Өлеңдер ✍️

ӨЛЕТІН, СІРӘ, ШЫҒАРМЫН
Жүргесін өжет пішінде,
Пойыздай зулап тоқтамай.
Кімдер жоқ жерлес ішінде,
Мылтығын қалған оқтамай.
Бұрынғыдай өрт боп жанбаймын,
Жүрмегесін бура күшінде.
Аралда қалған жандаймын,
Қара орман елдің ішінде.
Азапқа салса жанымды,
Күймесін неге от дене?
Тірідей ішкен қанымды,
Жерлестер менде жоқ деме.
Жатсын деп мұзда тайғақтап,
Жете алмай жасыл белеңге.
Сыртымнан сұмдар ғайбаттап,
Жамандап қойған мені елге.
Тараған өсек далаға,
Қоңырау үнді терме ме?
Шындыққа сенбей,
Жалаға
Сенеді, айтшы, ел неге?!
Өсекке сенген жұртымды,
Түзейтін кім бар бүгінде,
Жүрегім тулап бұлқынды,
Шыңыраудың терең түбінде.
Арыстан елім болғанда,
Болмас ем пенде сормаңдай.
Басыма бақыт қонғанда,
Өртеніп жаттым ормандай.
Арыстан неге болмасын?
Арыстан кеуде елде өскен.
Ақыны неге сорласын?
Қысастық көріп жерлестен.
Әділдік, ардың жоғынан,
Булығып өскен шынармын.
Күншілдің атқан оғынан,
Өлетін, сірә, шығармын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇