөбел төрінде өстің.
Сатқын мына қоғамда солқылдамай,
Сардар салтын ұстанып өмір кештің.
Елін ойлап, күй тартып, жиі егілген,
Ердің бәрі өмірді сүйе білген.
Тектілерді ту етіп көтереді,
Тектілердің жаралған сүйегінен.
Кие қашып өңірден, өмірден де,
Қылмыс неге өршіп тұр көңілді елде?
Жаға болған өзіңдей азаматтар
Елдің алтын жағасы сөгілгенде.
Жолы түзу тартылған таспадайын,
Кім өмірді таңдайды басқадайын.
Өмекеңнің қазына көкірегі
Тарығам деп сарсылып саспа, ағайын!
Бірақ бұлар не біліп дүрлігеді,
Қашан ел боп бастары бірігеді.
Өмекеңнің тарысын теріп жеген
Кім-кімнің де көзінде күн күледі.
Толғанғанда жүрегін нұрға малып,
Самал жұтып қайтатын қырға барып.
Азаматтар ешқашан аласармайды,
Кеудесінде тау тұрған тұлғаланып.
15. Мен де өзіңдей бірімін арманды ердің
1
Тас тағдырдың құрсағын жарып алған,
Ұлылардың тарихта нары қалған.
Арқасында өзіңдей азаматтың
Ақындардың қашанда бағы жанған.
Ердің бәрі анадан бұла туған,
Тұғырлы елдің ерлігін мұра қылған.
Ақын қанша көзінде көктем күлген
Көңіліңнің нұрына суарылған.
Билік құрған заманда есік көрген,
Сәби қанша тұншығып бесікте өлген.
Сенен артық деймісің,
Нар жігіттер
Аштықта елге қоң етін кесіп берген.
Төбеңде ұшып жүргесін бақ айналып,
Бұзып өттің қамалды талай жарып.
Көкжиектен көрінген күн секілді
Сәулең кімге түспеді арайланып.
Көкесіне сүйеніп, тірегіне,
Жеткен қанша арманы, тілегіне.
Ерте менің жұлдызым жанар еді,
Сәулең ерте түскенде жүрегіме.
Буырқанып намысым тулағанда,
Күркіреп жыр оқыдым нұрлы алаңда.
Көзге түрткі болам деп кім ойлаған,
Жиырма бес жыл Димашты жырлағанда.
Қызық қуған, бақ қуған құба белде,
Бұған куә тұғыр да, тұлғалы ер де.
Димашты асқақ жырлаған менен асып,
Ақын бар ма кең байтақ туған елде.
Көлекемді түсіріп терегіне,
Бірақ өкпе артайын неге еліме.
Аруағы Ағаның риза болса,
Сол жетеді...
өзгенің керегі не?!
2
«Бәйге алатын кезінде шаппай барып,
Ақын қанша күн кешкен қақпайланып.
Қонаевты жырлама, – деді ағайын, –
Біреулерге жүрерсің жақпай қалып».
Сағынышын сарнатқан жаз күніне,
Құлақ асқан жан бар ма қаз үніне.
Туған елдің айдынын Айға асырып
Өткен Димаш Ағаның жазығы не?!
Димаш десем, кеудеме жыр толатын,
Қабағыма ол жоқта мұң қонатын.
Білсең, мырза!
Қонаев ұлы Алланың
Жер бетіне жіберген нұр болатын.
Аға барда шырқалып бұлбұл әні,
Жұпар атып тұратын гүлдің бәрі.
Ол кеткелі қолымды жоқтық байлап,
Шырғалаңнан шыға алмай жүрмін әлі.
Қара түтін жұтқызып көше күнде,
Арман қанша өртенген өзегімде.
Қап тауының батыры атансам да,
Бағым неге жанбады өз елімде?!
Қайдан төнген зауал бұл бұғып жатып,
Бозторғайын жанымның шырылдатып.
Тәнін сатып, күн көрген қыз секілді
Ақын қанша күн көрген жырын сатып.
Төсінде ойнап, ержеткен тарлан белдің,
Мен де өзіңдей бірімін арманды ердің.
Болашағы жарқын деп кім айтады,
Ақындары көшеде қалған елдің.
16.Сені жақын көргені
Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,
Біздің елде ер қанша күні батқан.
Тұнық ойлы, кеуделі азаматсың
Өмірінің өзені тұнып аққан.
Жалғандық пен шындықтың егесінде,
Құба белде жүгі ауған ел есіңде.
Жұрттың бәрі сондықтан сені іздейді,
Келе жатқан үрейдің кемесінде.
Жасын төгіп, мұң-шерін құзға ақтарған,
Жұрттың бәрін дағдарыс қыспаққа алған.
Елді ойлайтын бұл күнде билік бар ма,
Тауқыметтің тауында қыстап қалған.
Бодандықты боздатып жарға ұрғалы,
Ердің неге үні өшті нар тұлғалы?
Суық тартып барады қайран өмір
Адалдықтың Аралы тартылғалы.
Құба белде шаң борап, суырғаны –
Туған елдің биліктен суынғаны.
Ұлттың ұлы арнасы қусырылған
Таршылықтың тарысын қуырғалы.
Бұрындары күн кешкен шырайланып,
Жұртың бүгін нарыққа тұр байланып.
Тарыққанда қайтеді сені іздемей,
Билік елден кетсе егер сырт айналып.
Қызық қуған төсінде құба белдің,
Бәрі бірдей өр емес тұлғалы ердің.
Билікті егер іздемей,
Сені іздесе,
Сені жақын көргені туған елдің.
17.Туған елдің семсері
Шырғалаңға салды елді заман қалай,
Болашаққа бола ма алаңдамай.
Оу, Өмеке, жаман ба есіп тұрса,
Өлеңімнен бір сәуле саған қарай.
Кеудесіне мөлдіреп бұлақ тұнған,
Арыс қайда арманын шырақ қылған.
Көшелерде көзінен сорасы ағып,
Ақиқатты көремін жылап тұрған.
Жұрттың бәрі өзіңді сағынғанда,
Сені іздейді тауаны шағылғанда.
Іздеп сені табады өліп-өшіп,
Жоғын іздеп бұл қазақ сабылғанда.
Сардар ердің салғыртын, алғырын да,
Көрдік талай тағдырдың сан қырында.
Текті атаның рухы деп білем сені,
Туған елдің тулаған тамырында.
Димаш-ғұмыр өткен деп қала салып,
Тойына арнап мал сойдың, қара шалып.
Кеудесінде тауы жоқ жанның бәрі
Қалды солай алдыңда аласарып.
Көңіліне мұз болып тоң қатқалы,
Бірін-бірі жүрген көп орға атқалы.
Қонаевты жамандап жүрген қанша,
Құзырлыға көк даңғыл жол тапқалы.
Көк найзасын сүңгі етіп текті ұштаған,
Ердің басы шайқаста текке ұшпаған.
Туған елдің семсері сенсің, бәлкім,
Ар-намысқа суарып, сертке ұстаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter