Өлеңдер ✍️
Туысыңды таптың ба?
Жайпаң іздеп туысын,
Сүзіп қуыс-қуысын,
Мекемелерді шарлап жүр,
Басшыларын барлап жүр.
Кіріп барды әуелі
Жайқатылған мәуелі
Зәулім балабақшаға:
– Сәлем бердік, жақсы аға!
Сырттай естіп елеңдеп,
Келіп тұрмын бөлем деп..
Бастық сасып қалды,
Басын қасып қалды:
– Жаным-ай,
Отырғаным танымай...
Жайпаң желіп кетті,
Жеті атасын теріп кетті:
– Арғы атамыз Айтан,
Айтаннан – Байтан,
Байтаннан – Байпаң,
Байпаңнан – Майтан,
Майтаннан – Тайтаң,
Тайтаңнан – Жайтаң,
Жайтаңнан – Жайпаң.
Сол Жайпаң менмін,
Өзіңізге келдім...
Бастық ұқты –
Бөле болмай шықты.
Жайпаң жүріп кетті,
Тағы бір мекемеге кіріп кетті.
Бастығына жалпылдай,
Сәлем берді аңқылдай:
– Айналайын ағамыз,
Елтірі тон жағамыз.
Сөзіңізді бағалап,
Көңліңізді табамыз.
Жақсыңызды асырып,
Жаманыңызды жабамыз.
Біз секілді ініге
Көмектесіп қараңыз,
Бір әжетке жараңыз..
Бастық сасып қалды,
Басын қасып қалды:
– Жаным-ай,
Отырғаным танымай...
Жайпаң желіп кетті,
Жеті атасын теріп кетті...
Бастық ұқты –
Іні болмай шықты.
Жайпаң жүріп кетті,
Бізге де кіріп кетті.
Сыртымнан біліп кетіпті,
Туыс тұтып іліктетті.
Бара-бара қызып кетті,
Жеті атасып тізіп кетті:
– Арғы атамыз Айтан,
Айтаннан – Байтан,
Байтаннан – Байпаң,
Байпаңнан – Майтан,
Майтаннан – Тайтаң,
Тайтаңнан – Жайтаң,
Жайтаңнан – Жайпаң...
Солай де сайтан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter