Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  177


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЛАМ ЖАЗҒАН ЖЫРЫМА

Жұрт үстінен күн көріп, той тойлаған,
Сұрқылтайлар аз ба елде қойқаңдаған?
Басқара алмай ауданды тулақ етіп,
Сен емес пе ел ішін сойқаңдаған.
 Бұлт құрсанып тұрғанда айлы аспаның,
Маған ауыз салғаның қай сасқаның?
Махамбеттің рухы боп түрегелген
Ақын болса ойланбай шайқасқаның.
Жұлыныңнан кетесің сен үзіліп,
Жұмақ төрі болса да жайғасқаның.
Жыр арнаған ақынды арлы анаға,
Тілдеп сен де мың күнә арқалама.
Бір ауданға тарайды сенің сөзің,
Менің сөзім тарайды сардалаға.
Кісі, сірә, болсам да көзден қалған,
Ақын деме бірақ та сөзден қалған.
Көк бөрі өжет жырларым шамданғанда,
Сендейлерді алқымдап, төстен алған.
Ойлы өлеңім өзіме бақ көрінген,
Кейде қамшы секілді қатты өрілген.
Қалам жазған жырыма,
Сендер тұрмақ
Әлі келмей қанжар да қақ бөлінген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу