Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  127


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАРАТАУДЫҢ ҮШІНШІ ЖЫРЫ


Мен білсем барар жерім Ар алды тек,
Самалмен тал-шаштарым таралды көп.
Нар шыңым күн көзіне қол созады,
Кім айтар мені тастан жаралды деп.
Сан биік арманым бар жар құраған,
Төсінен бұлақ ағып арқыраған.
Осынау менің ұлы қарлы шыңым
Самала күн нұрымен жарқыраған.
Бұлбұлым дүр сілкініп бағына ұшқан,
Құланым ақ айдынды қағын құшқан.
Мен де өскен жеміс неге сарғаяды,
Сарғайып жатпасам мен сағыныштан.
Кей сәтте булығып бір күйінемін,
Жанымның тыңдамаса күйін елім.
Ну орман бөктерімде неге өседі,
Жоқ болса тіршілігі дүниенің.
Жайқалған бау-бағым бар бұл кеудемде,
Болмайды өзге ағысты күндеу менде.
Көлеңке бір-біріне түсірмейді,
Шұғыла арасында гүлдеу демде.
Жүрегім қаталдықты кешірмейді,
Күн нұрын аймаламау кесір дейді.
Жаралған қара тастан таулар ғана,
Ешнәрсе бөктерінде өсірмейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу