Өлеңдер ✍️

  28.03.2022
  191


Автор: Абдрахман Асылбек

Ұр, тоқпақ

Ақын ақын болар ма?
Ақын батыл болар ма?
Өз ұлтының тағдырын
Толғамаса шын тоқтап?
Ертегі емес, тегінде,
Мына біздің өмірге
Керек екен «Ұр, Тоқпақ!»
Іске аспаса заңымыз,
Болмақ қандай мәніміз?
Керек екен «Ұр, Тоқпақ!»
Мейманасы асқанға,
Заңды белден басқанға
Керек екен «Ұр,Тоқпақ!»
Айналаңа қара, көр,
Қаптап кеткен парахор,
Керек екен «Ұр,Тоқпақ!»
Жастар сыйлап кәріңді,
Абырой мен арыңды
Қалар екен кім сақтап?
Жарқыратып кіндігін,
Қыздар түрсе түндігін,
Керек екен «Ұр,Тоқпақ!»
«Біреу еді опағым,
Екеу болды сопағым», –
Деген екен аналар,
Ұрпағына сыр сақтап.
Деп кірген ел бағынсын –
Тіліңді орыс не қылсын?
Келді енді «ағылшын»,
Төрге шықпақ бір сәтте-ақ.
Жылжығанмен бір адым,
Кері кетіп екі адым,
Тіліміз тек тыртақтап,
Бір орнында тұр тоқтап,
Керек екен «Ұр, Тоқпақ!»
Парламент пен Өкімет
Кергенімен көкірек,
Жиырма жылдың ішінде
Бейшаралық пішінде,
Тек орысша сөйлесе,
Оларға да ендеше,
Керек екен «Ұр, Тоқпақ!»
Сақтамасаң тіліңді,
Сақтамасаң дініңді,
Халық дейді кім мақтап?
Сақтаған боп түріңді,
«Көргенмен бір күніңді»,
Тез-ақ еріп кетерсің
Қар секілді үрінді.
Асқан жалқау анық біз –
Қазақ деген халықпыз.
Көп нәсіптен осылай
Құр алақан қалыппыз.
Қамшылауға намысты,
Түзетуге шабысты,
Керек екен «Ұр,Тоқпақ!»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу