Өлеңдер ✍️

  28.03.2022
  180


Автор: Абдрахман Асылбек

Қазақтығымыз қайда?

Петров, Сидров, Сигаров,
Дуров, Хренников, Жигалов...
Болып кетті деп ата-тектері,
Сібірде жатқан шеткері
Чукшаларға күлуші едік,
Орыс болып кетті деп жүруші едік.
Ал, өзіміздің тегіміздің,
Туып өскен жеріміздің:
Түлкібаев, Аюбаев, Қоянбаев,
Күшікбаев, Мысықбаев, Ноянбаев...
Алексеевка, Антоновка, Петровка,
Дмитриевка, Полтавка, Покровка...
Болып кеткенін ескермедік,
Ескерсек те, дес бермедік.
Ата-тектегі «ов» пен «евті»
Алып тастауды қош көрмедік.
Онда тұрған не бер екен?
Сөздігімізден орын алды олар бекем.
Көзіміз көріп,
Құлағымыз көніп,
Санамызға еніп,
Басымызды шұлғи бердік,
Ұйқылы-ояу мүлги бердік...
Оны қойшы, бәрінен де қиыны,
Тоқсан ауыз сөздің түйіні –
Тіліміздің қиыр-шиыры.
* * *
Бала туса, шілдехана тойланбады,
Оны жоқтап, ешкім ойланбады,
Бесік тербетіліп, ырғалмады,
Бесік жыры жырланбады.
Оны айтатын әжелер
«Бабушкаға» айналды.
Аталары мәпелер
«Дедушкаға» айналды.
Өйткені, олар қазақша білмейді,
Білсе де, сөздері жүрмейді.
Орысша өрбітіп гөй-гөйді,
Үйдегілер орысша сөйлейді,
Каталканы орысша тербейді.
Бала яслиге барса-дағы,
Тәрбиешілер орысша қарсы алады.
Орысша мультфильмдер көрсетіп,
Блабақшада «ержетіп»,
Бала мектепке барғанда.
Қазақша білмесе, таңданба.
Содан орыс тілі ана тіл боп,
Ерекше дара тіл боп,
Шыға келеді,
Қазақ тілі бейшара халде бұға береді.
Ағылшын тілін алайда,
Үйрену керек қалайда.
Қазақ тілі қалып қалқада,
Орыс тілі мініп арқаға,
Ағылшын тілі еніп алқаға,
Батыл жүріп кетеміз,
Ғаламдану қақпасына кіріп кетеміз.
* * *
Қолдап туыс, ағалар,
Осылай өскен балалар
Барынша білім алғанда да,
Билік басына барғанда да,
Арқа тұтып болыстығын,
Алға қойып орыс тілін:
Қайталап бұрынғы гөй-гөйді,
Тек орысша сөйлейді.
Елбасының Жарлығы
Орыс тілінде жетеді.
Жиналыстың барлығы
Орыс тілінде өтеді.
Тәуелсіздік алдық дейміз,
Ауызды білеп айға.
Жарқырап жандық дейміз,
Қазақтығымыз қайда?
* * *
Қазақ тілін білмейтін қазақ көп,
Орыс тілін білмейтін орыс жоқ.
Осылай бола берсе, түбінде
Кетпейміз бе орыс боп?
* * *
Қазақ болып қалу үшін,
Мәңгі лаулап жану үшін,
Бабалар сенімін ақтауымыз керек.
Саралайтын тарихты,
Даралайтын халықты
Ана тілімізді сақтауымыз керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу