Өлеңдер ✍️
Аңшы
Айта салар кей адам үлгерем деп бәріне.
Тек, мынаны мойындаған жөн болар:
Барып тұрған жалқау жаның сол болар
Ұйықтап жүрген әлі де.
Ісіңді тез бітіргейсің бастаған,
Жарты жолда аяқсыз қып тастасаң,
Өзің ғана кінәлісің, қасқа, оған;
Соған саяр мысалымның мәні де.
Аңшы асынып оқшантай мен қаруын,
Ертіп және сенімді дос – Гекторды,
Құс атуға ну орманға бет қойды.
Айтқандарды үйде оқтап алуын,
Құлағына қыстырмады ол мұны:
«Қажеті жоқ, – деді ол, – жолым белгілі:
Туғалы одан көргенім жоқ торғай да,
Бір сағат бар – мол қайда!
Жеткенше әлі жүз оқтауға болмай ма?»
Аңшы алаңсыз келеді.
(Әзілдейін деді ме, Қызыр көмек береді):
Көл жағалай
Үйрек деген қаптап жүр.
Оғы болса Аңшы ағай
Салар еді-ау сан үйректі қапқа бір.
Топтап ап,
Жейтін еді-ау апталап,
Шыққан болса мылтықты үйде оқтап ап.
Аңшы оқтауға кірісті тез күйбектеп,
Бірақ, сақ қой үйректер:
Аңшы әуре боп жүргенде,
Улап-шулап со бойда,
Көтеріліп, қош айтысып тоғайға,
Ғайып болды бір демде.
Сандалды Аңшы барғанымен ол қайда,
Кезікпеді торғай да.
Болып тағы сорға тап,
Жаңбыр құйды сорғалап,
Жосыла.
Бітірместен Аңшы түк,
Қайтты суға малшынып,
Бос дорбамен жаншылып;
Бақты бастан тебу деген осы да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter