Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.03.2022
147
Басы да емен....
Басы да емен, ғаламның аяғы емен,
баяғы жыр кеудемде – баяғы өлең.
Сен мұңайсаң – мұңайып аспан асты,
сен қуансаң – құшағын жаяды әлем.
Шуламайды жапырақ... Текке қайың...
Өзекті жан – өмір ғой... Өкпе дайын.
От кешкендей боламын сен өксісең,
сен шаттансаң – билейді көктегі Айым.
Ордам менің ойлармен еңселі еді.
Ойларыма, байқаймын, ел сенеді.
Сенім атты арнаға бастаусың сен,
сен қуансаң – кемерім теңселеді.
Күн шығады, қызарып күн батады,
тіршілікті жалғайды жылға тағы.
Сен күрсінсең, күрсініп көк тауларым,
ормандарым ортайып тіл қатады.
Сенсіз ойдан азапты шегер денем,
сенсіз жалын, шуағын төгер ме өлең?!
Мынау аспан астында, жер үстінде
сен болмасаң қайтар ем егерде мен?!
қыркүйек, 1996 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter