Өлеңдер ✍️

ЕЙ, СҰРҚЫЛТАЙ!
Ей, сұрқылтай!
Жүре бер тірі елімде,
Сендейлерді көргенмін,
Білемін де.
Жүзің қандай қап-қара болса сенің,
Сондай қара екен-ау жүрегің де.
Ей, сұрқылтай!
Өнерге жоқ талабың,
Келді, сірә, мені де ноқталағың.
Әлде анаңнан тудың ба қан шеңгелдеп,
Мылтығыңды бұл қалай оқтағаның?
Ей, сұрқылтай!
Ақынға тиіспегін,
Келмесе егер боғыңды иіскегің.
Қасап қара тобырды айдап салып,
Келді, сірә, мені де мүйіздегің.
Ей, сұрқылтай!
Мен неге күйінбейін,
Тартылса да көңілдің күйі кейін.
Қан тілеген тобырды айдап салып,
Шақтыңдар-ау жабылып бүйідейін.
Ей, сұрқылтай!
Сөз қуып селкілдеме,
Неге айдында жүзбесін еркін кеме?
Ішін боққа толтырған сен бір қапсың,
Сауыт бұзар сарыжон мен – бір жебе.
Жұрт құлағын шулатып көтергенше,
Көтермейсің тұрмысын елдің неге?!
Ей, сұрқылтай!
Қасірет сен шегесің,
Қандай зұлым ақырдан жем жегесің.
Жамандықпен дедің бе күн көрейін,
Бір жақсылық қолыңнан келмегесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter