Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  278


Автор: Рафаэль Ниязбек

БОЛАШАҚҚА БАРАСЫҢ...

Жұмыр білек бұзылса бірліктері,
Неге азбасын Таластың білікті елі?
Мен жайында көбейді сыпсың сөздер,
Алауыздықты сен келіп тірілткелі.
Тоздырып ең ауданды,
Енді келіп,
Елді ішінен жүрмісің іріткелі?!
Айналмасаң сайқалға, жезөкшеге,
Жүрсің неге жолыма төсеп шеге?
Жан-жағыңа алақтап қарай берме,
Қонған құзғын секілді өлексеге.
Табылса егер өзіңдей жау қасынан,
Неге кетсін ақынның дау басынан?
Үй қалды ма өсек боп сен ашпаған,
Саудагердей жаңылған саудасынан.
Асырмаған бастан сөз – қызба қанмын,
Кетер деме қолында ұстағанның.
Ақында, айтшы, әкеңнің құны бар ма?
Қылпып тұрған жүзіндей ұстараның.
Ағаш оқты сен атқан – мен де атамын,
Шерлі өзендей шегінбей кекті ағамын.
Жұрт алдында кешірім сен сұрайсың,
Ұлы болсаң егерде текті атаның.
Мен кешірмей –
Сөз естіп жиі еліңнен,
 Қарғыс естіп нағашы, жиеніңнен,
Болашаққа барасың қара бет боп,
Қара таңба бір өшпей сүйегіңнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу