file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ОТЫЗ ЖЕТІНШІ ЖЫЛ

Адамзаттың,
Ақыл-ойдың алғыры,
Ақындардың қолыңда ма тағдыры?
Ел ішінде сен екенсің, бауырым,
Өсіп шыққан зұлымдықтың тамыры.
Жайсаңдардың сөккен алтын жағасын,
Жауыз қолсың білмей жүрген шамасын.
Есік қағып сыпсыңдаған өсексің,
Тырнап ашып жұрттың ескі жарасын.
Жазықсызды күйдіріп,
Күйе жаққан жаласың.
Қоқыстарын қоғамның,
Артып жүрген шанасың.
Сол қоғамның бір қоқсығы секілді,
Ертең сен де күресінде қаласың.
Басқарғанда елді қашан жарыттың,
Жұртпен бірге өзің қашан тарықтың?
Бәрін түгел сөндіріп,
Көшедегі жарықтың,
Сен емес пе нанын жеген халықтың.
Қыспағына түсіп қатал нарықтың,
Аш-жалаңаш күйімде
Үстінде отырып табыттың, –
Өжет мінез жыр жазып,
Мен емес пе қамын жеген халықтың.
 Әкімдіктің өзің көрдің жемісін,
Тіршіліктің быт-шыт үзіп желісін.
Басқара алмай тоздырып ең ауданды,
Ала тайдай бүлдірмексің ел ішін.
Жұлымырдай жау санаған жақынын,
Неге жұртқа жамандайсың ақынын?
Қарақшы отыз жетінші жыл сенбісің,
Абақтыға жапқан елдің ақылын?!
Көрмеген ем аңға шығып, құс та атып,
Жүрегімді қарыдың-ау мұздатып.
Отыз жеті қайта айналып келсе егер,
Жіберетін сыңайың бар ұстатып.
Өлім сеуіп байтақ өлке, қалаға,
Зұлымдықты көп сіңірген санаға
Улы Сталин –
Пайда болған шығарсың –
Көз алартып түшкіргенде далаға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу