Өлеңдер ✍️

ЖЕҢІСКЕ
Көктем келіп, кіргенмен жердің әрі,
Кернегенмен кеудені көлдің әні.
Бас-аяғы толысып, бүтінделіп
Кетпеген кез еді ғой елдің әлі.
Ол жылдардың қайғысын дала ғана
Көтерген-ді,
Көтерген Ана ғана...
Есек мініп мектепке барған алғаш
Сен емес пе ең сондағы қара бала!
Мені үнемі сыйладың аға көріп,
Аға көріп және де жаға көріп.
Екі есегің бар еді,
Соның бірін –
Жүрегімді қуанттың маған беріп.
Ажырамай жетімдік – жолдасымнан,
Бейнет шегіп, зар кештім он жасымнан.
Көп қуандым
Сен берген қара есекті
Тұрсынбектің кем көрмей жорғасынан.
Күні күліп, қызынып қалған дене,
Ғайбат сөзге болмасын талқан неге?!
“Жібергендей нағашың ат мінгізіп,
Сонша неге қуандың, аңғал неме!”
Деген сөз де естідім біреулерден,
Дүниеге өздерін тіреу көрген.
Ақ басты атам со кезде былай деді
Ар-намысы арыдан түрегелген:
– Жаңылған жоқсың, шырақ, есебіңнен,
Қайта көшкін күлкіңе кеше күлген.
Атқа мінген жандардан, таққа мінген,
Озған жоқ па жыр – Жамбыл есек мінген.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇