Өлеңдер ✍️
АҚҚУ-ҚАЗДАР – АРУ ҚЫЗДАР
Шортанкөл, Шабақкөлдiң төңiрегi,
Бiз үшiн шалқып жатқан өмiр едi.
Ақ айдын, аққу-қаздар, ару қыздар, –
Маған сол баяғыдай көрiнедi.
Көңiлiм осы көлге ауды неден,
Қайраңдап қайсы жерде ауды кемем;
Ауылдың екi көзi сияқты олар,
Сияқты қос жанарың жәудiреген!
Мапыраш жайлауы бұл – болған ордам,
Маңайы толған айдын, толған орман…
Сендағы таптың кейiн өз ұяңды,
Менiң де аққуым бар қолға қонған!..
…Ол кезде ойын қуған бiз балдырған,
Жағада жалаңаяқ iз қалдырған.
Шортанкөл толқындары шолпыңа ұқсап,
Арбаған бiр алтын құс жүздi алдымнан!
Болғандай бiр тылсым сыр жолымдағы,
Қапыда ұшты сол құс қолымдағы.
Әуелден бауыр басқан балапан ек,
Япырмау, қайдан шықты көңiл дағы?
Қапыда ұшқан құсым қолымдағы,
Аңшының елемедiң торындағы:
«Көп жiгiт маған ғашық болды»,– деме –
Көлденең көк аттылар оның бәрi!..
Болайық боданыңа бiз-ақ құрбан,
Қай дәурен басымызда ұзақ тұрған?
Iлiндiң сен де аңшының қармағына, –
Жолыңа әрқайсысы тұзақ құрған?
Қанатын iңкәр жүрек сермедi ме аз,
Жарқырап бiз күткендей келмедi жаз.
Бiрi едi Сексенкөлдiң – Шортан, Шабақ,
Iшiнде сексен қыздың сен – қоңыр қаз!
Қайтейiн күйiнгенмен, күрсiнгенмен,
Келедi жырлап бәрiн сыршыл кеудем.
Бiлмеймiн бағыңа ма, сорыңа ма, –
Жолықты жанабыңа бiр сұр мерген!
Шерттi ғой ғашық сырын шерлi Гәкку,
Күйiктен iше алдым ба мен бiрақта у:
Қаңқылдап қарасуда қала бердiң, –
Iшiнде сексен қаздың сен бiр аққу!
Қалып ең сен ауылда, мен – шалғайда,
Серiге сенiммен серт берсең қайда?
Қонды деп қай қиырға қыран құсым,
Зерделi зейiн қойып, зер салмай ма?!
Қалып ең сен ауылда, мен – алыста,
Ауылға келем сирек демалыста.
Жар таңдау, ғашық болу басқа, жаным,
Жастықтың жоралғысын жоғары ұста!
Жар болып, бала сүйiп, толса легiң,
Сенiң де басыңа бақ қонса дедiм.
Менiң де маңдайымда бақ-талайым,
Бар шығар бiздерге де оң сәлемiң.
Жүрсем де шет қиырда, елде – санам,
Қайтедi сағыныш дерт меңдесе адам?
Қанаты талып жеткен хаттарымдай,
Қаздардан сәлем айтам мен де саған!..
Төбеңнен қаңқыл қағып қаз өткенде,
Шымырлап жүрегiңдi мәз еткен не?
Есiңе түстi ме екен сол бiр көктем, –
Жырымды оқып шыққан газеттерге!
Сезiмдер көңiл көлге шым-шым батып,
Есiңе түстi ме екен сыршыл уақыт:
Құл болу құлықсызға құр алданыш, –
Сүйгендi сүйе бiлу бұл – шын бақыт!
Сол қаздар қонды ма екен Шортанкөлге?
Сұғынан кей жаманның қорқам мен де:
Сыбырлап сұлуларға сырымды айтып,
Сол қаздар жеткiзе ме қолқамды елге?!
Сағынтып Сулытомар, Қарашiлiк,
Сабалап қос қанатын аласұрып;
Қайран құс туған жерге асықты ма, –
Бақытқа жетсiн деушi ем бағы ашылып.
Қонды ма Жақыпкөлге, Қазалыға,
Көндi ме жолдың ауыр азабына;
Қалды ма бiреулердiң мазағына,
Алды ма кiр түсiрiп таза арына?
Не дерсiң намыс жеңген назалыға,
Сыңары сынық қанат мазалы ма?
Түстi ме қалың елдiң назарына,
Ауылдың айналды ма базарына?
Қанаты талды ма ұшып әр қияға,
Жақсыны жаманатқа жан қия ма?
Баулыған балапанын бiздерге ұқсап, –
Сол қаздар Ұзынкөлге салды ма ұя!
Айналып соқты ма екен Аяқкөлге,
Кiм оны шығарады аяп төрге?
Садағын кезедi ме бiр сұр мерген, –
Сандалған дауа бар ма саяткерге?
Жарқылдап қонған шығар Жалтыркөлге,
Жалтыркөл маңайы ол да алтын көмбе:
Мұнда да туып едi небiр маңғаз, –
Сүйреген азаматтар халқымды өрге!
Жанардан жас сырғанап асыққан шақ, –
Жүздi ме Шабақкөлде шашып моншақ!
Жағада жас жүректер лүпiлдей ме, –
Шiркiн деп бiз де сондай ғашық болсақ!
Аспандап көрдiң бе елге асыққанын?
Олар да сезедi екен ғашық халiн:
Жағада жас ғашықтар серт қыла ма, –
Қалғанша сендiкпiн деп қасық қаным!..
Бiлмеймiн заман көшi қалай ауды,
Сұм тағдыр құрды бiлем талай ауды:
Кейiн де көлден ұшты небiр аққу, –
Мен үшiн соның бүгiн бәрi аяулы!
Ғашықтың жаны – жара, жүрегi – дерт,
Аққудың амандығы тiлегiм ед:
Салтанат құрған көлде көгiлдiрдiң, –
Қапыда болды-ау тағы бiреуi мерт!..
Айтуға ауыз бармас аса ауыр мұң,
Болдың ба көзден мәңгi таса, құрбым?!.
Аспанда ақ мамығы бұрқ ете қап,
Жарқ етiп жасыны өштi-ау жас арудың!..
Сап болып сұлулықтың сыршыл әнi,
Аруын iздеп айдын тыншымады:
Жетедi құлағыма жер түбiнен, –
Дариға-ай, Шортанкөлдiң сыңсығаны!..
Тiлеушi ем бастарында бақ тұрғанын,
Бүгiн де ұшып жатыр аққуларым.
Солардың сырын шертiп, жырын толғап, –
Жұтамын махаббаттың тәттi уларын!
Махаббат – әрi бағың, әрi сорың,
Бүгiн де Шортан, Шабақ танысы оның:
Айдында – аққу-қаздар, ару қыздар, –
Мұратқа жетсiн дәйiм бәрi соның!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter