Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  217


Автор: Нұрлан Оразалин

ДОСТАРҒА НАЗ

Бiрiншi өлең немесе «Әзiл…»
Бiздер үшiн меже де жырақ әлi,
«Жетемiз бе?.. Жетпеймiз...» – сұрақ әлi.
Өздерiңше бөлiсiп жатырсыңдар,
«өнер» деген соғымнан «сыбағаны».
Бiреуiңе-бiреуiң жасап «бүлiк»,
бiреуiңе-бiреуiң «асаттырып»,
ойша бөлiп жамбас пен жаурынды,
қызып жатыр «қан майдан – қасапшылық».
Бiреуге – бас, бiреуге – таяқ тию,
бiреуге – қол, бiреуге – аяқ тию,
қызыл түлкi-фәнидiң салты емес пе,
бiреу үшiн бiреулер «саяқ» кию?!.
Өкiнгендер…
Жетпеген…
Жетiлгендер…
Бiлек сыбап, бел буып, бекiнгендер.
Бәрi… Бәрi жүр мұнда «дәмелiнiң»,
кекiргендер, сөтiнiп-секiргендер.
Амал қанша?!. (Болған соң сана-ғашық).
Үмiт ойды барады ала қашып.
«Алу үшiн» алысып жатырсыңдар
қарақазан-тiрлiкпен жағаласып…
Айтар уәж…
Дау да жоқ…
Дұрыс бәрi…
Дұрыс, дұрыс пендеңнiң тырысқаны,
(ойлардың ұрысқаны,
жүйкенiң құрысқаны).
Мезгiл шiркiн бергенiн қайтып алса,
көзден бұлбұл ұшқаны –
жылысқаны…
Жылысқаны – шын өкiнiш!..
Ең ауыры –
Ертеңiңнiң жазғырып, ұрысқаны…
14 шiлде, 1979 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу