Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  333


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚАҢТАР. АЯЗ. ҚАРА ТҮН

Қараңғы түн...
Көрінеді жол қашан?
(Жол қадірін білер ме едің тоңбасаң?..)
Туған ауыл қай бөктерде? Қай тұста?
Жетермін бе қанатымды қомдасам?!
Қаңтар...
Аяз...
Қара боран тұр ұлып.
Қара аспаннан ой жауады сырылып.
Қара дала... Қалш-қалш етіп иығы,
қол бұлғайды қауқарсыздау бір үміт.
Заты момын, түлігі мол қауымды,
өгейсітіп өзім туған ауылды
алдым ба әлде?
Адастым ба?
Бұл қалай?
Қара түнде айыра алмай тауымды?..
Қайда келем?
Жөн бе мына бағытым?
Көзді байлап қойғандайын тағы түн.
Көрінбейді туған ауыл жарығы.
Қайда жырым?
Шалдыққан ба шабытым?..
 
Түзде боран...
Көңілде үрей...
Түн үнсіз...
Арман қашып бара жатыр тұлымсыз.
Жол – бұлыңғыр.
Үміт, күдік – екі ұдай,
жүрегімді ұрғылайды тынымсыз.
Қараңғы түн.
Көрінеді жол қашан?
(Түсінер ме есті пенде толғасам?)
Алай-дүлей ақ түтегі ғасырдың...
Өтермін бе қанатымды қомдасам?!
Жетермін бе?
Көрінеді жол қашан?..
ақпан, 1995 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу