Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  334


Автор: Рафаэль Ниязбек

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН ЕСКЕРТКІШІ

Туған елің –
Бағаңды түсірмеген,
Тастан қашап,
Өзіңді мүсіндеген.
Сен кінәлі емессің, сардар аға,
Жандар болса кезінде түсінбеген.
Бір-ақ туар, жан аға, бір ғасырда,
Сұлулықтан құйылған тұлғасың ба?
Мен білетін әйтеуір жалғыз нәрсе,
Қалған жоқсың өмірдің жылғасында.
 Не пәленің тірлікте көбін көрдің,
Көбін көрдің,
Бірақ та шегінбедің.
Көсегесін көктемнің сен көгертіп,
Жамап өттің жыртығын көңілдердің.
Сұлулыққа жаралған, сұңқарым-ай,
Өлең бердің жұртыңа,
Өмір бердің.
Өзің талай кезінде шығып жүрген
Ескерткішің тұр содан төрінде елдің.
Тас тұлғаң тұр,
Тұлғаңа жақын бардым,
Өзің барда от шайнап, жарқылдар кім?
Серісі едің бұрынғы серілердің,
Ақыны едің арқалы ақындардың.
Келе қапсың қасыңа серік те ертпей,
Қалай тұрсың атыңмен желіп кетпей.
Мойынқұмның жері де,
Елі де ыстық
Тұр әйтеуір тас денең еріп кетпей.
Жалын кешіп жүгірдің жас ғұмырда,
Сені көріп мың сан жау қашты қырда.
Көк сүңгідей шаншылып тұрсың енді,
Кішігірім тау сынды тас тұғырда.
Суық түсіп,
Жүзіңді сыз өпкенде,
Ізет көріп өскен ең ізетті елде.
Тұрсың ба әлде
Бірге еріп кеткің келіп
Сылаң қағып қасыңнан қыз өткенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу