Өлеңдер ✍️
ТҮС
Жаралғандай бiр ғажайып қиялдан,
қолын бұлғап әкем соққан үй алдан,
бала күнiм жиi енедi түсiме
әжелерден алғыс алған, сый алған.
Бұлқан-талқан тау өзенi тасынып,
тау шыңына таң шапағы асылып,
жасыл бөктер, жасыл шырша, жасыл ән,
жасыл орман, шақырады жас үмiт.
Ой да жасыл, қыр да жасыл түске енiп
(аяқ-қолым кеткен сынды күстенiп),
баяғыдай тiкен басып, су кешiп,
жүгiремiн жалаң аяқ тiстенiп.
Жанарымда – жасыл аспан, көк тұнық,
табанымды шөңге тiлiп, шөп тiлiп,
жүгiремiн биiк тауды бетке алып,
қыран үнi шаңқ етедi көк тiлiп.
Әлденеге құлақ түрiп, елеңдеп,
құшақ жаяр жасыл жыра, белең көп.
Дәл төбемнен шүйлiгедi жасыл құс
жарқ етiп бiр жасындайын өлең боп.
Шүйлiгедi, шеңгелiмен бүредi,
тау басына iлiп кетiп жүредi.
Таудың басы – ақ қар, көк мұз...
Туған үй…
Анам байғұс алып-ұшып жүрегi,
шамын жағып, от тұтатып жүредi.
Жаралғандай бiр ғажайып қиялдан,
жиi шығып әкем соққан үй алдан,
бала күнiм жиi енедi түсiме
аталардан аңыз алған, күй алған.
ақпан, 1987 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter