Өлеңдер ✍️
КЕЗДЕСУ
Кездесті бұл екеуі
Түн ішінде құмда бір.
Бұрылып қалай өтеді! –
Қалың обы, сұр дауыл.
– Ей, бұрыл да, тұра тұр,
Мен өтейін, жолды бер.
– Жоқ, өзің-ақ бұра тұр,
Асығыспын, бол, жібер.
– Бұрыл, уақыт кетірме,
Суыт жүрмін мен тіпті.
Мал жайылымы шетіне,
Алып келем бұл жүкті.
– Я, мен де солаймын...
Бетпақ шөлдің өрінен,
Жүріп келем талай күн,
Моторлармен, темірмен...
– Таныс маған дауысың,
Айтшы, досым кім едің?
Құмда шофер танысым,
Жоқ еді ғой, білемін.
– МТС-ке келдім мен,
Шофері едім қаланың.
– Мен де келіп Сібірден,
Жайлау жолын қаладым...
Майданда сен болып па ең?
– Біз ғой, өткен бұрын кеп –
Гвардия полкпен,
Днепрден дүбірлеп.
– Мен де өткемін, тап сол түн
Қисайған тар көпірден.
Днепрге – қан толқын,
Ар жағы жау бекінген.
– Уа, Колеяка!
– Бекенім!
Майдан досым, кел бері! –
Құшақтасты екеуі,
Кең көтеріп кеудені.
Қоса шегіп шылымды,
Машинаны суарып...
Достық кеңес құрылды,
Жол сырлары сұралып.
– Онда майдан...
Мұнда да
Шоферге әлі жол ауыр.
Жүргізбейді бұл дала,
Бұрқап кейде құм дауыл.
– Жорту қызық жапанда,
Іздеп алыс жайлауды.
Келсем жүйткіп отарға
Қойшы жүзі жайнайды.
Мен де қырға қызығам,
Бұл бір рақат іс мүлде, –
Толқып жатса қызыл дән,
Машинаның үстінде.
– Ендеше дос, қимылда,
Уақытты бос кетірме.
Шұғыл, шапшаң бұрыл да...
Бұрылғандай көпірде.
Екеуі де бұрылды,
Өтті жарып өр белді.
Тездікпенен бұрынғы,
Құйындата жөнелді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter