Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.04.2022
218
Ауысқан ауыл аты
Болатұғын бір ауыл,
Кәдімгідей ірі ауыл.
Аты – «Шарапхана».
Мүмкін, бұрын бұл жерде
Келген-кеткен күллі елге
Берген болар шарап қана.
Бірде оған басшы барыпты,
«Шарап» сөзін ұнатпай қалыпты.
Мұндай сөзді өзгертіңдер депті елге,
Басшы айтса, сөзі текке кеткен бе?
Ауыл болып жиналып,
Көп ойланып, қиналып,
Жаңа бір ат іздепті.
Бір қу тұрып сол шақта.
«Жаңа ат табар болсақ та,
Ұмытпайық әр шақта
Ішкілікті біз, – депті,–
«Шарапхана» дегенді
«Қаратас» деп алайық».
Ешбір күдік жоқ енді,
Құптады оны халайық.
Құлаққа да қонымды,
Айтуға да тәп-тәуір.
Жақсы ат алып орынды,
«Қаратас» боп кетті ауыл.
* * *
Тек, бұл сөздің бар еді бір жұмбағы,
Шараптан да шатақ-ақ:
«Қаратасты» кері оқысаң мұндағы,
Болып шығар – «Сат арақ».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter