Өлеңдер ✍️

  03.04.2022
  121


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

СІРӘ, САҒАН ҰНАЙ АЛМАС БҰЛ АҒАҢ,— …

Сірә, саған ұнай алмас бұл ағаң,—
кұтылмаспын өсек, ғайбат, бопсадан:
әдейі арнап ұнамасын деп саған,
ойымды айттым өз көңліме ұнаған.
Сен ақылды болсаң екен, міне — арман,
Үміт, сүю, түңілуден құралған.
Жақсы жанның ұнатқаны — тілегім,
қауіптенем жамандарға ұнаудан.
Сен әуелі тереңірек көр, үңіл,
ілер болсаң — биіктіктен көріп іл,
әрбір жолым қиынырақ қиысса,
қиындыққа жасаған бір жорығым.
Тек әйтеуір, асықпашы, байқа әлі,
қарап көрші, қарап көрші қайта алып.
Тілге көнбес нәрселерді кейде мен
емеурінмен, иегіммен айтамын.
Көркемдікті жасырамын мен кейде,
түк қалдырмай көз көретін деңгейге.
Мен түгілі табиғат та,
асылын
тереңірек, тереңірек көмбей ме?!
1969, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу