file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  218


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҰРЫЛАРЫ КӨП БОЛҒАН ҰЛЫ ЕЛДІҢ ДЕ


Туысым да, ақеділ нағашым да,
Ғұмыр кешкен Таластың даласында.
Көп болса да ойшылы ойлы елімнің,
Миғұласы жоқ емес, нанасың ба?
Егінде өскен арам шөп секілденіп,
Қалың елдің кімдер жоқ арасында.
Көрінгеннің ілескен айтағына,
Сайтаны да жоқ емес, сайқалы да.
Бірақ туы желбіреп келеді әлі,
Ойлы елімнің бәйге алып байталы да.
Қадау-қадау жайғасқан кең далаға,
Елім кейде ұқсайды шерлі анаға.
 Ұлдары да жоқ емес,
Айналдырған –
Емхананы ұялмай жемханаға.
Тұла бойын қызыл шоқ қарымаған
Елдер ғана намысын жанымаған.
Шынымды айтсам,
Жоқ емес ұлдары да,
Атқа мінсе атасын танымаған.
Қасиеті жоқ емес құм, белдің де,
Қасіреті жоқ емес гүлдердің де.
Қайран жұртым!
Шамданба ойсызыңа,
Ұрылары көп болған ұлы елдің де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу