Өлеңдер ✍️

ЖАЗЫҚСЫЗДЫ ЖАЗАЛАУ ӨНЕГЕ МЕ?
Шығып әлі көрмеген көк төбеге,
Ағайынға дейді жұрт өкпелеме.
Өкпелемей қайтейін май құйса егер,
Отқа оранған онсыз да өрт денеге.
Еріккенде ататын көздеп мені,
Қара мылтық өздерін оқ көре ме?
Нысана етіп көздесе жарық айын,
Арғымақтай мен неге арымайын?
Ұсақ жандар ұлық боп,
Жұртым түгел
Ұсақталып үлгерген тарыдайын.
Күмбірлеген күй тартып, жыр ұнатқан,
Биігінен бұл елді кім құлатқан?
Кім ойлаған жұрт бұлай тозады деп,
Арғымақ ат өсіріп, жылқы баққан.
Тізгін тисе көр кеуде жабыларға,
Ақылды ел де жолынан жаңыла ма?
Жұртым егер кетпесе ұсақталып,
Шиебөрі секілді жабыла ма?!
Шөкелеме,
Ақынды төпелеме,
Бір биігің болмасын төбе неге?
Сталиннің ұстанып қанды жолын,
Жазықсызды жазалау өнеге ме?!
Жұрттың қалай көңілін сен табасың?
Қамал көріп сен мені алынбаған,
Жасамақсың шабуыл тағы маған.
Ойлы елімнің сен едің бір ойсызы,
Атқа мінсе атасын танымаған.
Күндер қайда маздаған шырақтайын,
Неге ендеше қанымды тулатпайын?
Әкім болып ауданды басқарғанда,
Сен емес пе тоздырған тулақтайын.
Құнаныңа, жем болып дөненіңе,
Байлығыңа,
айналған қорегіңе,
Тоздырғанға еліңді намыстанбай,
Қозды неге намысың өлеңі ме?!
Кісі тартып сендейлер өз жағына,
Қарақшылық жасауда сөз бағына.
Өлеңіме бетке айтқан есектікті,
Намысыңның таңданам қозғанына,
Намыстанбай жұртыңның тозғанына.
Ей, сұрқылтай сен сонда кім болғаның?
Кімге дәрі ісініп, құр толғаның?
Жұлымырдың ақынға қол көтерген,
Көрсең, айтшы, тірлікте бір оңғанын?!
Жоғалғанда көгімнен сұр бұлт тарап,
Ақынынан безінсін кім сырт қарап?
Таратпас ең улы сөз,
Кетпесе егер,
Шұбар жылан жағыңа жұмыртқалап.
Көкірегім – мекені жыр-атомның,
Егескенде дауылмын,
Сұрапылмын.
Кінәлама сен мені,
өспесе егер,
Мұнарасы биіктеп мұратыңның.
Жұрттың қалай көңілін сен табасың,
Таба алмасаң көңілін бір ақынның.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇