Өлеңдер ✍️

ӨҢЕШІНДЕ МЕН ТҰРСАМ ТЫҒЫНДАЛЫП...
І
Жеткен бар ма дүние ұшығына,
Жұрттың бәрі айналған ұршығына.
Жиған-терген байлығың бір-ақ сәттік
Тап келсе егер зауалдың қырсығына.
Туған елдің көңілін зар басқалы,
Қайдан жеткен жылансың арбасқалы?
Жұрттың бәрін жарылқап сен алдайсың,
Секілденіп жұлдызды дара аспаны.
Ақ сайтаны сен едің сайқалдықтың
Ақындардың шаппаған алдаспаны.
Көкірегіңде не пәле туындаған,
Сайқалға да ұқсайсың жуынбаған.
Байталға да ұқсайсың шыбындаған.
Сені көрсем
араға таланғандай
Удай ашып тал бойым дуылдаған.
Шықпағасын кеңсеңнен бағы жанып,
Кім сарсылсын алдыңа тағы барып.
Ит те сенің басыңды мұжымас ед
Алда-жалда тастаса қағып алып.
ІІ
Терін төгіп жаққандар шырақ елге,
Неге туын тікпесін құба белге.
Боқ дүние кімдерге опа берген
Боқ дүние, жігітім, қуа берме.
Ата жолын,
Ар жолын қумағаның –
Қасиет боп анадан тумағаның.
Дүние орнында тұрғанда
Сайқалданып,
Қандай жаман сөзіңде тұрмағаның.
Құт дарытпай қасарған дүйім елге,
Тозақ екен бұл өмір күйінгенге.
Құдіретің жетсе егер
Алдағанша
Тарт та жібер ұн қылып диірменге.
ІІІ
Неден,
неге ақ жолдан жаңылды ерен,
Еңселі елдің ер қайда қамын жеген?!
Нан деп мені жұтқанда бір қақалсын
Кілең басшы халықтың нанын жеген.
Көзден жасы сорғалап жырымдалып,
Мың қақалсын –
Жүрейін қыбым қанып.
Халық нанын жей алмай сорлар, бәлкім,
Өңешінде мен тұрсам тығындалып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter