Өлеңдер ✍️
БЮРО МӘЖІЛІСІНДЕГІ СЕКРЕТАРЬҒА ХАТ
(Төлеутай Құлмағамбетовке)
Досым сені
Күттім ұзақ, өтті күн.
Тамаша күн!
Көкте бір бұлт жоқ бүгін.
Енді, міне, ымырт басты Ақбеттің
Ақ күмістей жарқыраған шоқтығын.
Әлі мәжіліс.
Мол-ау мәнді мәселе.
Түн жетпесе, ертең тағы еселе.
Міні аз ба, біздің кербез Баянның,
Мүсіндері қанша сұлу десе де...
Ал, мен сені сырласуға шақырдым,
Баян көркін ойға сызып жатырмын.
Қызылтауға жүрші бірге,
жайлауда –
достары көп секретарь мен ақынның.
Жоталардан жорғалап қой өргенде,
Кездесерміз шопан қартқа өр кеуде.
Мәселеңнің өрмегін сол ағытар,
Тек мүдірме, күрт сұрақты бергенде.
Жүр кезейік, Шідертінің жазығын,
Тыңдайын мен туыстардың мәз үнін.
Сен де тыңда, тұлпар баққан жігіттің,
Саған айтқан талабы мен әзілін.
Қашан, досым, мәжілістен келесің?
Сағындым мен Ақшоқының белесін.
Екеуміз де үгітшіміз сол қырда,
Өткізейік шопандардың кеңесін.
Дулы-шулы жиындардан қажыдым,
Тыңдайыншы дала даусын, жан үнін.
Осынау таудың өрендерін жинасаң,
Күні -түні сырласуға әзірмін.
Әлі мәжіліс, мен де әлі ояумын,
Жарым түнде сызылды бір баяу үн.
Сірә, сонау Сабындының басынан,
Ән шырқады саңлақтары Баянның...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter