Өлеңдер ✍️
ЖИРЕН АТ
Ерекеңнің рухына
«Мың жылқы» ма, мына жатқан кең жазық?!
Кең жазыққа шыға келдік бел жазып:
Тау ауасы аңсап келген елге азық,
Сыбыр-сыбыр сыр айтады жел нәзік.
Сайлап қойған сауынды да сойысты,
Қызық-думан, қызып жатыр той үсті.
Қаны қызған, қаумаласқан қалың жұрт, –
Ел назары ат жарысқа ойысты.
– Аттың басын тарта-тарта талды қол,
– Ал, Ақтабан, бұл бәйгенің алды бол!
Тыпыршыған жолың болсын, жүйріктер,
Бақталастар жоқ қой бүгін қанды қол.
– Кетті, кетті! Сол дауысқа қосылып,
Жүйріктер де жұлқи тартты көсіліп;
Делебесін дүйім елдің қоздырып,
Ел мерейін, жер мерейін өсіріп.
Бір айналым өте шықты заматта,
Шын жүйріктер, түсті тағы сарапқа.
Құйрық тістеп келіп қалды бір жирен,
Суырылып дара шыққан қара атқа.
Бұрылыста оза берген ағындап,
Шабысынан әлде оқыс жаңылды ат?..
Шабандозы қала берді шаң қауып,
Өзі кетті қос танауы парылдап.
Ізгі үмітің үзілсе оқыс – сол қайғы,
Өкініштің орны мынау толмайды.
Оқыранып өте шықты жануар,
Амал қанша, аялдауға болмайды.
«Таңба болды-ау!.. таба қылды-ау тамам көз,
Бірте-бірте барады озып баран, боз;
Бағын байлап жануардың, қорламай,
Жетсеңші енді, жетсеңші тез шабандоз!
Бәйгеде сын – басқаларға дес бермеу,
Осы шығар оза шауып, төске өрлеу.
Найзағайдай шықты атылып тағы да ол,
Қайырылмай қалды тағы, бос белбеу.
Озып келу қиын емес пыраққа,
Озар еді жеткізгелі мұратқа,
Озар еді, иесі жоқ даңқтың,
Құны деген көк тиын ғой бірақ та.
Озар еді, намысын кім қорғайды, ә?!
(Бұлбұлыңнан бағы асқан бар торғай да),
«Ер қанаты – тұлпар» дейміз, бұл рас,
Ал тұлпардың қанаты кім! Ол қайда?!.
Ақ сорпа боп қиналғаны кім үшін,
Бүйткен азап, бүйткен мазақ құрысын.
Көздерінен ытқып шыққан ыстық жас,
Жирен аттың қыса берді тынысын...
Қайран тұлпар қамшы басып намысқа,
Болмаған бір салып дүлей шабысқа;
Сағымданған сар даланы бетке алып,
Сол бетінде кетті безіп алысқа.
Қаумаласып озып келген қара атты,
Мұндағы жұрт жүлделерін таратты...
Бас бәйгені алып кеткен жирен ат, –
Көз ұшында ғайып болып баратты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter