Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  137


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАТАУ БҰЛАҒЫН ТЫҢДАП БОЛЫП БЫЛАЙ ДЕЙДІ


Табиғат, берсе керек барын маған,
Жақсы ғой жоқ болса да тарынбаған.
Бұлағым – келе жатқан тізгін бермей
Ақ берен ақ арғымақ арындаған.
 Өзіне көрген жоқ ем қара тағып,
Кетсем де бұл жаһаннан дара лағып.
Аттанған жолға суыт жолаушыдай,
Бұлағым менің, әне, барады ағып.
Көрдің бе, барады ағып қыз қылықпен,
Орманның шуылындай күзге іліккен.
Бар нұрын жамыратып толқынына
Қарайды көктегі күн ізгілікпен.
Білгендей кемеңгерлік жайдың барын,
Сілтейді алға оздырып айбынды арын.
Кей сәтте жел –қамшысы үлгереді
Аққудай сызып өтіп айдындарын.
Жанарын нұрға бұрған күнбағыстың,
Астым жер, бөктерім бау, бұлақ үстім.
Сияқты заңғар таудың шөкпейтіні,
Көргем жоқ ерте өлгенін ұлы ағыстың.
Аңсаумен амандығын бар ұяның,
Ұшында тұрмаса деп жар, қияның.
Бұлағым қатты ағуын тоқтатпайды,
Ол құймай айдынына дарияның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу