Өлеңдер ✍️
Оңаша қалсам...
Оңаша қалсам...
Ойлардан қаным тасиды.
Қайнайды миым,
құрт көжедейін ашиды.
Ашу мен ыза,
нала мен шерде шек бар ма?
Шерменде жүрек
жауап таба алмай жасиды.
Сұрақта шек жоқ.
Шын жауап... Айхай, шын арман!
Шықпайды көңіл
шиырлап шыны мұнардан.
Көк бөрі заман талап жатқандай жанымды,
Тамтығын қоймай
көкірегімдегі тұмардан.
Әлем де-жәлем...
Әлемнен белгі қалмастай,
жоқшылық келіп
қайрайды тісін алмастай,
Өңім бе? Түс пе?
Жәудіреп көктің жанары,
тоғайға қалың
ұқсаймын қалған жан баспай...
Көңілде – күмән...
Ішімде – бақсы-ой елірген,
күндіз де түнде
жүйкені мұжып, кемірген,
жалғыздық атты
жартаста қалған жандаймын,
ұқсаймын кейде
далаға күзгі жел үрген.
Жүрегім жалғыз.
Көремін жалғыз түнгі Айды.
Ойларым жалғыз...
Ғұмыр кешуің – мұң-қайғы.
Жер басып жүрген
пендесін жалғыз көктегі
Жаратқан Ием – Құдайым ғана тыңдайды.
... Мына кеш маған
не берер екен? Мына таң?
Бағым мен Сорды тағдырға қалай сынатам?
Ашу мен ыза, нала мен шерге не деймін?
Тасыған қанды,
ашыған жанды
қалайша, қайтіп жұбатам?!
тамыз, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter