Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  181


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАСЫНА ҚОЙМА СҰМДАРДЫҢ


Мырзалық жасап көрмеген
Сартты да мырза атаған.
Өтірікпен өсіп өрлеген
Алапесті әділ атаған,
 Ағайын, саған не дейін?
Шындықты айтуға келгенде
Тас бітеген аран көмейін.
Орнатпа, мейлі, басыма
Көк тасын ойып шыңдардың.
Қоймаңдар, бірақ, қасына
Алапес сондай сұмдардың.
Қоймаңдар мені өлгенде
Сұмдардың жақын маңына.
Алқынып жетіп көргенде
Жер соқтырып кетер тағы да.
Өзім де қалам аңдамай
Ұрынған жандай жыраға.
Өлгенде тағы алдамай
Ағайын, айтшы, тұра ма?
Жағынып жанын жалдаған
Сұмырай қанша өлкемде.
Тірімді талай алдаған
Алдамасын неге өлгенде?!
Көр де оны түзей ала ма,
Бүкірді небір түзеткен.
Көмсең де алыс далаға
Қарулы жасақ күзеткен, –
Босанып суық көрден де
Жүгіріп ұшып жетпесін.
Арманыма жетпей өлгенде
Тағы алдап мені кетпесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу