Поэмалар ✍️
АҚ ДҮНИЕ – АРМАН ЖЫР ҚҰСЫМ
І
Ақ дүние – арман жыр құсым,
Барасың қайда күнде ерте?
Шырақ боп жанып жүрмісің
Қалғыған қара түндерде.
Тыңдағын мені жыр құсым –
Ақ дүние маған мың арман.
Тазартып шыңды жүрмісің
Көгілдір тұман, мұнардан.
Әуелі түсін дұрыстап,
Қалмасын ренжіп бір кісің.
Қолыңа мынау нұр ұстап
Аралап елді жүрмісің.
Көкірек көздің – дүрбісін,
Бағалай білсең жыры көп.
Айдынға қонып жүрмісің
Көктегі Айдың нұры боп.
Жақсыны қорғап өз басың,
Алдынан шығып дананың,
Жүрмісің сүртіп көз жасын
Жалғызы өлген ананың.
Жұлдызы сөніп,
Өмірі,
Алдында көздің тізілген,
Жүрмісің сондай әкенің
Үмітін жалғап үзілген...
ІІ
Ақ дүние – арман жыр құсым,
Барасың қайда күнде ерте?
Шырақ боп жанып жүрмісің
Қалғыған қара түндерде.
Жаңадан туған баланың,
Қол созып жарқын тойына,
Өзен боп мынау даланың
Тарадың қан боп бойына.
Бусантып жонын мұз, қардың,
Жанады сенің көзіңде от.
Он алты жасар қыздардың
Өртедің бойын сезім боп.
Аялап жалғыз үмітті,
Тартардай алға төтелеп,
Он жеті жасар жігітті
Баққа да кірдің жетелеп.
Қызығын кешіп күндердің,
Ешкімге жүрсің кектенбей.
Қауызын ашып гүлдердің
Келесің күліп көктемдей.
Арайлы таң боп атасың
Өмірдің нұрлы бағы үшін.
Дала боп кейде жатасың
Жұлдыздың санап ағысын.
Қағынан безген құланды
Ап келдің қайта шөлдетіп.
Көзді арбап жүрген жыланды
Жібердің шөлге желдетіп.
Қарайды кейде тау саған,
Өсір деп жастың талғамын.
Үйлерді жөндеп қаусаған
Солқылы болдың балғаның.
Адамды көрсең ерте өлген
Тұрасың қара жамылып.
Қасынан үйдің өртенген
Жүресің ылғи табылып.
Айқасып қалған қолдардың
Қазы боп шешіп таласын,
Жалғанбай жатқан жолдардың
Соқпақ боп қостың арасын.
Көгімде ұшқан жыр құсым,
Әнім боп күнде шырқалған.
Міз бақпай шыңдай тұрмысың
Дауылды күтіп бұрқанған.
Сарбаздың сертті сөзінде
Көріндің тудай желбіреп.
Қуанған жұрттың көзінде
Жас болып тұрдың мөлдіреп.
Алдағы күнге кім ие?..
Ол үшін жүрме қиналып.
Жатқандай түгел Дүние
Тыңдауға сені жиналып.
ІІІ
Жорықта жаны қиналған
Ұмтылар жауын жеңсе алға.
Дүние түгел жиналған
Кер дала дейтін кең залға.
Өзгеге селқос көрінем,
Ақ Дүние – сен боп бар арман.
Орын ап залдың төрінен
Тыңдап тұр сені қара орман.
Жазығым жасыл жайды алап,
Оқыдың жырды таң қылып.
Даусыңды сенің қайталап
Көк таулар тұрды жаңғырып.
Ақ бұлақ шауып күлгенге,
Күй тартып кетті жел біткен.
Жыр құмар қауым... білгенге
Шөл дала сынды сел күткен.
Көк қырын шарлап жүрсе әуре
Гүдер де кепті жиылып.
Жанардан ұщқан нұр сәуле
Аспаннан тұрды құйылып.
Көгіңнен тағы жаусын ән
Қуандың Ана туса алып.
Көктем боп ескен даусыңнан
Көк белдер жатты бусанып.
Енгендей ғажап сәніңе,
Келдің бе, құсым, жел беріп.
Кеткендей елтіп әніңе
Кең дала тұрды тербеліп.
Әр күнің жатыр мәнді өтіп,
Ғұмырлы сені етердей.
Жүрмесең құсым әндетіп
Күллі әлем қалғып кетердей.
Осынша құрмет, сыйменен
Сөнбейді сені деп сенем.
Осынша әнмен, күйменен
Өлмейді сені деп сенем.
Ақ дүние – арман жыр құсым!
Ақ дүние – арман жыр құсым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter