Өлеңдер ✍️
ЭПИЛОГ
Аспанның алтын сары әңгелегі,
Теңізге моншақ сеуіп дөңгеледі.
Күн жаңа көтерілген, шығанақтан
Айдынның жағасында шал келеді.
Ағекең жеті белден асып келген,
Шөлі ғой қоламтасын басып көрген,
Теңіздің исі түртіп оятқандай,
Азанда жөнеледі асып өрден.
Келеді көк телегей жиегіне,
Толқындай ақ сақалы иегінде
Қозғалып,
сәлем етер осы қартың
Теңізге, ақша басын иеді де.
Сол бір сәт тұрады да
ойлап мүлгіп,
Толқындар, шақырғандай
ойнап жылжып.
Күлімдеп кәрі жүзі қақпышталған,
Айдынға күмп береді бойлап жүзіп,
Қалқиды күнге қарап ну бетінде,
Науаннан нұр енгендей келбетіне,
Ағынға құлаш жайып,
Қарыштайды,
Бесіктей денесін бір тербетуге.
Келгендей керуендеп шөлді қырмен,
Сіміре жұтады шал мөлдірінен.
Содан соң отырады көкжиекте,
Талының шұғыла түскен селдірінен.
Бұл жаға алқаланған мәуе көкпен,
Шырылдап әнші құстар әуелеткен.
Толқынның күбірінен сыр тыңдайды,
Қария, көк теңізге тауап еткен.
Қараса сол айдынға ой басады,
Қиялы құла дүзге бел асады.
Сонау шөл, қаңыратқан шал аңқасын,
Осынау телегеймен ұласады.
Атаның көрдей еді-ау шағырлары,
Көрген сол бейнет қой ғұмырдағы.
Қайнаған арманы ма бабалардың–
Қараса, теңіз беті шымырлады.
«Апыр-ау, бұл күнгі жұрт құдірет пе?
Несіне жалбарындық бұрын көкке?
Шалқытты көк айдынды сұр жапанда,
Сыр суын бұғаулады бұрып шетке!»
Осылай өткенді ойлап толғанады,
Күрсінсе көтерілер сәл қабағы.
Ал мынау кереметке пайда болған,
Ағекең келіп талай таңданады.
Құмында жел ойнаған сайын дала,
Бұл белде мола еді ғой жалғыз қара.
Кешегі «Жаушықұмда» тұрды жайнап,
Көшесін гүл бүркеген сәнді қала.
Өз жері Ағекеңе таңсық әлі.
Құлпырып кетті қазір әр шығаны.
Ежелден көп түнерген түкпірлерде,
Жағылды электрдің шамшырағы.
«Қалған Сыр» десе, Ағаң шаттанады.
Тәтті сыр енді мәңгі сақталады,
Жиналып шартараптан қауым болды,
Сүйеді совхозына шақ қаланы.
Апырай, өтті қалай сол қыңыр шақ?
Аз ру болып еді қырық пышақ.
Жағада түрлі жұрттың жүрді жасы,
Жайқалған мәуедегі өрік құсап.
Заманның лебі ізгі, бәрі дұрыс.
Келтірген осылар ғой еліме ырыс.
Есіне түсті канал «Өгізарық»
Алқапта сыңсып тұрған күміс күріш.
Несібе бітті шалқып сұр белеңге.
Разымын еміренген Сырға мен де.
Бір аунап түскен шығар ата-бабаң,
Көз жасын сыққан талай су дегенде.
Еске алып шөліркеген жер елесін,
Барлайды көк теңіздің кенересін.
Тұрды шал,
келіп қалды келін, міне,
Көтеріп былтыр туған немересін...
Сонысы шалға ерсі көрінеді, –
Халатын шешіп келін керіледі.
Сүңгиді қазір суға ұят қайда,
Апырау, өзі неткен керім еді?
Келіні Алмагүл ғой, бізге мәлім.
Білеміз Темірдің де ізгі жанын.
Телегей тасығанда, тойлы күні,
Бұрыннан ынтық жігіт сүйді жарын.
«Уа, заман!
тас көмірден жібек өрген,
Жанарлы май атқызған түнектерден –
Кешегі жауым Садыр, – құдам болды,
Жеңілдік салты басқа түлектерден.
Көндік қой...»
Шал толғанып аяңдады.
Өзіне өткен істің аян бәрі,
Үшпуды жазған пақыр кездесті де,
Ағекең өткендерін баяндады.
Сыңсыған шуын естіп шағаланың.
Теңізді мен де бірге жағаладым,
Шомпылдап қаз-үйректей суда жүзген,
Тыңдадым қыз-жігіттің қалап әнін.
Халқымның көз нұрындай арнадағы,
Бұл теңіз жайнатып тұр сар даланы.
Талай түп телегейдей тебіреніп,
Толғадым шалқып жатқан Шардараны!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter