Өлеңдер ✍️
Қой мен Қоян
(Ертегі-мысал)
Қой мен Қоян әңгімені бастады,
Ешкімнен қорқып-саспады.
Қой былай деді:
– Момын ғып жаратқан Құдай мені.
Сен де менен қалыс емессің,
Момындықтан алыс емессің.
Демек, бірімізге-біріміз
Ағалы-ініміз.
Аң патшасы Арыстан жақында,
Келгендей шын ақылға:
«Патшалығымды кеңейтемін, – депті,
Байлығымды көбейтемін, – депті.
Аңдар бірін-бірі жемейтін болады,
Бірін-бірі жебейтін болады».
Қуанып қалдым дегеніне,
Бұдан басқаның керегі не?
Қоян да қарап қалмады,
Жан-жағына қарап, алақтады:
– Ондай сөзге, Қой аға,
Шынымен көңілің тоя ма?
Мен өтірік сөзге сенбеймін,
Еш жақсылық көрмеймін.
Мені аңдар қорқақ дейді,
Барлық жерде шорқақ дейді.
Бүркіттер бүріп кетеді,
Қарсақтар іліп кетеді,
Қасқырлар қырып кетеді.
Жыл өткен сайын, наныңыз,
Азайап барады санымыз,
Қыл ұшында тұр жанымыз.
Қызыл кітапқа кіріп барамыз,
Бірте-бірте құрып барамыз.
Қой да мұңын айтты,
Мұңын емес, шынан айтты:
– Бір кезде қазақ жерінде,
Жасыл жайлау төрінде
Жүз миллиондап жайылдық,
Ел керемет байыды.
Айтқан сөзге наныңыз,
Ал, қазіргі санымыз
Ауызбен айтып болмайды,
Бес миллионға да толмайды.
Жеп жатыр басшылар аяусыз,
Біз де құрып кетуге таяумыз.
Мұның себебі неде?
Тегіннен-тегін деме.
Емес басқа,
Арыстан патша
Бірінші орынбасары Барыс,
Азуы кере-қарыс.
Екінші орынбасары Аю,
Оның да ойы – баю.
Кеңесшісі Түлкі,
Белгілі ғой құлқы.
Қалған қырық уәзірі,
«Дайын дастарқан мәзірі».
Қарсақтар мен қасқырлар –
Кілең жемқор тақсырлар.
Сонда, қалай оңаламыз?
Қалай парасатты бола аламыз?
Биліктегілер әлгі
Жасай бермек пе мәңгі?
Мұндай патшалыққа сенбеймін,
Жарқын болашақты көрмеймін.
Қорлық көрген аңдардың
Ашуларын аңғарғын:
Жанартаудай бір күні
Көкке атылып бұрқылы,
Ақ жалынмен ағартар,
Жердің бетін жаңартар.
Оянғандай Қоян да,
Озып кетті ойы алға:
Бұл тірліктің бағасын
Дұрыс айттың, ағасы.
Еш нәрсе жоқ мәңгілік,
Тұрар бәрі жаңғырып.
Алтын таң да ағарар,
Патшалық та жаңарар.
Аңдарда да теңес болар,
Бірін-бірі жемес болар.
* * *
Жол бермейік күмәнға,
Бәрін шешер бір Алла.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter