Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.04.2022
97
МІНЕ, БІР ҮЙ ТҮСЕ БЕР…
Міне, бір үй түсе бер,
келген жоқсың молаға.
Жолда жүрген кісі егер
үй таңдаса оңа ма.
Сықырлауық қақпа бар,
кір тезірек, бәрі үйде.
Бала деген қаптаған
шығады өріп, әрине.
Қарап саған сүзе бір,
дауаламай жүрегі,
аздан кейін тізеңе
қонар келіп біреуі.
Ал, кәрілеу шешесі
бәрін қуып дүр сілкіп,
қымыз құяр,
кесесін
бармағымен бір сүртіп.
Келгенінше шамаға,
Көрінбе ірі, байқа әлі.
Жүргеніңді қаладан
калпағың-ақ айтады.
Дастарқан мол онсыз да,
қайсібірін асарсың:
түнде жортқан жолсызда
жолаушыдай сасарсың.
Домбыра тұр тұсында,
бұрауын көр көтеріп.
Жөн сұраса қысылма,
қонақпын де — жетеді.
Ал, кетерде...
сезімге
ауыр тиер — қиын бұл,
үмытпассың өзің де
бір баласын сүюді.
1969, 1982
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter