Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  107


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЛАС

Өрліктің мұрат көрем жоралғысын,
Қолыма қайта айналып қонар құсым.
Алатау – бой жеткен қыз,
Бұла Талас,
Сол қыздың тал бұрымы болармысың.
Найзасын өз жауына салған танып,
 Көрмеген шегініп бір жалғанда анық.
Алатау – жаугер жігіт,
Айдын Талас
Жарылған шекесі оның алған таңып.
Жанымның бұл бір шақта қимасы көп,
Жететін жүрегіме күй тасып от.
Алатау – боталы інген,
Шулы Талас
Байланған сол інгеннің бұйдасы боп.
Найзағай оттарынан бұлақ ашқан,
Жатады дүбірінен құлап аспан.
Алатау – арғымақ ат
Құла Талас
Белдеуден шылбыры оның жұла қашқан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу