Өлеңдер ✍️
Көкорай, Көсеге жон қандай салқын!
Көкорай, Көсеге жон қандай салқын!
Сол жерді мекен етті ізгі халқым.
Басына зиратының ел келгенде,
Бір аунап түскен шығар әкем марқұм!
Әкемнің моласындай құлазыған –
Бетіне Бетпақтың да жүгірді қан.
Береке ақты саулап, Қаратаудың
Емшегі қайта жібіп шандырланған.
Бетпақ шөл панасында Қаратаудың,
Орнауда, енді соған колхозды аулым.
Жапанда жаңқаланған жалғыз ағаш,
Ну болып өсті демде тартып зәулім.
Жаңғыртып радио сахараны,
Күніне соны хабар апарады,
Бас иді барлаушыға, Бетпақ шөл де
Даланың жан баспаған жат аралы.
Білемін: бедірейген бір заманда,
Сол бір шөл, ұқсай берер жазғы таңға.
Еңбектің емірентпес жері бар ма,
Кім білед, онда да өсер қызыл алма.
Үстінен құс ұшпаған айдаланы,
Ыңырсып жатыр алып колхоз малы.
Самал боп есер сонда жаңа көлден,
Жаланған шөлдің жалын керімсалы.
Тілсімді тоқсан тіліп, темір жолды,
Тартармыз Қаратаудан оңды-солды.
Жалдарын Көкшеқұмның жарып өтіп,
Паровоз басар талай құба жолды.
Замана ұшқан зулап бір отарба,
Жеріңе жетіп қонсаң арман бар ма!
Аузымен ұя салған қарлығаштай,
Бір нұсқа тастап кетсең ұрпақтарға.
Келешек төреші ғой қарт тарихқа,
Тартынбай, тағдырыңды арт тарихқа.
Тоздырып қынабында ақ семсерді,
Айыпкер бола алмаймын ар-ұятқа!
Жанымды жайып тастап кең далаша,
Асыр сап жүрмін, міне, мен балаша.
Арман не ұйқы көрмей өткен түндер,
Халқымның кәдесіне тек жараса!
Ай жалғыз, жұлдыз жиі зеңгір көкте,
Жетпейді соның бәрі айға, әлбетте.
Көмескі, бірақ титтей көрінсе де,
Еш жұлдыз өшпек емес мәңгілікке.
Ғасырлар қажый алмас алып тұлға –
Табиғат – мәңгі анамыз жасар жылда.
Баяғы Қаратауым қала берер,
Куә боп не-не ықылым ғажап сырға.
Ұршыққа шыр айналып жердің шары,
Тәулікте таба берер орнын тағы.
Құлпырар көктемеме көк теректің,
Сарғайған күзге таман жапырағы.
Алтын ту – әлем күткен, жылдарда да,
Қаратау кезек қарар Сырға, Арқаға.
Тамаша махаббаттың арай таңы,
Толықсып тұрып алар екі ортада.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter