Эсселер ✍️
Нұрлан
(Замандас хақындағы эссе-толғаныс)
Әлқисса, ақ қағазбен бетпе-бет келгенде бәрі айқын, бәрі белгілі сияқты еді... Дегенмен... Тіліңнің ұшына оралар әуелгі сауал: «Қай
Нұрлан?» деген сөз екені даусыз. Әрине, біз мұнайшы, бұрынғы премьер-министр Нұрлан Балғымбаев туралы да, немесе замандас-әнші Нұрлан Абдуллин туралы да қалам тербегелі отырмағанымыз анық.
Сонымен тақырып: Ақын – Нұрлан, Азамат – Нұрлан Мырқасымұлы, Адам – Нұрлан Оразалин...
Бүгінгідей қиын да күрделі кезеңде ақын Нұрлан мен қайраткер Оразалиннің ара-жігін айырып, жан-жақты таратып, талдау оңай емесі белгілі. Өмірдің өткені бар, өтпелісі бар, өзгермелі мінезі тағы бар... Қысқасы, көп нәрсенің алқақотан айналаң мен адамдардың айнымалы мінезіне, қоршаған ортаң мен қоғамның құбылмалы қалыбына тірелері шүбәсіз.
Олардың бұлай болуына не себеп?
Әлде... Кешегі талаптан бүгінгі талап өзге ме? Әлде кешегі көзқарастан бүгінгі көзқарас басқа ма? Кешегі мақсаттан бүгінгі мүдде бөлек пе?!
Биліктің көзі не дейді? Байлықтың тезі не дейді? Халықтың сөзі не дейді?
Міне... Мәселе қайда жатыр? Жаңарып жаңғырған Уақыт десінде ме? Әлде... Кеңістік көшінде ме? Біздің ақын – адам – қайраткер Нұрлан туралы өз ой-пікіріміз- ді осындай ойлар өрісінен іздей отырып, өзгеше үлгіде бастауымыздың себебі де жоқ емес. Отыздағы Нұрланнан елудегі Нұрланның озықтығы, социализмде өмір сүрген Оразалиннен егемен елдің еркін ойлы Оразалиннің өзге екендігі, балаң ақын Нұрланнан басалқалы қалам қайраткері Нұрлан Мырқасымұлының кең ойлап, кең пішері онша дәлелді тілемесе керек. Сондықтан да біз өмірдегі Нұрлан мен өнердегі Нұрланды жүріп өткен белестеріне қарай, нақты уақыт кезеңдеріне сай бөліп, саралап, талдағанды жөн көрдік...
1.
Алайда... Ақындықтың стихиясы мен өнердің жаратылысы көбіне-көп өмір заңымен үндесе, үйлесе бермейді... Кереғар түсіп, қайшы келіп жатады.
«Поэзия – қашанда белгісіздікке сапар» деп Владимир Маяковский айтқандай, ақын шығармашылығы – ол егер шын ақын болса – үнемі құпияларды ашу, жаңалық тудыру, соны әлем түзу болып келері хақ. Сондықтан да көп қырлы, алуан сырлы кейіпкеріміздің Адам, Азамат ретіндегі шалқар әлемін зерделеуге көшкенде, алдымен «Жас Нұрлан, жиырмадағы Нұрлан – қандай ақын?» деген сұраққа жауап іздеуден бастағанды орынды санадық. Егер, ақиқатына көшсек, «желп-желп етіп желегі, менің жиырма жасым келеді…» деп алабұртқан бозбала мінезді Жас Нұрлан болмаса, аузынан сөз бора- ған, отауыз, орақ тілді кейінгі Бас Нұрланды қайдан табар едік?!
Бұл жерде әуелі ойға оралатыны – әдеби әлемімізде ақын Нұрлан жөнінде ауық-ауық қылаң беретін бір қасаң пікірдің бары. Бұған бақсақ, «Нұрлан – көп жазбаған, ерте келгенімен, өзін кештеу тапқан, кейін ашылып, әдеби ортаға кейіндеу танылған ақын»... деген ұшқары пікірге саяды. Бір қарағанда, жаны бар секілді көрінуі ғажап емес... Өйткені ол еліміз тәуелсіздік алғанға дейін
«Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық» тәрізді небәрі үш-ақ жыр жинағын шығарған. Және ол жинақтар сол заманның үлгісіне сай жұқалтаң кітаптар. Әрине, бұған Нұрланның кеудемсоқтықтан ада-күде адалдығы мен сыпайы, сырбаздығы, «сыбағам қайда?» деп орынсыз өңештемейтін ұстамды мінезі айыпты деу үстірт пікір. Бұл арада ақын досымыздың өлеңге талапшылдығы мен өзіне деген қаталдығын ескермеу ерсі болар еді.
Нұрланның асығып-алқынбағаны ақиқат. Қарша- дай кезінен өлеңді өнер санаған, әлемдегі киелі ұғым- ның қай-қайсысын да жырға балаған, «оңымнан соққан жел ме екен, солымнан соққан жел ме екен, салғырттау жүрген кезімде сабылып қайдан келді екен?» деп, мына айдай әлемге тұма көзіндей мөлдір романтикамен қараған бозбала-жырдың бөстекі тірлікпен бетпе-бет келуі
«кейіндеудің», «кеш қалудың» ең басты себебіндей болып көрінеді маған. Ақын әсіре-пысықтық танытып, өзін-өзі насихаттаудың кең өрісіне шыға қоймағанымен, қолынан қаламы түспеген, жыр жазуын бәсеңсітпеген… Оны қатар өскен достары біледі. Пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүріп, әр жырының тұңғыш тыңдаушысы болған жары Фаузия біледі. Араға жылдар салып, кеш болса да жарық көрген «Сырнайлы шақ», «Сырғалы түн», «Арғымақ ойлар» соның дәлелі. Бұл жинақтарға енген жырлардың дені – жиырма мен отыздың арасындағы орда бұзар
өлеңдер. Ақынның оттай ыстық жүрегінің лүпілі мен қан тамырының соғысын аңғартар жырларды оқып отырып, осыдан отыз жыл бұрын: «Арнасына сыймай алқынған бұлақ өзенге жетпей тоқтамас. Келе жатқан көктемді ешкім тоқтата алмайды. Сол секілді жас ақынның жанып келе жатқан талабы алау боларына сенгің келеді. Сондықтан да Нұрланды ертеңгі күннің жақсы ақындарының ішінен көргім келеді...», – деп әділ жазған Тұманбай ақынның араға жиырма жыл салып: «Нұрлан алдаған жоқ. Тек бір өкініштісі
– ақын ініміз жырға келгенде тым талғампаз болып шықты. Ақындық деген ақ қағаз бетінде күнде майдан ашу екеніне ол сенбеген секілді. Содан соң бел шешіп, белсенбеген секілді.
«Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық» деп аталатын жыр кітаптарының арасы тым қашық. Тым ұзақ. Әрине, бұл тұстарда ініміз драматургияға барды...», – деп жазған әділ сөзі жадыңа еріксіз оралады.
Әсіресе аға ақынның, ұстаз ақынның осыдан отыз жыл бұрын тап басып, тауып айтқан лебізі: «Келе жатқан көктемді ешкім тоқтата алмайды. (редактор кезінде алып тастаған мына сөзін қоссақ). Осы бір жаста Мұқағалидың еркін самғайтын қырандығы бар» дегені әділ де әдемі еді. Сол кез үшін «артықтау», алайда ақиқат, көреген пікір-тін.
Біз өз басымыз Нұрлан қайсы бір құрдастарындай алып-ұшып, жиі жазып, асығыс жиі көрініп, жиі кітап шығарып, жан-жақты насихатталып көзге түспесе де, оның ақындық қадамының алымды, арынды басталғанын өз кезінде байқап қана қоймай, дер кезінде аңғарған, алғаш пікір айтқан қатар-замандастарының бірі едік. 1979 жылы жазған «Өзіңді өзің таптың ба?» атты мақаламызда көзқарас-танымымызды ашық айтып едік...
Ақиқаты – Нұрлан өзінің алғашқы «Беймаза көңіл» жинағымен-ақ әдебиетке үлкен дайындықпен кел-
ген, қалыптасқан, қарымы мықты шын ақын екенін дәлелдеген болатын. Ол осы жинағымен шынайы ақындық қуат танытқаны даусыз. Иә, ол осы тұңғышы жарық көрген 1977 жылы-ақ қайталанбас өз үні, төл қолтаңбасы, көктемдей балауса, мамырдай балғын өз әлемі бар ақын екенін мойындатып еді.
«Өмірге мынау
өле бір ғашық болмасаң – өлең де, жыр да, болмас ән.
Өзегің талған кезде егер шалғынды кешіп,
шашаны шыққа малмасаң; аязда, қарда тоңбасаң, жауында ойға шомбасаң, сүймесең желді,
мінбесең жүйрік, көрмесең тауды, даланы,
бұрқылдап ізде – жолда шаң — өмірге мынау
өле бір ғашық болмасаң...» –
деген жолдар соның айғағы.
Бұл – жиырма тоғыз жастағы жігіттің жазған жар- қын жыры. Бірінші шумағы да екінші шумағы да – жалғыз-ақ сөйлем... Төгіліп тұрған, тармақтары өр- кеш-өркеш ойларға бағынып, оттыобразды сезім тамшыларынан түзіліп, әртүрлі еркін бунақтар құраған. Ажарлы да айшықты жырды үзіп тастамай, ақ толқын сұлулыққа қиянат жасамай, ары қарай жалғастырсақ
– тағы да осы бітім, осы ырғақ. Бір деммен қағазға құйылған жыр. Оны толық түсіну үшін, бойыңа сіңіру үшін жалғастырмай болмайды:
«Теңізге шулы бармасаң, кәусарын жұтып қанбасаң, көрмесең дауыл,
білмесең үдей, жауынға үрей,
дауылға сүрең салмасаң – өмірге мынау
өле бір ғашық болмасаң...
Сұлулық көріп самғасаң, сол сәтте естен танбасаң, жанарың шоқ боп, жалындап от боп, жалында жоқ боп
жарық дүниеде жанбасаң...»
Дала мен тау... Шулы теңіз... Асау толқын... Дауылға сүрең салған ақын қиялы... Шағын өлеңде осының бар- лығы қамтылған. Түр қуушылық – тіл толқынына, сөз қуушылық сезім жауынына ұласқан. «Өмірге осынау өле бір ғашық болмасаң – өлең де, жыр да болмас ән...» Ән болмаса, бола алмаса жазған өлең-жырыңда қандай мән болмақ?! Ал, өмірді өле ғашық болып сүю үшін – сол өмірді білуің: тауды, даланы көріп, аяз бен қарда тоңып, желді жақсы көріп, тұлпар мініп, теңіздің шуын тыңдауың шарт; тіпті жауынға үрей, дауылға сүрең салып, сұлулыққа естен танып, жанарың шоқ боп, жаның от боп, жалында жоқ боп – жарық дүниеде жануың – өмір сүруің міндет. Ал мұндай күй – осындай жаратылысқа тап болу– шын ақындардың бәрінің басына бір қонар бақ. Ортақ болмыс. Ойлы өлең отты ақыннан ғана туса керек. Міне, сондықтан да аға ақын, қазақ жырының қыраны Қадыр Мырзалиев та кейіндеу:
«Ғашық болсам, боратып өлең жазам, Өлең жазсам –
Жүремін ғашық қандай», –
деген болатын. Міне, осындай керім ойды, кенен сезімді отыздағы Нұрлан ақын да нұрлы айтыпты, ертерек өзгеше жеткізіпті:
«Өмірге мынау өле бір ғашық болмасаң — өлең де, жыр да – болмас ән».
Айтпақшы, бұл – Нұрлан ақынның халыққа мәлім алғашқы жинағының бір жаңалығы, жақсылығы ғана. Ал, «Беймаза көңілдің» оқырманға ұсынар жақсы жыры да, жарқын сыры да мол. Тапқан қазынасы, айтқан базынасы жетіп артылады. Тағдырдың толықсыған таныс- бейтаныс суреттері, уылжыған табиғаттың тамылжыған тамаша сәттері...
Міне, соның бірі – «Қара жорға» жыры. Бойы қалада жүргенімен, ойы, санасы, жүрегі даланы кезген жас жігіттің:
«Келемін кезіп көшені, Ойымда менің – маң таулар, Ойымда менің – маң далам; Қарағайларым, белдерім, Сары адырларым, көлдерім... Есіме түсті
Нағашы атамның қара жорғасы ауыздықпенен алысқан, сағыммен, желмен жарысқан... Толқыдым мұнша мен неге?
Толқыдым бала кезгідей күтетін
Құлағым
қара жорғаны көмбеден...
дүбірге көміліп кетті,
қоңыр белдегі
құлпытас еске түсті де, көзімнен сынап төгіліп кетті.
Көрмедім – сәулелер жанып өшті ме?! Білмедім бейуақыт бұлт көшті ме?!
Жаңбыр жауды ма? Жел есті ме?..»
Жиырма алты жастағы жас ақын қаламынан туған әсерлі, шерлі өлең. Балаң дүние... Балғын сезім... Балалық бал дәуренді сағыну. Өз нағашы атаң өмірден өтпесе де, тап бір өз басыңнан өткендей күй. Қайран Қара жорға! Қайран нағашы ата! Ой кешіп, еміренсең – жаңбырдың жауғанын, желдің ескенін білмей, тебіренеді екенсің?!
Жиырма бес жастың жалыны. Отыз жастың ордалы ойлары. Ақын «Жаңа жылдың түнін» таныстырып,
«Аспан туралы жыр»лап қана қоймай, «Өң мен түсті» бастан кешіреді. «Сөнбейтін отты» тұтатып, «Сантьяго алаңындағы әнді» тыңдатады. Ақынның тақырыптық ауқымы кең ғана емес, талант тегеуріні де бір қиырдан соң бір қиырды қамтып, өрісті, өркенді жырлар мен мұн- далап алдан шығады. Біздің ойымызша, жиырма бестегі жалынды, отыздағы ойлы ақынның өлең әлеміндегі басты табысы – жырларын өмірге өле ғашық болып жазуы, әрбір өлеңін – өмір ақиқатына айналдыруы. Өндірдей өрім, өзіндік өрнек, өміршең өре Нұрлан жырларының өріс-ай- дыны. Осындай сипат, болмыс иеленген өлеңдерді өмірге келтіру «Беймаза көңіл» авторының әбден қалыптасқан, дара қолтаңбасының жемісі. Бұл жырлар – сара соқпақ иесінің – шынайы Ақынның қолтаңбасы. Сөйте тұра, ақын алғанын, жеткенін місе тұтпайды:
«Жүректің жалыны бар да, жалынға малынып ал да, жетеле мені, жолдарым, жетеле
Сағынып алға!» –
деп жаңа асуларды, белес-биіктерді бағындыруды көксейді, мақсат етеді. Бұл қасиет қашанда ізденістің нышанын аңғартып, шығармашылық иесін тыным- сыздық әлемінде, ақынды жыр жаратудағы ашқарақ- тықтың сұрапыл жағдайында ұстары анық. Бұл өсудің белгісі. Алайда біз бұл арада ақынның келесі бел-белесіне беттеп, отызға көтерілген Нұрланның асқан асуларын таратып-танып, талдамас бұрын кері шегініп, әуелі жап- жас жиырмадағы өрімдей ақын Нұрланмен танысқымыз келеді. Жиырмадағы ақын Нұрлан? Мұндай ақын бар ма өзі? Бар болғанда қандай?!
Бұл – ешқандай да көңіл жықпастық емес. Бұл – ай- дай ақиқат, бұл – шынайы шындық. Расын айту керек, бұл кезде әлі Нұрланның азуларын айға білеген біраз қатар-құрбыларының өзі әлі өлең әлемінде жөндеп таны- лып, шынайы ақындық дауыстары байқала қоймаған тұс. «Соғыстан соң туғандарға» асау жырдың бас бермей жатқан кезі... Сол кездің өзінде Нұрлан ақын көзге көрінген, үні бар. Анық.
Міне, осының өзі – ақындықтың стихиясы, өнердің өршілдігі, өлеңнің өмірдің айтқанына бағынбайтыны. Бозбала жігіттің балғын қиялынан мөлдіреп, тұмадай тұнық жырлар туған...
Бұған бақсақ, «Нұрлан ақын ерте бастағанмен, әдебиетке кеш келді, кенже жетілді, көш бастаушылар легіне кейін қосылды» деген әдеби ортаның қасаң пікірін жоққа шығаруға болатынын байқаймыз. Керек болса, мұны алғаш байқататын – осы тұңғыш топтамадағы
«Махаббат деген бұлбұл құс» атты шоғырға жататын үш өлең.
«Қолыңнан, тағдыр, келсе егер, Бөтен жыр маған бер бүгін, сезіммен ғана өлшенер, сенімнің айтар өрлігін.
Бөтен жыр маған бер бүгін, өмірге мынау ғашық тым, айтатын жүрек ерлігін, сүртетін жасын жасықтың...»
Осы үш өлең 1969 жылдың аяғында – желтоқсан айының 2-сі, 12-сі, 20-сы күндері кіндік кесіпті. Бұлардың тақырыптас болуы ғана қызық емес, тағдырлас болуы, татымды болуы да тамаша. Тағы бір таңданарлығы – кілең 2-сі бар күндері – араға 10 күн салып отырып, жиырма күнде жаралуы. Жиырма екі жастағы Нұрланның осындай ойлы да отты жырларды жазуы бізді разы етеді. Талап биік. Сол биік талапқа сай жыр сиқырын игеру міндетін жас ақын жақсы атқарған. Талантты туындылар. Ендеше жиырма екі жас- тағы Нұрланның мұндай мағыналы, маздаған жырлар жазуы – кездейсоқтық па, әлде жас жүректің жалын- отынан жаралған жарқындықтың, дарындылықтың көрінісі ме?!
Осы сауалға жауап іздеу үшін біз ақынның осыдан біраз жыл бұрын жарық көрген «Сырнайлы шақ» атты жинағын қайта оқып шықтық. Жинаққа енген жырлар осы дүдәмалды жоққа шығарады. Жиырма-жиырма бестердегі Нұрланның шын ақын, шынайы шайыр болғандығын айғақтайды. Бұл – белгілі, белгісіз себеп- термен жиырма бес-отыз жылдай кешігіп жарық көрген, ал ақиқатында ақынның «Беймаза көңілден» де бұрын тұсауы кесілуі тиіс шын мәніндегі тұңғыш жыр жинағы екен. Асылы, бұл кітап ақын Оразалин туралы әлгі асығыс пікірді жөнге салып, қара қылды қақ жарғызар тоқтамды пікірге жүгіндіреді. Бұл 1965- 1975 жылдарда оның өз қатарының көшбасшы ақын- дарының бірі болғанын аңғартатын ақиқат. Бұл асыра айтқандық емес.
Енді әлқиссаны жиырманы қойып, он сегіздің ойынан бұрайықшы.
Сағыныш – ғажайып күш білем, Көңілдің жаңа атқан бүршігі, Жөңкілген жұмыр жер үстімен тынымсыз жүректің дүрсілі...
Сағыныш – сезімнің қияғы, қиялдың бесігін тербеген.
Сен бар да кеудеме сияды
аспан да, қайың да, жер де, емен.
Бұл – 1965 жылдың желтоқсанында жазылған жыр. Он сегіз жастағы Нұрланның алғашқы өлеңдерінің бірі. Ойлы жыр. Мөлдір сезім. Сурет те, сұлулық та ұшырасады. Толыққанды туынды. Ал, осындай өлең жаза алған жас осал ма?!
Міне, он сегіздің тағы бір өлеңі:
«Көгілдір түнде —
Көк аспан, жұлдыздар көкте тұр тұнып; кеудеме қонып
кеудеммен менің сырласқан, жылт еткен үнсіз жұлдыздың көзі – нұр тұнық.
Көгілдір түнде —
көк шынар,
қай жаққа қарап тұр екен? Арманы, сірә,
оны да күткен көп шығар, сағына күткен
жұлдызым, қайда жүр екен?!»
Мынау, тіпті, «Сағыныш – ғажайып көш білемнен...» де бұрын жазылған балауса жыр. 1965 жылы тамызда ақ қағазға түсіпті. Тіпті бұл – әлі студент де болып үлгірмеген, мектепті жаңа бітірген бозбала Нұрланның өлеңі. Боркемік емес, боз өлең. Боз жігіттің жүрек сыры
– жұлдызбен сырласуы. Көгілдір түн – көк аспан – көк шынар... Жылт еткен жұлдыз. Лүп-лүп еткен жүрек. Жұлдыздай бір қыз. Бәлкім, балғын бойжеткен де емес – бір боз жұлдыз арман...
Жастықтың аты – жастық. Адам тез өседі, өнер жедел жетіледі. Он тоғыз жас. Жиырма жас. Жиырма бір жас. Әрқайсысы – бір өлең. Ой әлемі. От әлемі. Орман әлемі. Отан әлемі.
«Жырла! Жырлай түс! Мұңайма! Ай асты әніңмен құлпырсын.
Жұлдыздар біледі жылай да... Жанарлар жәудіреп, жыр тұнсын...»
(«Жұлдыздар біледі жылай да...»,
наурыз, 1966 жыл).
***
«Арамызда жалғанатын үн бардай, жарықтық Ай, туыпсыңау шалқалап. Жүрек күйін мүлгіп үнсіз тыңдардай, алты қырға әкетердей арқалап,
Ай да бүгін туыпсың-ау шалқалап...
(«Қиық ай», қараша, 1967 жыл).
***
Атағы жоқ Есениндер... жын қысқан... Жаңғырады жатақхана өлеңі.
Менің жиырма жасым мұң құшқан... Түн ортасы...
Көше бойлап келеді. Жауындатып келеді, дауылдатып келеді, ән-жыр кешіп келеді, жаңбыр кешіп келеді,
желп-желп етіп желегі
Менің жиырма жасым келеді...»
(сәуір, 1967 жыл).
***
Жаутаңдаған жаны нәзік «бөтен» қыз, айналдың сен сыңарыма – сырласқа.
Өзгерді өмір... Жолыққалы екеуміз, Жүрегімде – жыр басқа.
Жүрегімде – жыр басқа...
(қазан, 1968 жыл).
Төрт жылдың төрт туындысынан – төрт шумақ. Шалқалап туған ай. Жылай да білетін жұлдыздар. Көшеде жаңбыр кешіп, ән-жыр кешіп келе жатқан жиыр- мадағылар. Жолыққан бойжеткен – жаңа жыр. Төрт сәт. Жастықтың базарын да, әлемнің ажарын да аңғартуға Нұрланның жыр әлемінің көркемдік қуаты жетіп жатыр.
«Сырнайлы шақ» та, «Сырғалы түн» де (жобада екі кітаптың сұлбасы бар) – сұлу шақ. Сұлу жырлар. Жиыр- ма бір жасымен қоштасқан ақын жиырма екіге қадам басты. «Сырнайлы шақтың» соңғы бетін жаба оты- рып, Нұрланның басынан өткен, өзіңнің де басыңнан өткен жастық шағыңды қимайсың... Көгілдір шақпен, көктем шуағымен қоштасасың. Асылы, жас кездегі Нұрлан өлеңдерінде көк түсті көп қолданады. Ақын үшін көк түс – көктем. Алматының көктемі. Ақынның көктемі. (Осы арада Тұманбай ақынның тауып айт- қан «Келе жатқан көктемді ешкім тоқтата алмайды» деген сөзі тағы еске түседі). Міне, дәлел:
«Самалын сүйем даламның, шыңдарға сүйеп арқаны; тұңғиық мына ғаламның артатын жүгі бар тағы...
Озады жүйрік күндерім, басына таудың түнеймін; кеудені керіп үн керім, көктемде қайта түлеймін...
Жазбаған жырлар көп менде, Жырлар да көп-ау жоғалған. ақын боп туған көктемде Ақын боп өлсек жоқ арман...»
(қыркүйек, 1970 жыл).
Жиырма үшке толған ақын қоңыр күзде – қыркүйекте де көктем туралы жазып отыр. Көктем-өлең жазып отыр. Тегін бе? Тегін емес...
2.
Өткен 2006 жылы ақынның «Жазушы» баспасынан үш томдық кітабы жарық көрді. «Таңдамалы туындылары». Жасыл тысты, әсем безендірілген әдемі кітаптар. Көлемі ғана емес, кенеуі де қалың көркем туындылардың таңдамалысы. Шамасы, ақынның өзі өз болғалы шабыт- пен іріктеп, екшеп, ерекшелеп, көңілі толып шығарып отырған томдықтары. Өйткені көз тоярлық сыртынан
– мұқабасынан бастап талғаммен топтастырылған «теп- тегіс жұмыр келген» іші – ақынның жас кезде салған суреттерімен қоса ұсынылған қолжазба өлең үлгілері, эпиграфтар мен сын мақалалар – көңіл тоғайтады. Айналып келгенде, бұл үш томдық – таңдамалы десе таңдамалы – тұтастай алғанда да тамаша, тәуір өлеңдер, татымды жырлар, толымды дастан-драмалар. Мұның өзі аталмыш үш томдықтың ақынның алпысқа келемін
ғой деп шығарып отырған жай жинақтары емес, Басты Кітабы – өзін-өзі сынақтан өткізіп, шығармашылығын таразылауы ғана емес, елінің алдындағы есебі, халқына тартуы екенін де аңғартса керек.
Екіншіден, бұл үш кітапта – мезгілдік сабақтастық, ақындық өмірбаяны: жастық шақ жалыны, орда бұзған отыздың оты, қыр асқан қырықтың қамал алған қазынасы, елінің өрі мен төріне көтерілген елудің ерлігі, алашының алдына шығып, ел ағасы атана бастаған алпыстың ақыл-парасаты бар; міне, сондықтан да бұл үш кітап – ақынның ғана басты кітабы емес, ордалы ойдың, арқалы жырдың жүгін көтерер, қазақ өлеңіне олжа салар ұлттық поэзиямыздың дәуірлік үлгілерінің бірінен екені даусыз.
Сонымен қатар... Бұрын жарық көрмегені бар, жарық көргені бар, «Беймаза көңіл», «Көктем көші»,
«Жетінші құрлық», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», жинақтарының орналасу ретіне, уақытына, жүйесіне көз салып отырып, біз өлең топтаудың өнегелі, мәдениетті үлгісін көргендей болдық. Әрбір кітап бір тарау немесе бөлім, әрі жазылу ретімен ғана емес, ақын жүрегінде орын алу, шығармашылық өмірбаянындағы өз кезек-кезеңімен жайғасқан. Байқап көрелікші: «Сырнайлы шақ», «Сырғалы түн», «Беймаза көңіл», «Жерік түндер», «Үн мен ән» (бірінші томдық),
«Бойтұмар», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат» (екінші томдық), «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Санадағы сарын», «Жанның дауысы» (үшінші томдық). Бірін-бірі қуалап, жалғап-жалғастырып жат- қан жоқ па? Жазылған ай-жылдары жөнінен ғана емес, мазмұндық-мағыналық сабақтастық, идеялық-көркемдік қуат-өсу жөнінен де...
Таңғы шықтай таза, ақ жүрек, адал ақын жанының есейіп-өсіп, ойы толысып, шеберлігі шыңдалып, қарымы қатайып, көзқарасының орнығуы, ел намысын іздеп, жігерін жанып, дала мен ғалам арасына көпір болуға ұмтылуы бекер емес. Бұл – өрісті жырдың, аруақты ойдың ғана қолынан келер іргелі мақсат. Ұлттың мүддесін адам- зат мүддесімен ұштастыру, қазақы ой мен ғаламдық ойды әдемі үйлестіру – үлкен поэзия мен үлкен әдебиеттің ғана айдынына жарасады. Мына үш кітаптан сондай жырдың тынысын аңғарамыз. Сондықтан да «Сырнайлы шағын»,
«сырғалы түнге» жалғап, «беймаза көңіл» мен «жерік түндердің» құшағынан жыр іздеген, «арғымақ ойлардың» ақбозына қонып, қиялымен «жетінші құрлықты» кез- ген, туған елі мен туған жерін «бойтұмар» етіп, көкіре- гіне әлемнің «үн мен әнін» қондырған, «адамзатқа ама- нат» айтар биікке көтерілген, өлеңінің де, өзінің де кіндігін кескен жиырмасыншы «ғасырмен қоштасып» тұрып, «санадағы сарынын» сарқып айтып, «жан дауысы- мен» жыр жаратқан ақын әлеміне риза боласыз. Нұрлан Аспантаудың ғана ақыны емес, Алаштың ақыны дейтін биікке көтерілгенін көресіз.
Біз бұл арада тек ақын Нұрланды айтып отырмыз. Әйтпесе қаламгер Оразалиннің кеңістігі мен шалқары кең емес пе?! Драмашы Оразалин бар, көсемсөзші-жур- налист Оразалин бар. Сыншы Оразалин бар. Бұлардың қай-қайсысы да – оның елеулі, ерен қырлары.
Мәселен, драмашы Нұрлан Оразалинді осал, олқы деп кім айта алады. Кезінде «Шырақ жанған түннің» көрерменін дүр сілкіндіргені есте. «Тас киіктер», «Ақ құс туралы аңыз», «Қилы заман», «Қарымта». Ол осы қиын жанрда да таланттылық танытып, қазақ сахна өнеріне асыл олжалар сыйлағаны мәлім.
Қылшылдаған шақта балалар газеті «Ұланда» қалам тербегенін, қылыштай өткір кезінде еліміздің бас газеті
«Егемен Қазақстанды» басқарғанын былай қойғанда, ол қолықалтеткендеәдемідеәсерлімақалалардажазыпжүре- ді. Жүрегінің нұрын төгіп жүреді. Мәселен, мен жақын- да ғана оның «Егемен Қазақстаннан» «Елжандылық» деген мақаласын оқып сүйсіндім. От пен мұздың, сөз бен көздің ортасында жүріп, ол осындай мақалаларды қа- шан, қалай жазып үлгереді деп таңғаламын. Жазушылар Одағын басқару – от пен мұздың, көз бен сөздің ортасы емей немене?! Әрбір жазушы – бір әлем. Әрбір ақын – бір жанартау. Әрбір сыншы – бір алдаспан. Осылардың жеті жүзінің тілін тауып, ұйымдастырмақ түгілі, бір Нұрпейісов Әбдіжәмілді ортақ іске бұрып, бір Мұхтар Мағауинмен тіл табысып, ұғысып, бір Иран-Ғайыпты икемге келтіріп көр, мықты болсаң. Әй қайдам?! Жеті жүз отты кешіп, жеті жүз еркені жолға салып, жеті жүз тасқынды, кемеңгерді, кесірді басқарудан гөрі мемлекет- ті басқару жеңіл шығар. Өйткені қара халықтың жиырма пайыз дауысын жиып-ақ Мәжіліс серкесін сайлап алуға болады, ал ақын-жазушылардың алпыс пайызының басын қосып, Маркес марқасқа деп мойындатып көр... Жә! Бұл – біз білетін Нұрланның – қайраткер Оразалин- нің тұлғалық бітімін танытар бір қыры.
Ауып кетпей, тақырыбымызға оралайықшы. Сыншы Оразалиннің сұңғыла пікірлері мен қанатты талдаулары қай сыншыдан кем?! Мен бұл арада Нұрланның талға- мын-талабын айтамын... Талап қоя білу – табандылық, ал талғам – талант. Өнерді танымаған, өзіне қатаң талап қоя білмеген, талғамы төмен адамның ақиық Ақын бо- луы екі талай. Турасын айту керек, ақындық пен жазу- шылықтың табиғатын, жаратылысын еш сыншыдан кем танымайды. Бәлкім, кең тануы мүмкін. Әрине, көбіне- көп әріптес, талғампаз, талантты сыншы Оразалинді одақ басшысы Оразалиннің жолға салып, жеңіп кететін кезі бар шығар. Дегенмен, ол сөйлеген сөздерінде, жаз- ған мақалаларында, жасаған баяндамаларында Мұхтар еместі Әуезовпен теңестіріп, ақын еместі Аманжолов- пен шендестіріп, сұрқайлықты сұлулықпен шатастырған, сұмпайыны сырбаздықпен татуластырған емес.
Бұл айтып отырғандарымыз – қаламгер Оразалин- нің сан қырлы тұлғалық сипаттарын қайырып, шола келгенде байқарымыз – оның өз ақындығын қатты қадірлеп, бәрінен де жоғары қоятыны. Шынында да Нұрланға ең жақыны – ақындық қана емес, бәлкім біздің ішімізден ақындыққа ең жақын адам, ақиқаты – ең ақын адам Нұрлан Оразалин болса керек. Оның мына үш томдығының түгел «жыр кітабы» болуы да соның айғағы емес пе?!
Ақиық Қадыр ақын айтқандай:
«Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра», болса, менің досым Нұрлан пайымдайтындай, нағыз ақын да – домбыра. Жиырма бестегі жалын ақын Нұрланды домбыра демей көріңіз. Оның бір ішегі —«Сырнайлы шақ» десек, екінші ішегі
– «Сырғалы түн» екені анық. Өйткені бұл бөлімдегі (дұрысы кітаптағы) туындылар егіздік-етенелік танытып қана қоймай, бірегейлік – бөлекше бітім-саз, жастық наз байқатады. Мәселен, мұның басты бір бедері ақынның досы Әділбекке арнаған өлеңіндегі өрілген өрнектен байқалады. Бұл досы – курстас-құрбысы Әділбек, кейін қазақтың үлкен қаламгері болып қалыптасқан Әділбек Тауасаров шығар деп ойлаймын.
«Жүр, кеттік бірге түзге кең, сағынсын, досым, ел бізді.
Көктемдер өлең іздеген, сағынсын бізді жел күзгі. Қалқып бір ұшып кетелік, қанатты жайып алысқа, жүрекпен жалын от өріп, тіл қатып түнгі ғарышқа... Шаң тіліп байтақ жотаны, тамызда жолдар өрілсін, сағыныштардың от әні
қол бұлғап қырдан көрінсін; Қоңыр үйлердің түтіні, ғимараттар да биік тым, дөңгелек жердің бітімі, дөңгелей берсін сүйіп күн...»
Тағы да сағыныш. Ел, күзгі жел, қоңыр үйлердің тү- тіні, күн сүйген дөңгелек жер... Өлең іздеген көктемдер... Нұрлан үшін дүние суреті мен құбылыстары осылай елестеп, осылай көмкеріледі. Сондықтан да оның «ағады күндер... алғашқы жауған ақ қардай. Арғымақ дәуір зулайды сыңсыған күзгі бақтардай» деген жолдарына сүйсінесіз. Жас қосылып, сана есейген шақтағы мұң- мүдде – басқа, бөлек. Отыздың өріне шыққан адам отқа жана бермей, отбасына қоса Отанын да ойлай бастаса керек. Соның көрініскескінін біз «Жерік түндерден» көреміз. Жаңа Нұрлан – қызық қуған, студенттік шағын сағынған жас жігіт емес, есейген, ел қамын жеп, жұрт жетекшісіне айнала бастаған Азамат ақын.
«Сенімімменен, желігімменен,
жүрек жұлқыған елік үнменен...
«Отыз бір жасың – он сегіз емес» деп,
«ессіздеу сезім – елес» деп,
ақын Нұрланға өзге бір Нұрлан кеп басу айтады төніп іргеден...»
Ендеше отыз екі жастың назары – басқа, жазары – сақа жастықтың үні: жеке бас қамы емес, жұрт қамы. Кешегі соғыс. Бүгінгі арпалыс – рухани айқас.
«Мен – жастықпын! Асуда...
жолда...
белдерде... Канал тартылған шөлдерде, гүлстандарда,
тыңдарда
Мұзды мұхиттарда, сеңдерде... Мен – бармын!
Аязда бармын!
Мамырда бармын!
Шілдеде...
Күндізде бармын, түнде де Әнде де бармын,
сөзде де бармын – мінбеде!..
Өйткені...
Жалында туып, отта өскен, Жүректе – Отан,
көңілде – отән, Мен уақытпен
Төлеген, Баубек,
Бауыржан болып беттескем...»
Бұл енді – жаңа белес. Жаңа ақын – жаңа Нұрлан! 1970 жылдардан асқан, 1980 жылдарға қадам басқан ақын. Өтіп жатқан өмір өзгерістер әкелуде. Өмір – сахна. Адамдар өз рөлдерін ойнап жатыр. Адал бар, арам бар. Ұл келді дүниеге.
«Біле тұрып біреудің алдағанын, сезе тұрып біреудің арбағанын,
иіскеп тұрып ұлыңды – бір жасайсың, естігендей күндердің алдағы әнін...»
Әке бақи дүниеге аттанды.
«Жолаушылап кеткендейсің, жан әке, көк шырағың кеудемдегі сөнбейді».
Сеніп жүрген аға сатады. Дос құбылады. Алайда жақсылық та аз емес. Тарих тіріледі. Тағдыр билейді. Халықты илейді. Ақын арына жүгінеді. Осындайда тегеурінді, телегей сөз туады. Көңілді демдеп, өмірді көркейтетін көркем сөз туады. Халықты қозғап, қоғам- ды өзгертетін, өрге бастайтын жыр жаратылады. Ем сөз. Ер сөз. Ен сөз. Ал, бұл... Саналы тіршілік иесі – адамның тал бесігі, жалғандағы жар бесігі – бір қарағанда алып, енді бір қарағанда адам басындай ғана кішкентай жұмыр Жер шарында небәрі алты құрылық бар. Азия, Африка, Америка, Австралия, Еуропа және Антарктида. Аз. Міне, осы аз алты құрылықты толықтыратын не? Немене? Ол
– жетінші құрлық – жүрек-ақындық әлемі. Өнер – өмір әлемі. Сөз құрлығы. Ақын Нұрлан, міне, енді осындай өз құрлығын – жетінші құрлығын өлеңімен өріп жасауға, жалғастыруға ден қояды.
«Кеудемде менің бұлқынған, бұлақ боп мөлдір жұлқынған; Көзінде ғалам, нұр тұнған, жұлдызды көк боп құлпырған. Жетінші құрлық – жүрегім Сөзіңді сөйле
сыр тұнған...»
Сонымен...
3.
Қырықтың қырқасына, Елудің өріне көтерілген Нұрлан Оразалин – қандай ақын?
Жауапты ақынның жаңа, толыққанды болып жарық көрген «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу» кітаптарынан толық табуға болады.
«Бірақ келер бұл ғұмырдың бар мәні — Өмір сүру (кім-кімнің де арманы).
Заула! Заула!
Ақжал атты күндерім — тағдырымның тұлпар
текті тарланы...
Көзімді арбап көкшіл дала, қыр гүлі, құлағымда – махаббаттың сырлы үні. Биік таулар маған үнсіз тіл қатты:
«Армысың, – деп. –
жұмыр жердің тұрғыны!..» Желтоқсанда орай-борай қар ұшып, пері заман адамдықпен алысып,
асау ғасыр сілкіледі санамды, тамырымда – намыс, жігер, қан ысып.
Өтті боран...
Көктем келді отты үні: тергейтұғын ынжық пенен оттыны; келді кезең ез бен ерді сынайтын, анықтайтын тексіз бенен тектіні,
Басқа тілек, бөтен арман жоқ менде, Сөзім жалғыз жаңа туған көктемге: Бір өмір бер, бір өлім бер, Тәңірім, тура сөйлер ертеңіме, өткенге..».
Тәуелсіздік таңы атардан сәл бұрын жазылған осы өлеңде – ақын жазып отырған кезең-жылдың келбеті ғана емес, келешектің кескіні де бар. Келешектің – әлі келе қоймағандықтан да – кескіні... Жер басып жүрген барша адамның да арманы – өмір сүру десек, сол – не өмір?! Көз арбаған көкшіл даламен, құлақты «алдаған» махаббаттың сырлы үнімен шектелер ме? Азаттықтың адуын үні – Желтоқсан, 1986 жылдың желтоқсаны жетіп, тыныш өмірдің тас-талқанын шығарды емес пе? Сілкінген сана, оянған намыс-жігер, жастардың төгілген қаны – тәуелсіздік таңы. Мұндай көктем келгенде ақынға тек тура сөйлеген жөн. Тура сөйлей алу – Тәңірі тартқан бақ.
Есейген, елінің ертеңін ойлайтын ақын Нұрлан – тәуелсіздік таңының атуына сөзімен селбесіп, егемен- дігіміздің тамыр тартып, бекуіне өзі де атсалысқан ақын, тура сөйлеген суреткер. Оның Махамбет те, Аманжолов та /Қасым/, Абай да, Мұқағали да болғысы келгені рас:
«Көңіл тербеп, кейде қиыр шақырған, кеудем – жалын,
аласұрып «аһ» ұрған... Зармұңымды бөлісетін дос таппай,
алты әлемнің арқажынын шақырған кездерім көп Махамбетше ақырған.
Ойын тербеп кең даланың армұңын, сөзін сұрап жарлы менен арлының, ғасыр жүгін көтермек боп Абайша, ұлы ақынға еліктеген бар күнім,
жүрекке артып жер үстінің бар мұңын.
Жағалаумен қалып қоймай от басын, айтқан ықпай мықтыға сын,
тоққа сын; Шындық үшін шырқыраған сәтім көп, болып кейде жалын сезім, от – Қасым, қажет жерде айтқан ықпай топқа сын.
Кеудесінде – көк пенен жер, бар сағым, тұла бойы тұнып тұрған қарсы ағын... Заманаға Мұқағали тәрізді
Ойын айтып, мұңын айтып баршаның, сөз арнадым,
қайғы жұттым,
шаршадым...»
Қандай бір ақында да – егер ол шын ақын болса
– осындай мектептен өтері хақ. Махамбет болғысы келмеген, Абай болғысы келмеген ақын Қасым деңгейі- не көтерілмейді, Мұқағали деңгейіне маңайламайды. Ең
бастысы – өзі, елдің сөзі бола алмайды. Ендеше ағынан жарылып, адалын ақтарғанда Нұрланның «жас ақын болып ерте, жақсы ақын болып кеш көзге түссе де», осындай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, биігіне – өлеңнің өркенді биігіне еркін самғап шыққаны шындық.
«Бәрі болдым...
Абай болып ауырдым,
Махамбет боп кештім талай ауыр күн. Ай астында енді Нұрлан болып бір, мына тамыз,
қараша-күз,
сәуірдің —
Сөзін айтсам жарар еді Дәуірдің?!»
Ақын үні асқақ, айбынды. Нұрланның заманның сөзін айта бастағаны, Дәуірдің Ақынына айналғаны ақиқат.
«Құралайдың салқынындағы», «Ғасырмен қошта- судағы» қайсы бір жырды, кенеулі өлеңді, кенен дастанды алмаңыз – осыны көреміз. Олары – ұлтқа ұлағат, ұрпаққа
– ұран. Олары – Алашына арнау, Адамзатқа аманат. Бұл кітаптағы жырлар Уақыттың құзырлы, қуатты үніндей естіледі.
Айтпақшы... «Ғасырмен қоштасуы» – түсінікті. XX жүзжылдық өтіп барады. Ал, «Құралайдың салқыны» немене? Кітап аты неге бұлай қойылған? Мұның себе- бін біреу білсе, біреулер білмейтіні анық. Өйткені бұл үшін құралайдың салқынының өзі не екенін білу керек. Құралай – киіктің лағы. Киік мамыр айының басында төлдейді. Сол киіктің жаңа туған лақтары тез ширап, аяқтанып кету үшін мамырдың бірінші онкүндігінде үш күн бойы ауа райы күрт суытып, салқын тартады.
Жылда осылай. Табиғаттың ғажап заңдылығы. Міне, осы үш күнде барлық киік атаулы төлін өргізіп, ұрпақ қосып үлгереді. Өтпелі кезең де тәуелсіздік алған Қазақ Елінің сүрінбей, аяғынан тұрып кетуі үшін Алла тарт- қан осындай Құралайдың салқыны ма екен бұл?! Әлде Нұрлан ақынның азған қоғамға, тозған адамдарға – қамыққан, қажыған халқына қайраттану үшін ұсынған өз
«Құралайының салқыны» ма?
Тоқсаныншы жылдары қазақтың торыққаны да, қорыққаны да ақиқат...
«Көңілдерге кіреуке мұң, енді сыз, асау жүрек бұлқынады – көнгісіз. Қала дала, – құрсауында ғасырдың, Ел ертеңі не болады?
Белгісіз...
Әкім мұңы – қалай жегу тертені, ақын мұңы – қалың елдің ертеңі, пақыр мұңы – тірлік қамы, жан бағу, батыр мұңы – бойын намыс өртеді.
Сатқын мұңы – көзіне қос көрінді, жаттың мұңы – елестетті төрімді, босқын мұңы – туған елдің түтіні, достың мұңы –
сөзден жұрты жерінді... естің мұңы – ой ұшыру ұядан, көштің мұңы – аман өту қиядан...
Қара түнде мұңға батып қарайып, мұң оранып өлең туды сиядан...»
Ақында өткелек кезең, қиынқыстау дәуір көріністерін бейнелеген мұндай өткір өлеңдер көп. Мұңы да мол. Бірақ мақсаты игі, мүддесі асқақ жырлардың көксегені
– ел ертеңі... Түңілсе де, тізе бүккен жоқ. Халқы үшін шалдығып, шаршаса да шарт сынбады. Жырларымен жебеді. Жүрек жылуымен демеді.
Міне, адамның үш тірегі – үш жақыны. Куә боларыңыз: адам басына түскен ажал – ақын жүрегіне батқан қасірет. Ақын үш жақынын жоғалтыпты: Жан әке, жан іні, жан нағашы. Осынау орны толмас, ортаймас қайғышер тек ақын басынан өтпегендей – оқып отырған оқырманның да өзегін өртеп, өкіндіретіндей. Ащы шындықтан, ауыр қайғыдан тұздай ащы, тағылымды жыр өрілген:
«...Тірілермен тіл таба алмай, кейде рас, аруақтармен кездесемін түсімде.
Ортайғандай жылдарымның мол әні, сағынғанда көзге жалын толады; ерте кеткен әкемді іздеп, жабырқап, жүрем кезіп қалың қорым, моланы.
Ақ, қараның айыра алмай анығын, ой кешетін пендесінің жаны – мұң.
Түсімде әркез қыр басынан қабаржып, қарайды үнсіз қыршын кеткен жан інім.
Айқара ашып пальтосының жағасын, тұрады ылғи жол бойында нағашым. Тірлігінде кездесуші ек тым сирек, Өкпелі ме?
Кеш түсіндім бағасын.
Бірі – шерлі, бірі – өкпелі, бірі – үнсіз, таулар қалғып, күрсінеді қыр үнсіз; түсімде ылғи бақ көремін тоналған, арсаарса боп жапырақсыз – бұрымсыз...»
Міне, адамның үш тірегі – үш бақыты: көк орман, кең дала, асқар тау. Ақын туған өңірдің ұлы байлығы, ұлан қазынасы. Нұрлан бұларға жан бітіріп, жырға айналдырып жібереді. Өзі – осы үшеуі, осы үшеуі – сөзі.
«Жаным менің –
көк орман жан баспаған, аспанында күмбірлеп, жалғасқан ән. Сұлу әнге осынау түрші құлақ, ойсезімге шөлі бір қанбас, ғалам.
Жаным менің – кең дала сағым ұшқан, қазүйрегі көктемде сабылысқан.
Көңілімді тербеші, тербе менің!
Беу, тіршілік, сарғайған сағыныштан.
Жаным менің – тау сынды асқаралы, төсі – шалғын,..
ақшаңқан баста – қары.
Көрер болсаң, дүние, кеудемдегі тумабұлақ сол таудан басталады.
Үш ұғымым... Үш сезім...
Үш алаңым...
Аманында мен биік ұша аламын.
Үш қуатым – тұрғанда үш тірегім, табиғаттан таусылмас күш аламын.
Қозғар, бәлкім, қозғамас заманды үнім жасырмаймын – ойлардан алаң күнім. Ай астынан тілеймін үш қуатым: Орман, дала, тауымның амандығын.
Тербер, бәлкім, тербемес ғаламды үнім, (өлең жазып, ұстамас қаламды кім?) Жер бетінен сұраймын жан ұшырып, Орман...
Дала...
Тауымның амандығы».
Біздіңше, бұл – өте мықты өлең. Өрелі, өрісті, өрнекті жыр. Туған жерді өле сүю осындайақ болар. Көк орман, кең дала, асқар тау – ақын көкірегіне көшіп, жанына айналып кетсе, автор кеудесіндегі жыр тумасы, сұлу сезім бұлағы, жалын махаббаты сол тау, сол дала, сол орманнан басталып, сылдырап, сарқырап, жарқырап жатса, енді не керек?! Рас, Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін еске түсіреді. Алайда ол – басқа, бұл – бөлек. Мазмұн – өзгеше, бейнелеу – өзінше. Онымен терезесі тең, керегесі кең туынды. Тек Нұрланша жазылған, заманды қозғап, тіпті ғаламды тербейтін тамаша жыр. Егер заманда – жан, ғаламда – қан болса, мұндайда қозғалып, тербелмесе, олар қашан тірі екенін, бар екенін білдірмек?!
Бұл өлеңдер – ақын Нұрланның Мұқағали қыран- дығын иеленіп, Қасым қуатын сіңіріп, Абай абызды- ғын меңгере бастағанын көрсетеді десек те асырып айт- тық деп ойламаймыз, асылық айттық деп айылымызды жимаймыз.
Міне, заманның – қоғамның үш тірегі – үш бағы; жер, халық, ер. Нар ұғымдарды нақтылай түсіп, Нұрлан
жырымен таныстырар болсақ, оның үш мысалныса- насына ғана тоқталғанымыз жөн шығар. Олар, яғни жеріміз – Қарадала, халқымыз – әрине, Алаш, Еріміз
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сөзімізді ұлы анамыз жерден сабақтайық:
«Бала кезден кезіп, шарлап ой көгін, арманымның жуғам талай көйлегін, Бұғытыдан басталатын әрі ассаң, бұл даланы —
Қарадала дейді елім...
Қарадала – өлең менен ән басы, Көкбастау мен Кеңес, Сүмбе, Жамбасы, Ақсу, Ақши, Шонжы, Сұңқар, Шошанай, Тастықара – дәуірлердің жалғасы.
Қарадала – Шүңгіт,
Көксай – жыр басы, Қарасаз бен Айғайтастың сырласы, Ашаноқы, Қалжат, Құлжа жалғасар, Қулық пен Торайғырдың құрдасы.
Қарадала – күй қанаты талмайтын, Жібек жолы ғасырлармен самғайтын; Сақ, Хұндар мен Үйсіндердің көзі бұл Шығыс пенен Батысты
үнсіз жалғайтын.
Қарадала – Тоғызбұлақ, Өр, Кетпен, Ғасырлардың бел құрдасы ержеткен, Қара халық қара қайғы кешкенде
Қам көңілін қара өлеңмен тербеткен...»
Өлеңді осымен үзе тұрайық. Таулы, сулыөзенді керемет, кең дала. Жетісудың бір құтты қонысы, шұрайлы пұшпағы. Құлагер ақын Ілиястың суреттері көз алдыңа келмесе де, Нұрлан өзінше, кемел жеткізген. Бармасақ та, сол жерде болмасақ та, осы өлеңді оқып Қарадалада болғандай, көргендей күй кешесіз. Асылы, шын ақын, Азамат ақын жерді де жырлауы керек. Онсыз оның шығармашылығының бір қыры, бір тірегі, бір қуаты кем. Нұрлан Оразалин бұл жағынан кедейлік көрсетпейді.
Айтпақшы, осы өлеңде Қарадаланың иесі – қара халық қазақ та бар. Халықсыз жер жетім болса, ақын осы жердің елін жырламай қалай тастап кетсін. Ендеше жаңа өлеңді алға тартып жатпайақ осындағы елмен жүздессек те жеткілікті тәрізді.
«Қаралықтан адакүде салты бар, қонағына құшақ жаяр халқы бар; Қарадала – қара қазақ атауы, Қара сөздің тізімінде малтығар...
Қарадала – бүгінім мен кешегім, Қайыры мол менің өлең төсегім; Қарадала...
Қара теңіз...
Қарақұм...
Қарауыл боп көкірегімнен көшеді үн.
Қарақорым... Қарабұғаз... Қарааспан...
Қараөткелде қара сөзге таласқан; Қара халық – қалың қазақ жұртына
«Қара» атауы Қаратаудай жарасқан.
Қара деген – қалыңдықтың белгісі, қарақұрым жер қайысар ел күші;
«Қара» деген – «Ұлы» атауы көненің. Сөз төркінін білмейтұғын кем кісі...»
Ақын еріксіз тарихқа кетіп, қазақтың қазіргі тағдырын да қамтыған. Қара теңіз, Қарақұм, Қаратау, Қараөткел... Бәрі – қазақ атауы. Қара деген – көненің «Ұлы» деген ұғымы. Ендеше қара халық деген сөз де – қарақұрым халық, Қаратаудай халық деген сөз.
Нұрланның Елбасына арналған «Сенім» деген өлеңінде да халық бар. Мұның өзі заңды да. Ел басшысын өзі басқаратын елінен бөлек жырлау мүмкін де емес, ал мүмкін болса, ол туындыға әлсіздік дарытуы әбден мүмкін.
«Халық деген бір ұлы қалыпшы бар, Қиналса да бәріне налып, шыдар.
Халық аман болса егер, ұл тумай ма Қиынқыстау күндерден алып шығар.
Көкіректі тіледі қат-қабат үн, Мәймөңкелер жайым жоқ, ақталатын. Ел басына сын туды. Серпіл, Аға, Соқты сенің көрінер сәт сағатың!..» –
дейді ақын жүрегі.
Мен кезінде Нұрланның «Құралайдың салқыны» кітабына сын-пікір жазғанымда да осы өлеңге тоқтал- ғанмын. Қазіргі оралуым – қайталау емес. Еліміз тәуел- сіздік алар қарсаңда 1991 жылдың 21-тамызы күні жазылған өлеңде інілік тілек, ізгілік жүрек, азаматтық сенім басым болатын. Қазір сол сенімнің ақталғаны- на, Нұрсұлтан Назарбаевтың елін тар жол тайғақ кешу-
ден аман алып шығып, еңселендіргеніне, қазағының, халқының көңілінен шыққан, әлемге әйгілі Елбасы болып отырғанына куәміз. Ол – елін енді әлемнің озық елу елінің қатарына қосу үшін қажырлы қам-қарекет жасап жатқан Қайраткер.
Ақын жыры бекерге жазылған жоқ. Ақын сенімі ақталды. Алашы кең өріске шықты.
Қош, біз жиырмасыншы ғасырмен қоштастық. Жаңа ғасыр тарих табалдырығынан аттап, төрге озды. Ал, осы өткен жүзжылдықтың басты оқиғасы не? Әрине, біз үшін, халқымыз үшін – Тәуелсіздік. Бірақ тарихымыздағы жаңа дәуірді бастаған бұл ұлы Оқиғаны ысырып қойып, оған дейінгі тоқсан жылды таразыласақ... Ленин жүзеге асырған Қазан төңкерісі ме?! Азамат соғыстары ма? Әлде 1937-38 жылдар репрессиясы ма?! 1939-1945 жылдары болған дүниежүзілік сұрапыл соғыс па? Тың игеру ме? 1986 жылғы Желтоқсан ба?! Дау жоқ, бұлардың бірі де емес. Өйткені большевиктер төңкерісінің кедейлерге бергені көп болғанмен, қазаққа бергені аз. Ал, 1931-32 жылдары болған ашаршылық қазақты шыбындай қырып салды. Мұны айтпау, алапат апат демеу мүмкін емес. Басты зұлмат – қасірет болса, қасірет шығар, бірақ басты оқиға емес. Ұлы майдан ардагерлері кешірсін, 1941-1945 жылдары – Кеңес одағы жүргізген ұлы шайқасты қазақтар үшін Отан соғысы болды деуге бола ма?! Тың игеруді – тілімізді игеріп, арымызды аяққа таптатып, адамдық ахуалымызды мүшкіл еткен кезеңді не деуге болады?! Сонда санамызды сансыратқан, елімізді есеңгіреткен репрессия жылдарының зұлматы алға шығады. Бұлай байлам жасауымызға екінші бір себеп – ақын Нұр- лан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» атты драмалық- эпикалық дастаны десек те артық кете қоймаспыз.
Ол – әдебиетіміздегі үздік үлкен үлгілер – Ілияс Жансүгіровтың «Күйші», Әбділда Тәжібаевтың «Абыл», Мұқағали Мақатаевтың «Моцарт. Жан азасы» тәрізді дастандары қатарын толықтырған, кең тынысты, кенен шығарма. Төгіліп тұрған көркем-туынды. Шабыт- пен жазылғандығы, шынайы жаратылғаны, шалқар бітім танытатыны бірден байқалады. Дастан сюжеті жиырмасыншы ғасырдың әлгі ауыр оқиғаларынан сабақталғанымен, Аспантаулар етегіндегі алпыс үйлі ауыл – оның ортасындағы бір шаңырақ басына түскен осынау нәубет зардабы тоқсаныншы жылдарға дейін созылып, жиырмасыншы ғасыр өнбойында белгі беріп, басты кейіпкерлер – Ана (әрі Айша келін) мен Ұлы (әрі бала Берік) жүрегін сыздатады. Иіс кемпір, Сәнім әжей, Едіге қарт қасіреті, жалақор Қозыбақ жосықсыздығы халық қасіретіне, ғасыр дертіне айналып, адамзаттық мән алады. Басқа көп-көп жаңалықтарын айтпағанда, қазақ поэзиясында жұмақ пен тозақты тұңғыш жырлаған, тамаша жырлаған тек Нұрлан шығар...
«Жасық та бар, батыр да бар, текті, алып, Жүректерін жүрген бір кез кек қарып...
Селт етпестен сезімі өлген, еті өлген келе жатыр қыл көпірге көп халық...
Сескенгендер келе жатыр селбесіп, өштенгендер келе жатыр шер кешіп, таласқандар келе жатыр тәж-таққа, қыл үстімен келе жатыр ел көшіп...»
Басты кейіпкерлерін – Ана мен Баланы «Жаладан» да,
«Наладан» да өткізіп, «Жанталасқа» ұшыратқан, «Жан дауысын» шығарған ақынның осынша азаптан, мазақтан,
тозақтан, тұзақтан кейін де түйіндері, «Арылуда» айтары
– өмір жыры, жер жұмағы.
«Білетінім тұла бойды жандырып, Жер бетінде ғұмыр кешер сән құрып, мың жылдардан келе жатқан
бір дәстүр —
күю, сүю, ұрпақ көру – мәңгілік.
Ой тоқтаса, тамтық қалмас
шын Ардан, ақыл ғана алып шығар мұнардан. Аңғарғаным: қай кезде де қашанда адам үшін Адам болу – ұлы арман.
Көргеннен соң Айдың жүзін, Күн бетін, ата болу, ана болу – міндетің;
ғашық болу, өле сүю – шын бақыт,
ғашық болып көрмегендер –
шын жетім».
Тіпті осы жолдар үшін-ақ осы дастанды оқуға болады, тоқуға болады. Жиырмасыншы ғасырмен қоштасуға да болады. Ананың да, Ақынның да Алашына, Адам затына аманаты – осы.
4.
Біздің осы мақаланы жазудағы мақсатымыз – жас ақын, бас ақын Нұрлан Оразалиннің жемістері мен жеңіс- терін, алған асу-белестерін түгендеу еместігі өзінен-өзі түсінікті болса керек. Тіпті, осы Ақын Нұрланның негізгі
сын-сипаттарын толық қамтыдық деу – тағы қиын. Тек түсін түстеп, оның жиырмада, отызда, қырықта, елуде, алпыста қандай болғанын жалпы аңғартып, таныстыра алсақ та – қанағат деп білеміз. Ал, драматург Нұрлан Оразалин, журналист, сыншы Нұрлан Оразалин туралы ештеңе айта алмағанымыз, оның бұл қырлары туралы сөз кейінгі бір әңгімелердің еншісіне тиетіні дәлел тілемесе керек.
Ал, ендігі кезекте Нұрлан Оразалин – қандай Адам, қандай Азамат қайраткер деген сауалға арнайы тоқталып, біраз сыр тарқатпасақ, сын айтпасақ болмайды. Себебі құрдас қаламгер, дос ақын 60-қа толып жатқанда оның бұл қырларына қысқа да болса нұсқа тоқталып, таныс- тыра кетпесек, ол – оқырман қауымға, халыққа ақынын, азаматын жартыкеш таныстыру болып шығары өз алдына, мұның өзі ақиқатқа қиянат болып қана қоймай, Алашқа да қиянат болары ақиқат. Өйткені мықты азаматтығы жоқ адамның асқақ үнді ақын бола алмайтыны даусыз. Ақиық ақындықтың асыл адамгершілікке, жерін сүйген, елін сүйген ұлы махаббатқа, үлкен Азаматтыққа табан тірері ақиқат. Міне, сондықтан да біз мүшелжас кезінде
- Ердің елге есеп берген белестік шағында қаламгер-
дің қайраткерлігін де – Айдың арғы бетін де асырмай да жасырмай, жақсылығын қажет болса жарқыратып айта кеткен абзал деп білеміз.
Осы жерде алдымен айтарым – мен өз басым Нұрланды отыз жылдан бері білемін. Әрине, бізді табыстырған
- шығармашылық. Бұдан сәл бұрынырақ, дәлірек айт- қанда құрдастарым – Смағұл Елубай, Сағат Әшімбаев туралы мақалаларымда жазғанымдай, мен Нұрлан- мен де алғаш 1969 жылғы суық, қарлы қыста Алматыда
өткен жас ақын-жазушылардың республикалық тұңғыш кеңесінде кездесіп, таныстым.
Мен ол кезде астанадан шалғайда – Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогика институ- тының 4-курсының студентімін. 1965 жылы мектептің соңғы 11-класында оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетінің оқушыларға арналған «Өркен» бетінде қос өлеңім жарық көрген. Әдеби сын жаза бастағаным және бар. Сондықтан да осы тарихи бас қосуға Сыр бойынан өкіл болып қатысқанмын. Екеумізді таныстырған – жерлес жігіт, кейіннен қазақтың талантты ақыны, қаламгері болып қалыптасқан Сейсен Мұхтарұлы. Ол кездері Нұрланның алғашқы өлеңдері де мерзімді басылымдар бетінде жарық көре бастаған.
Көп ұзамай өнер қуып Алматыға біржолата кел- генімде Нұрланмен де ол кезде дуылдап өтетін өлең кештерінде, алуан әдеби жиындарда жиі жолы- ғатын болдым. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Репертуарлық-редакциялық коллегиясында қатар жұмыс істеген кезіміз де бар. Ол бұл кездері қазақ дра- матургиясына қызу араласып, әсіресе «Шырақ жанған түні» – өнер әлемін селт өткізген құбылыс, сілкіндір- ген спектакль болып қабылданып, драмашы-ақынға жұртты жалт қаратқан...
Міне, осы жылдардан бастап оның биік мансап, үлкен қызмет белестері басталды. Театр директоры... Қазақстан Театр қайраткерлері одағы басқармасы- ның бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы...
Мен оның қызметтегі өзім білетін биік бел- белестерін тізбелеп отырмын. Осылардың бәрінде де Нұрланның достарына, әріптестеріне, жазушыларға, қарамағындағыларға ірілік танытқан, өзгеріп «өскен» кезі жоқтың қасы. «Жоқтың қасы» деп отырғаным – ол атқа мінген жиырма-отыз жылдың барлық сәттерінде бірге болдым, хабарласып тұрдық деп айта алмаймын. Ол да ет пен сүйектен жаралған жан ғой, сатып кеткен ағаларына суық қарап, айныған достарына ащы айтқан, біреудің сөздеріне алданып қалып, амалға амал жасаған кездері бар шығар. Алайда мен оның өз тарапынан біреуге қиянат қарекет жасап, зорлық көрсеткенін білмеймін... Менің бұлай дейтін себебім – Ғабең, Ғабит Мүсірепов: «Ақын жүрегінде кек тұрмайды, кек тұрса — қақ тұрғаны...» деп айтқандай, ардан аттау, арамдыққа бару қайсы бір ақын да шығармашылығын аздыратыны өз алдына, жалпы кім-кімнің де өсек, өтірік айтуы, адамға қиянатқа баруы, әріптестеріне арамдық танытып алалауы, алуан айлакерлік жасауы алдынан шықпай, алдына келмей тұрмайды. Әрине, өздері таза еместердің, қызғанышқа барып, аяқтан шалатындардың басқаларға сенбеуі, өмірде адал адамдар бар, әділеттілік бар деп ойламауы, ондай мүмкін емес деп ойлауы – заңды құбылыс. Бірақ бұған бағып өмірде, өнерде тазалық жоқ, адал азаматтар жоқ деу – тағы қисынсыз. Өйткені адамгершілік құрыған, адалдық біткен жерде жақсылыққа да орын қалмақ емес, Өмір де, Өнер де алға баспақ емес. Бұл – біріншіден. Екіншіден, менің Нұрлан досым сияқты үлкен орындарда отырған «қайраткерлердің», мәселен, министрлердің, Мәжіліс депутаттарының, әйтпесе олигарх «Мынаумын- дардың» қарымсыз қадамдарын, алашты алдаған амалда- рын, «Мен – ақылдымын, көпті алдай салайын, оны кім
біліп жатыр?» дейтін алаяқтықтарын, сөйтіп өзімнің кім екенімді, кішкентай кісі екенімді жасырып қалдым дейтін керемет «кемеңгерліктерінің» қоясын ашып, құпиясын білу – соншалықты қиын да емес.
Әсіресе шығарма жазатын адамдардың сырын, халық көзінде жүретін үлкен қызметкерлердің шын болмысын білу, тіпті, оңай. Міне, бұған мысал ретінде Америка- ның алып ақыны Уолт Уитменнің мына бір жолдарына- ақ көз жүгіртіп көріңізші: «Пойми, что в твоих писаниях не может быть ни единой черты, которой не было бы в тебе самом. Если ты злой и пошлый, это не укроется от них. Если ты любишь, чтобы во время обеда за столом у тебя стоял лакей, это скажется в твоих писаниях. Если ты брюзга и завистник, или не веришь в загробную жизнь, или низменно смотришь на женщин, – это скажется даже в твоих умолчаниях, даже в том, что ты не напишешь. Нет такой уловки, такого приема, такого рецепта, чтобы скрыть от твоих писаний хоть какойнибудь изъян твоего сердца». Керемет сөздер, кемел шындық емес пе?! Өмірдің мұндай қақпанынан, халықтың мұндай сынынан ханнан бастап қырық адамды басқаратын қара- шаға дейін құтыла алмайды. Перің де, періштең де, бас- шың да, қосшың да!.. Ендеше алуан-алуан мінезді ақын- жазушылардың ара-тұра дүрсініп: «Мен – Әуезовпін, мен
- Әлімқұловпын (Тәкен), Мен – Шекспирмін, мен – Шерханмын (Мұртаза)» дегеніне сене көрмеңіз, ағайын! Келбетіне көз салыңыз, көзіне көңіл тоқтатыңыз. Сөзін саралаңыз, сұхбатын оқыңыз. Ұлы – кім, ұлық – кім? Алашты аялаушы – кім, адамдарды алалаушы – кім? Адал – кім? Арам – кім? Бәрі анықтала қояды. Мен сондықтан да Нұрлан досымның ақындығына қоса адалдығына да, адамгершілігіне қоса Азаматтығына да
кәміл сеніп, жұрттың көзіне тура қарап айтып отырмын. Тіпті, тікелей дәлел, ашық айғақ керек болса, басты- басты базбіреулерін де мысалға келтірейін.
Бірінші. Кешегі өтпелі, өте қиын – коммунизмді көрге тығып, капитализмді қайта туғызған, халық – аш, қаламгерлер – қайыршылыққа ұшыраған кезеңде қайраткер Нұрлан Оразалин Қазақстан Жазушылар одағын қорғап, қираудан аман алып қалды. Қарқарадай үйін, қайратты үнін сақтап қалды. Рас, мұнысы – өзі үшін де керек шығар. Бірақ ең бастысы – өзгелер үшін
- қаламгерлер үшін. Халық үшін! Мұндағы күрес, қиындықтарды жеңу, құлап жатқан одақты қайтадан нық тұрғызу – аса қиын болғаны, үш жыл бойы күрес: отта, сотта, шотта жүрген жігерліліктен кейінгі жеңіс екені
- былайғы жұртқа белгісіз болғанмен, басықасында жүргендерге әбден белгілі.
Шынында да, бұл – Нұрланның еңбегі ғана емес ерлігі, қызметі ғана емес, қайраткерлігі. Шынында да, қайраткер Нұрлан Оразалин болмаса, біз астам ел Ресейден, пысық Өзбекстаннан, ағайын Қырғызстаннан әулие емеспіз, көптеген нарықшыл қаламгерлердің қалауына көніп, қаламгерлерді қаламайтын биліктің шылауына еріп, одақты таратып, оқырманды жерге қаратып, берекесіз би-қиқымдарға айналып кетер ме едік?! Сөйтіп, кезінде кейбір жазушылардың өзі керексінбеген одақ енді елге де, Елбасына да керек болып тұр.
Екінші. Әуелі менің есіме ертеректе «Лениншіл жас» газетінде еңбек етіп жүргенімде қазақтың Серағаңы – ұлы актер Серәлі Қожамқұловтан сұхбат алып, сол кісіден бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытов туралы алғаш естігенім түседі. «Ол – тұңғыш еуропалық үлгідегі роман жазған, керемет пьесалар жазған ұлы суреткер» – деген-ді. Мен:
«Мағжан туралы құлағдар, Шәкәрім туралы хабардар біз неліктен оның есімін де естімегенбіз» дегенмін. Сонда Серке Қожамқұлов: «Іздеушісі жоқ, гәп – осында» деп еді. Үнемі ізделмесе, халықпен жүздесіп тұрмаса, зерттелмесе, қанша дарынды, қанша қарымды тұлға болса да естен шығады, ұмытылады. Айталық, сүйегіне социализм сіңіп қалған біздер болмасақ, кешегі «күнсіздерге күн болған» кемеңгер көсем Ленинді қазір кім біледі? Дәурені өтті, әділ іздеушісі жоқ. Шопенгауэрді баяғыдан білеміз. Шоқайымызды енді әрең танып жатырмыз. Нақ сол сияқты өмірден ерте өткен қаламдас, халқы үшін қайрат қылған құрбы-құрдастар: сыншы Сағат Әшімбаев, ғалым Алма Қыраубаева, қаламгер-қайраткер Ризабек Әдуов, драмашы Әділбек Тауасаров – егер дос Нұрлан, қайраткер Нұрлан Оразалин іздемесе, қатарластарының басын қосып, бағыттап, арнайы шығармашылық кештер ұйымдастырып, кітаптарын шығартып, елдің есіне қайта-қайта салмаса, ұмытыла бастар ма еді, қайтер еді?! Міне, бұл – достарға адалдық, құрмет қана емес, қазақ әдебиетіне де қызмет ету деп білсек қателеспеспіз.
Үшінші... Жә, мен осы екі мысалмен-ақ шекте- лейін. Әйтпесе ел өмірінде, Жазушылар одағы тыныс- тіршілігіне атап айтарлық, қадап алға тартарлық қайраткер Нұрлан Оразалин ұйымдастырған, мұрындық болған, жүзеге асырған мұндай мүшелтой, алқалы жиын, пәрменді шара, іргелі істер жеткілікті.
***
Әлқисса... Ақын Нұрлан, Адам Нұрлан, Азамат Нұрлан туралы айтылар сөз, қаламгер Нұрлан, қайраткер Оразалин туралы ақтарар сыр қыруар. Құрдас Нұрлан, дос Нұрлан жөнінде ортаға салар ой жеткілікті. Біз соның басты-басты бедерлерін, қадау-қадау тұстарын – негізгілерін ғана қысқа да нұсқа қамтуға қарекет жасадық. Әңгімемізді ақынның жырымен бастап едік, сөздің түйінін де ақын жырымен, жүрекжарды сырымен аяқтасақ дейміз. Нұрланның осыдан он жылдай бұрын, қатар-құрбыларымен жарысып, елудің өріне көтерілгенде жазған бір өлеңі еске түседі. Осы жырды бүгін де, яғни алпыстың асуынан тұрып та қайталасақ еш әбестігі жоқ, жарасар еді деп ойлаймын.
«Кіммін осы?.. Не бітірдім?.. Не істедім?.. Қайсы?
Қане?
Көргенім мен кешкенім?..
Елу жасым – көз алдыңда, ей, таныс, Өзеуремей өзің бәрін екшегін.
Өмірбаян?.. Аса қоймас бір беттен... Қалғаным жоқ қатарымнан, дүрмектен. Озған тұс пен тозған тұсты ел айтсын, Кескінімді көріп тұрсың суреттен.
Тауда тудым... Өзен кештім... Нұр кештім...
Соғыстан соң туғандармен бірге өстім. Ерте ояндым... Мақтандыға санама, айдынымды қозғады ерен жыр-көшкін.
Ғашық болдым. Болдым сосын досқа адал. Ой мен Сезім – қос қанатым, қос қамал. Айтпас ешкім «аттады деп ала жіп», Адалдығым болды өмірде басты амал.
Жау болып та көрген емен кемді күн... Есімде жоқ... Кім жеңілді? Жеңді кім? Бір ақиқат – сатқындармен ешқашан көрген емес қиылысып ендігім.
Отқа түстім. Сан орандым жасынға. Қайғы-шаттық жетеді бір басымда. Күн туса да жүрген емен жалбаңдап, қара ниет қорқаулардың қасында.
Сертке – берік іні болдым ағаға,
жар баспадым, жармаспадым жағаға. Айтар тұста «сөз атасын өлтірмей», айттым, бірақ, асықпадым «бағаға».
Қабағына қарамадым «бай» ұлдың, інілерге айдын болдым – жайылдым. Садақ болып тартылған да кезім көп, кетпеу үшін көмейінде жайынның.
Сабыр, сабыр! Замандасым, бүлінбе!
Өзеуресем – өзегімді тілімде.
Абайлар мен Махамбеттер салған жол, жаздым жырды Жамбыл ата тілінде. Артық-кем сөз айта берсін ел іштен, аярлармен келіспедім...
келіспен!
Өлеңімнің әр жолында – өмірім,
өз тағдырым, бал менен у мен ішкен.
Қоспасы жоқ... Артығы жоқ – еш кемім. Жауап осы сұраққа әлгі: «Не істедім?» Елу жасым – ел алдында.
Ей, таныс!
Ендігісін өзің біліп, екшегін...»
Бұл – Нұрлан ақынның елуінде жырмен өрген шағын өмірбаяны. Арада он жыл өтті. Ақын жыры мен жасы он жылға ұлғайғанымен, оның өмірлік мақсат-мұраты, өнердегі кредосы өзгерген жоқ. Өйткені Нұрлан өмірдің өрінде, жырдың қанатында келеді. Алпыстың арғымағын тізгіндеген ақынның тағдырлы жылдарын тағдырлы жырларынан қиналмай табуға болады. Ағынан жарылып айта білу, соған оқырманы мен көрерменін ұйыту, адамдардың жүрегіне жол салу – өнердің, сол санатта өлеңнің де мұраты. Нұрлан дос, Нұрлан ақын, Нұрлан замандас әмісе осындай биік мұраттар кеңістігінен көрініп келеді. Ұлтымыздың бүгінгі рухани кеңістігінде оның өз өрісі, өз кеңістігі, өз әлемі бары ақиқат. Бұл даусыз ақиқат.
Алпысың – Алаштың тұлғасына айналған жасың құтты болсын, Нұрлан! Алпыс асу – жай адамдарды қайдам, алаш деп ғұмыр кешіп, алаш деп жыр жазған, сол жолда қаламы қолынан түспей, өмірі күреспен келе жатқан Ақын үшін аз жас. Алты он жас – екі отыз, үш жиырма. Алпыста орда бұзу жараспас, елдік ордаларды – жаңа Ой мен Сезімнің ордаларын тігу, құру жарасар.
Ақындықтың Ақ ордасын! Азаматтықтың Алтын Ордасын!
Ақ жол тілеймін, амандық тілеймін, Нұрлан дос! Алла алдағы күндерде де аман жүздесе беруге жазсын!
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ.
Қазан айы, 2007 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter