Өлеңдер ✍️
САҒЫНЫШ
Өмірден ерте озған аяулы қарындастарға, достарға
Қимастықпен өзіңе хат жазамын, Сағыныш,
Сені ойласам – күнәдан пәк тазамын, Сағыныш;
Сағынышты сезіммен сарғаямын санаммен,
Сарғайғанда шер буып, қатты азамын, Сағыныш.
Сағынғаннан бәріңді деп атадым – Сағыныш,
Тастап кеттің өмірдің неге тағын, Сағыныш?!
Ерте үзіліп өмірден, еңіретіп кетсең де,
Елегізіп іздейді ел, отаның, Сағыныш.
Елеңдескен даламның ерке елігі, Сағыныш,
Сырын енді сол жердің шертеді кім, Сағыныш?!
Жарқ еттің де жоқ болдың, сіңіп қалың мұнарға,
Өзегімді өкініш, өртеді мұң, Сағыныш!..
Жаны нәзік өмірге тым құштарым, Сағыныш,
Ғайып болған бір күнде, жыл құстарым, Сағыныш;
Жан достарың күйзеліп, күңіреніп күйіктен,
Сағымды да сындырып жүр дұшпаным, Сағыныш.
Туған елдің бағына бала емес пе ең, Сағыныш,
Ағаларға алдында қарап өскен, Сағыныш;
Сағым болып елестеп сары белде көлбеген,
Жарқын бейнең жері жоқ санада өшкен, Сағыныш.
Осыншама мұңымды кімге шағам, Сағыныш,
Ойлай-ойлай таусылды мүлде шарам, Сағыныш;
Өздеріңе ұқсаған құралайлар жүр елде,
Болса екен сол елдің іргесі аман, Сағыныш!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter