Өлеңдер ✍️
ДУМАНДЫ ДАЛА
Құлпырған қараңдаршы дала бағын,
Көктемдей нұрға бөккен бар алабым.
Бақыт та, қуаныш та осы жерде,
Ұрпаққа мирас еткен бабаларым.
Танытып туған елдің шат тынысын,
Тербелген алтын масақ, ақ күрішім.
Қайнары – асқақ арман, ізгі мұрат,
Елімнің ерлігі рас, мәрттігі шын.
Өнбойын таңғажайып жалын өпкен,
Халқымның жүрегі – жаз, жаны – көктем.
Каналдар қан тамыры сияқты алып,
Жан беріп, жапандарды жарып өткен.
Кен толғап Қарағанды шахталары,
Мақпалдай оңтүстігім мақта алабы.
Ғарышқа қанат қағып кемел ойлар,
Старт ап Байқоңырдан аттанады.
Сайраған сыршыл көктем құс тілімен,
Төселіп даласына түсті кілем;
Марқайған Екібастұз мың қаланы, –
Жылытып жүрегінің ыстығымен.
Меруертін керуен-керуен үйіп артып,
Қырманға қыр төсінен құйылар құт.
Тыңымда Тынық мұхит толқын атып,
Қотарған жылда астық миллиард пұт!
Кеудемде толған жігер, толған арын,
Ер жайлы, ерлік жайлы толғанамын.
Дәуірдің жүрегіндей күй толғаған, –
Кен болып ақтарылған домналарым.
Осындай өлкем – ырыс, аймағым бай,
Шалқыған жер жаннаты қайда мұндай.
Шарқ ұрса шаттық әні, ол халқымның
Жасампаз өр рухының айғағындай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter